Қыздар арасындағы республикалық «Жайдарман» турнирі мәресіне жетті
Қазақстан Халық партиясы, Қазақстан КВН Одағымен (Қарағанды филиалы) бірлесіп, Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Offline – Online: шынайы өмір мен әлеуметтік желілер арасындағы өмір» атты республикалық қыздар арасындағы «Жайдарман» турнирін өткізді.

Турнирге республиканың колледждері мен жоғары оқу орындарының қыздар командалары қатысты. Сонымен қатар, бұл шара креативті жастардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік жасап, студент қыздардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және «Жайдарманды» заманауи медиакеңістікте өзін көрсету мен әлеуметтік қарым-қатынастың тиімді құралы ретінде насихаттауға бағытталды.
– Бүгін өткізіліп отырған шара – қыз балалар арасындағы республикалық «Жайдарман» ойыны. Бұл сайысқа еліміздің әр өңірінен келген 9 команда қатысты. Басты мақсат – жастарға референдумның мәні мен маңызын түсіндіру, жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер туралы ақпарат беру және оның қоғамға, әсіресе, жастарға қандай мүмкіндік әкелетінін жеткізу. Сонымен қатар, жастарды саяси науқанға белсенді қатысуға шақыру да маңызды міндеттердің бірі. «Жайдарманның» тақырыбы – «Offline – Online: кино әлемі». Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық дамуға ерекше мән беріп, жасанды интеллект бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырғаны белгілі. Бұл бағыт Ата Заңда да өз көрінісін табуда. XXI ғасыр жастарының бағыты қандай, олардың өмірге деген көзқарасы қалай қалыптасып жатыр, сондай-ақ, 15 наурызда өтетін референдумға қатысты пікірлері қандай – міне, осының барлығы бүгінгі басқосудың маңызды тақырыбының бірі болды. Бұл тек өнер көрсетумен ғана шектелмей, жастардың бағыт-бағдарын айқындап, олардың ой-пікірін ашық айтуына мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды, – деді Халел Мақсұтов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама әйелдердің қоғамдағы рөлін қолдауға және қыздардың белсенділігін арттыруға бағытталған. Жаңа Конституцияда отбасылық құндылықтарға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Онда неке – ер мен әйелдің ерікті одағы екені нақты көрсетілген. Шараның басты мақсаттарының бірі – жастарды қолдау. Мұндай сахналық алаңдар жастарға өз ойын ашық айтып, шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік береді.
– Бұл іс-шара облысымызда алғаш рет өткізіліп отыр. Ерекшелігі – «Жайдарман» ойыны тек қыздар командаларының арасында ұйымдастырылуда. Аталған шара 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі аясында Қазақстан Халық партиясының қолдауымен өтуде. Мақсат – жаңа Конституцияға қатысты өзгерістерді жастарға түсіндіру, оның маңызын жеткізу және жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу, – деді Қарағанды «жайдарман» лигасының редакторы Ержан Қалдымұрат.
Бағалау критерийлері ретінде материалдың креативтілігі мен бірегейлігі, тақырыпты әзіл арқылы ашу, сахна мәдениеті мен ойыншылардың артистизмі, командалық үйлесімділік, сондай-ақ, импровизация жасау және көрерменмен байланыс орнату қабілеті қарастырылды. Барлық командалар қатысқаны үшін дипломдармен марапатталды.
Жамал Советқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»



