Жаңалықтар

Жастар талабын шыңдады

    Қазақтың би өнерін саз ырғағына салып, өнер көрсеткен жас өрендер өзара бақ сынасты. Аймақтағы үздік би ұжымдары достықты, қуанышты, салауатты өмір салтын насихаттады.

Осы орайда «Жастар» спорт кешенінде VII қалалық «Бәйтерек» би байқауы өтті. Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын би фестивалі – шығармашылық тұрғыда белсенді ұрпақ қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, балалар мен ата-аналардың бос уақытын ұйымдастыру болып табылады. Байқау балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және салауатты дамуына бағытталғандықтан, көңілді өтті. Әуесқой би ұжымдары шеберліктерін көрсетіп, өзара мықтыны анықтады.

Жыл өткен сайын байқауға қатысуға үміткерлердің саны артуда, мысалы биыл сайысқа 1900-ден астам адам қатысты. Өткен жылы қатысушылардың саны 1700 болатын.

Сонымен қатар, биыл байқауға қатысуға Астана, Павлодар, Жезқазған, Сәтбаев, Шахтинск, Теміртау қалаларынан және Қарағанды облысының аудандарынан өтініштер қабылданды. Тартысты өткен сайыста ұжымдар ерекшеліктеріне байланысты 5 топ бойынша (3-6 жас, 7-10 жас, 11-15 жас, 16-19 жас, аралас топтар) бағаланды. Оның ішінде «Ұлттық билер», «Эстрада билері», «Стильді би», «Шығыс билері», «Классикалық билер», «Бал билері», «Спорттық билер», «Заманауи билер», «Чир дэнс» түрлерінен әр аталымда және жеңімпаздар атаулы кубоктар үшін бақ сынады. Жеңімпаздар медальдар және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, хореографиялық ұжымдардың барлық жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.

Атап өткен жөн, биыл байқау бағдарламасына тұңғыш рет «Болливуд» биі қосылды. Қатысушылар бұл аталымда үнді киноиндустриясының шоу билерін ұсынды. Өңіріміздегі өнерлі өрендердің мың бұралған би түрлерін Алматы және Қарағанды қалаларының хореографтары бағалады. Қазылар алқасы жеңіпаздарды анықтау барысында қатысушылардың қойылымы, хореографиясы, орындау шеберлігі, киім үлгісіне көңіл бөлгенін айтты.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button