АймақҚарағанды

Жастар жұмыссыз қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жұмысқа орналастыруды негізгі міндет ретінде атап өткен. «Жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асады. Біздегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек. Олардың қайсысы нақты жұмыс істейді, қаншасы жүзеге аспай жатыр? Осыларды қайта қарау қажет. Бұл мәселені ұдайы назарда ұстау керек» деп атап өтті.
Облыстағы колледж түлектерін жұмысқа орналастыру – білім басқармасының жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі.
Биыл колледждерді 10 051 түлек аяқтады. Бүгінде 52 колледж жұмыс істейді, оның 36-сы – мемлекеттік. Оқу жылындағы контингент 32 мыңнан астам студентті құрады.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Жастар және еңбек нарығы

Бүгінде аймақта 24 848 түлек мемлекеттік білім беру тапсырысымен білім алады. 29 колледж Қарағанды қаласында, 15 колледж моноқалаларда, 8 колледж ауылдық жерде орналасқан. Бүгінде кадр даярлау 126 мамандық және 178 біліктілік бойынша жүргізілуде.

Өткен жылы облыс колледждерін бітірген түлектерді жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту деңгейі 90,8% құрады. Ал, мамандықпен жұмысқа орналасу облыс бойынша орташа есеппен – 55,5%. Дуальды оқыту жүйесінде 2 376 адам оқыса, оның көбі жұмыспен қамтылды.

– Жүргізілген мониторингке сәйкес, жоғары жұмыспен қамтылу көрсеткіші денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз етуде – 71,7%, әлеуметтік ғылымдар мен ақпарат – 57,7%, ауыл шаруашылығы – 57,2%, өнер және гуманитарлық ғылымдар 53,4% қамтыды.

Сондай-ақ, басқа да салалар бойынша түлектер сәтті жұмысқа тұрды. Инженерлік, өңдеу және құрылыс, қызмет көрсету және білім берудегі көрсеткіш 39,3% құрайды. Орта және төменгі көрсеткіштердегі жұмысқа орналасу ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 39,2%, жаратылыстану ғылымдары мен математика – 33,3%, бизнес, басқару және құқық 26,4% байқалады.

Еңбекке бағыт, өмірге бейімдеу

Биыл колледждерді 10 051 түлек аяқтағанын атап өттік. Облыстың білім басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, 9 307 түлек жұмыспен қамтылды. Бүгінде 5 287 адам алған мамандығымен жұмыс істейді. Ал, 1 065 адам бейінге сай емес жұмысқа орналасса, қалған 2 955 адам жоғары оқу орындарында оқуды жалғастыруда. Нақтылап өтсек, әскери қызметте, бала күтімі бойынша демалыста, уақытша шетелде жүр.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 16 колледжді бітірген 117 түлектің 31-і жұмысқа орналасты. Ал, 9 адам дуальды оқыту және әлеуметтік серіктестер мен колледждер арасында жасалған келісімшарттар негізінде алдын ала жұмысқа орналасты. Мысалы аспаз, электрогазбен дәнекерлеуші, автокөлік жөндеуші слесарь, техник-жобалаушы, техник-механик мамандықтарын игергендер бар. Олар «Арғымақ» автокешені, аяқ киім фабрикасы, Бәйтерек мейрамханасы, «AsiArt» ЖШС мекемелерінде қызмет атқарады.

– Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру мақсатында кешенді шаралар жүзеге асуда. Колледждерді бейіндеу бойынша жұмыс басталды. Бүгінгі таңда Балқаш пен Теміртауда екі ірі колледж қайта құрылды. Бұл дайындық сапасын арттыруға және оқу орындарын өңірдің экономикалық қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік берді. Кәсіпорындардың сұранысы бойынша міндетті жұмыспен қамтуды көздейтін мақсатты кадр даярлау да енгізілді. Жұмыс берушілердің тікелей өтінімдерімен шамамен мыңға жуық студент мақсатты даярлықтан өтуде. Негізгі серіктестер қатарында – Qaz Tehna, Qarmet, ҚТЖ, «Имсталькон» және басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындар бар. Осы орайда кәсіпорындармен 8 мыңға жуық шарт жасалды. Соның нәтижесінде 74 компания колледждерге қамқоршылық көрсетеді, – деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Мамандық таңдау – тұрақты жұмысқа негіз

Бүгінде колледждердің кәсіпорындармен ынтымақтастығы түлектердің сәтті жұмыспен қамтылуына ықпал етеді. Тәжірибе ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Осыны ескерген 500-ден астам студент «Борусан Мокина Қазақстан» ЖШС, «QazTehna» ЖШС және басқа кәсіпорындарда тәжірибеден өтті. Орташа жалақы 65 000-нан 150 000 теңгеге дейін артты.

