Жаңалықтар

Жастар жұмыссыз жүрмеуі тиіс

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Аталған жиынға қатысушылар аймақ жастарының арасында жұмыссыздықтың кемуіне қатысты атқарылған істерге тоқталды. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар жас кәсіпкерлерге бөлінетін гранттар  және NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыру мәселелерін қозғады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың баяндамасы бойынша, облыста жастардың жұмыссыздығы 4,3 пайызға кеміген. Бұл былтырғыға қарағанда 1 пайызға төменгі көрсеткіш.  

– Сондай-ақ, жастардың еңбек етіп, табыс табуын жақсарту үшін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жастарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу үшін «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары қолданылады. Биыл облыстың жұмыспен қамту орындарына 32 мыңнан астам адам өтініш білдірген (32 028 адам). Оның ішіндегі 12 мыңнан астамы – жастар (12 351). Қазіргі таңда сол өтініш берген жастардың 11 мыңнан астамы (11 880 адам) жұмыспен қамтылды, – дейді басқарма басшысы.  

Сондай-ақ, отырыста жас кәсіпкерлерге қысқа мерзімде кәсіби біліктілігін арттыруға арналған оқу бағдарламалар жайы да баян етілді. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша  қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 335 жасты жіберген. Бұл оқуды аяқтаған жастардың 211-і жұмысқа өз күшімен орналасыпты. Ал, қалған 164-і мекеме көмегінің арқасында жұмыспен қамтылған. Аймақта жастардың өз ісін ашуына толық мүмкіндік жасалады. Жыл сайын берілетін мемлекеттік грантты биыл  343 адам алған. Өңірдің 301 тұрғыны Қарағанды облысы әкімінің грантына  өз өтінімдерін жіберген. Олардың арасынан алдағы уақытта 100 өтінім іріктеліп, жеңімпаздарға 1 миллион теңгеден ұсынылады. Гранттар мал шаруашылығына, құрал-жабдықтар, құрал-саймандар, инвентарьлар сатып алуға, құс өсіруге, өсімдік шаруашылығына, кондитерлік өнімдерге қызмет көрсетуге, массаж бөлмесіне, клирингтік қызметке, мал өсіруге, балалар киімін тоқуға, суши, рулет және пицца жеткізуге беріледі. Мысалы, Абай ауданы, Дубовка селосының тұрғыны Айгерім Дәуренбекова биыл «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытудан өтіп, «Киімді тігу және қалпына келтіру ательесін» ашу жөнінде бизнес-жоспарын қорғап, мемлекеттік грантқа өтінім берді. Ол өтінішін комиссиялар алқасы мақұлдап, тігін және жөндеу цехын ашты. Ал, жаңаарқалық Гүлім Сейтенова наубайхана ашуға комиссияның мақұлдауын алып, бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар мен инвентарьларды сатып алды. Бүгінде ол наубайхана ашып, пісірген нанын облыс орталығының дүкендерінде сатуда.

– Бөлінген гранттарды орнымен, заңды пайдаланып жатқан жас талапшыл кәсіпкерлер қатары күн санап артуда. Бұл – қуанарлық жағдай. Тағы бір мәселе, көбіне мамандар жас кәсіпкерлердің кәсіптік жобасына назар аудара қоймайды. Жалпы, гранттар жоба мазмұнына, маңыздылығына қоғамға әкелер пайдасына қарай бөлінсе, тың идеялар туары анық, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов. Кездесуге қатысушылардың көбі бұл ұсынысты қолдап, қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейтуді және бүгінгі күні шын мәнінде өзекті бизнес-идеяларды іріктеуді сұрады. Облыс әкімі өз кезегінде бұл ұсынысты қолдап, грант түрінде бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тапсырды.

– Аудан-қала әкімдеріне жұмыспен қамтуды оңтайлы үйлестіруге және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, жастарды жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тартуды тапсырамын, – деді Жеңіс Махмұдұлы. Сондай-ақ, Біржан Әлімжанов NEET санатындағы жастарды тек жұмысқа орналастырып қана қоймай, оларға өз білімдері мен идеяларын іске асыруға бағыт-бағдар беру керектігін алға тартты. Қиын жағдайға тап болған адамдар үшін психологтар мен жаттықтырушылар тарапынан да кеңестер берілуі тиіс деген ой айтылды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button