Руханият

Жастар ғылымға бет бұрды

Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының отырысында «Ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындаймыз» деген болатын. Осы орайда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға жастар ғылымының қосқан үлесі» республикалық студенттік ғылыми конференция өтті. Оқу орны ұжымы жиынды қазақтың көрнекті геологы, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арнады.

Суреттер ҚарТУ-дың баспасөз қызметінен

ҚарТУ ректоры Сәуле Сағынтаева еліміздің геологиялық, ғылыми, мәдени және тарихи салаларына қосқан Қаныш Сәтбаевтың баға жетпес үлесін атап өтті.

– Қаныш Имантайұлы Орталық Қазақстанның ғылымы мен өндірісін дамытудың бастауында тұр. Академиктің ізін жалғастырып жүрген университет ғалымдары өткен жылы 1,4 млрд. теңгеден астам сомаға 80 ғылыми жобаны іске асырды. Университет студенттері де ғылыми және зерттеу жұмыстарының бай тәжірибесін ұсынуда Қаныш Имантайұлы есімін үлгі тұтады. Сонымен қатар, бүгінде жастарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «инженерлер, жобалаушылар, агрономдар, бағдарламашылар ұлтына айналуымыз керек» деп атап өткен болатын. Қарқынды даму арқылы ғана елдің тұрақты ілгерілеуі мен технологиялық егемендігін қамтамасыз етуге болады, – деді Сәуле Сағынтаева.

Ректордың айтуынша, қазіргі уақытта университеттің ғылыми ұжымында 30 ғылым докторы, 159 ғылым кандидаты, 78 PhD докторы, 238 ғылым магистрі бар. Соңғы үш жылда 57 жас ғалым диссертацияларын табысты қорғап, PhD докторы ғылыми дәрежесін алған. Бүгінгі таңда университетте ғылыми-педагогикалық магистратура бағдарламалары бойынша 572 магистрант, докторантура бағдарламалары бойынша 115 адам білім алуда. Осы орайда университеттің жас ғалымдарын қоса алғанда конференцияға 817 баяндама ұсынылған. Атап айтсақ, ҚарТУ-дың ТТ-20-1 тобының студенті «Жол-құрылыс техникаларына жасанды интеллекті пайдалану» тақырыбындағы және ГДЗМ-23-2 тобының магистранты И.Егоровтың «Темір жолдардың геодезиялық мониторингінде цифрлық технологияларды қолдану» жұмысы көпшілік тарапынан ерекше қолдауға ие болды.

Университет оқытушыларының айтуынша, оқу орнында Қаныш Имантайұлының ғылым жолын жалғастырушы жастар көп. Бүгінгі таңда университетте 4 ғылыми-зерттеу институты, 12 ғылыми-техникалық орталық және 2 ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Университет ғалымдары инженерлік ғылымдар саласында елеулі іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізеді.

Өткен 2023 жылы ғалымдар 80 жобаны орындау арқылы жоғары нәтиже көрсетті. Бұл ғылымға жан-тәнімен берілген жастардың кәсіпқойлығы ғана емес, сонымен қатар, зерттеу жұмысына деген адалдықтың белгісі. Ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемі 1 469,3 млн. теңгені құраған.

ҚарТУ ғалымдары, сондай-ақ, ғылыми жобаларды өндіріске енгізу жоспарда екенін атады. Оқу орны басшылығы жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша көңіл бөлетінін атады. Мәселен, жақында «Өндірістік процес­терді автоматтандыру» кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторанты және бірқатар ғылыми жобалардың авторы Құралай Тохметова «Жас ғалым» бағдарламасы аясында бір бөлмелі пәтердің иегері атанды.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жас ғалым» тұрғын-үй бағдарламасы аясында университеттің тағы алты жас ғалымына пәтер берілді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button