Білім басқармасы мамандарының сөзіне сүйенсек, Теміртау жоғары политехникалық колледжінің 56 студенті (автоматшылар мен дәнекерлеушілер) «Qarmet» АҚ және «Қазмеханомонтаж» ЖШС базасында дуальды оқыту шеңберінде орташа жалақы алады.

– Сондай-ақ, жазғы кезеңде Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің 6 студенті Түркия қонақүйлерінде аспазшы көмекшісі, даяшы мамандығы бойынша тәжірибеден өтеді. Практикадан өту кезінде студенттер 400 мың теңге мөлшерінде жалақы алатын болады. Жұмыс берушінің есебінен тұрғылықты жері және тамақтануы қарастырылған, – деп атап өтті Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің директоры Құралай Әбенова.

Дуальды оқыту белсенді енгізілуде

Қазіргі уақытта облыстың 38 колледжі даярлаудың осы түріне көшті. Бұл студенттерді қамту 28%-ды құрайды. Кәсіптік білім индустрияландыру және инвестициялық жобалармен тығыз байланысты. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашады. Биыл 21 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз ететін жоспарланған 107 жобаның 39-ы басталады. Бұл жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынасқа ықпал етеді және түлектердің нақты өндірістік ортаға дайындығын арттырады.

– Кәсіпорындардың қажеттіліктерін ескере отырып, кадрлар даярлау бойынша 23 өңірлік жол картасы әзірленген. Бұл түлектердің жұмысқа орналасуын едәуір арттырады және өңірді дамытады, – дейді Гүлбақыт Серікжанқызы.

Дуальды оқытуды атап өткенде, WorldSkills стандарттарына тоқталған жөн. Бүгінде дуальды оқытуда 50-ден астам стандарт интеграцияланған, колледждердің 80%-ы демонстрациялық емтихандарға көшті. WorldSkills стандарттарын қолдану түлектердің дайындық сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін де арттырады.

Жастар мансаптық өсуге дайын

Облыстағы 43 колледжде жұмысқа орналастыру және мансаптық өсу орталықтары құрылған. Олар түлектерге жұмыс іздеуде, кәсіби бағдар беруде және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылда көмек көрсетеді.

– Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында студенттердің кәсіби және кәсіпкерлік дағдыларын дамыту мақсатында студенттік стартап орталықтарын құру белсенді жалғасуда. Өткен жылдан бастап, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсету аясында студенттердің іскерлік ойлауын және практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған «Бизнес Скиллс» жобасы жүзеге асырылуда. Теміртау жоғары политехникалық колледжінде өткен жылдан бастап, студенттік орталық іске асырылуда. Екінші жыл қатарынан республикалық форум өткізіліп, онда студенттер өздерінің ғылыми жұмыстарын ұсынды, – дейді Гүлбақыт Серікжанқызы.

Жақында Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің жанындағы «Нан time» шағын наубайханасы студенттік кәсіпорны ашылғанын белгілі. Колледж шеберханасында қазіргі таңда пайдалы нан, круассан және десерттер жасалады.

Кәсіби бағдарлау сәтті жүруде

Жұмыспен қамтуды арттырудың маңызды құрамдас бөлігі – кәсіби бағдарлауды дамыту. Ол үшін студенттер мен түлектерге өздерінің қабілеттерін, мүдделерін ескере отырып, кәсіп пен оқу орнын саналы түрде таңдауға көмектесетін AI кәсіптік бағдар берушімен «Кәсіпқой әлем» кәсіптік бағдар беру кабинеті ашылды. Кабинетке жаңа кәсіптер атласы, мансаптық өсу және жалақы туралы ақпарат, сондай-ақ, жасанды интеллект ұсыныстары бар тесттер кіреді.

Сонымен қатар, облыста «Profiway» платформасы әзірленген. Ол оқушыларды кешенді кәсіптік бағдарлаудың тиімді құралы ретінде жеке ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіпті саналы түрде таңдауға дайындауға бағытталған.

Ал, алдағы уақытта, яғни, жаз айларының еншісіне мектептерде аграрлық, техникалық, сервистік және медиа бағыттардың 50-ден астам жаңа бейіндік сыныптары ашылады. Бұл орайда 100 мыңнан астам баланы жұмыспен қамту жоспарланған. 4 990 оқушы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. 14 мыңнан астам бала туристік жорықтар, экскурсияларға қатысады.

Жазғы демалыс кезінде колледж жатақханаларында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 70 студент тұрады. Осы санаттағы студенттердің жазғы жұмыспен қамтылуы колледж басшыларының бақылауында.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button