Білім

Жастар тәрбиесі – назарда

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде құқықбұзушылықтың алдын алу, академиялық адалдықты нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру және жатақханадағы әлеуметтік ахуалды жақсарту басты назарда. Студенттік өзін-өзі басқару, волонтерлік және дебаттық қозғалыстар белсенді дамып келеді. Жастар арасында «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастыру мақсатында құқықтық мәдениетке ерекше көңіл бөлінеді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Университеттегі әлеуметтік-тәрбие жұмысы студенттердің кәсіби білімін ғана емес, азаматтық ұстанымын, рухани құндылықтарын және әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға бағытталған. Негізгі басымдықтар – құқықбұзушылықтың алдын алу, адалдық пен салауатты өмір салтын насихаттау, жатақханалардағы тұрмыстық-әлеуметтік жағдайды жақсарту, сондай-ақ студенттік өзін-өзі басқару, волонтерлік және дебат қозғалыстарын дамыту.

ҚарТУ-дың әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректоры Абай Қалықовтың айтуынша, «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту үшін құқықтық мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда студенттермен құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен тұрақты кездесулер өткізіліп тұрады.

Қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды бағыттардың бірі. Мамандардың қатысуымен ұйымдастырылатын кездесулерде студенттер қаржылық пирамидалар мен алаяқтық схемаларды ажырату, киберқауіпсіздік және жеке қаржыны басқару жолдарын үйренеді. «FinIQ» республикалық диктантына қатысу арқылы білімдерін жетілдіреді. Зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары мен медицина мамандарының қатысуымен тұрақты профилактикалық кездесулер өткізіледі. Онда психоактивті заттардың зияны жан-жақты түсіндіріледі. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылады. Жастарды радикалды идеологиялардың ықпалынан қорғау мәселесі де назардан тыс қалған емес. Дінтанушылар мен теологтардың қатысуымен өткізілетін кездесулер студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытып, толерантты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. 2024-2025 оқу жылында бұл бағытта 84 іс-шара өткізіліп, 7 633 адам қамтылды.

Студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында университетте 9 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Олардың қатарында «Тенор» вокал клубы, «Гакку» би ансамблі, «SJ dance» тобы, «Ділмәр» шешендік клубы, «Сарыарқа сазы» домбыра үйірмесі, «Самұрық» дебат клубы, «Жайдарман» әзіл-сықақ ұжымы, «Digital» медиа клуб және «OQYLYQ» оқырмандар клубы бар. Бұл ұйымдар студенттердің шығармашылық дамуына және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға мүм кіндік береді. Спорт саласында да университет студенттері жоғары нәтижелер көрсетуде. «University League» футзал чемпионатында «Saginov Jastary» командасы І орынды иеленді. Сонымен қатар, пауэрлифтинг, акробатика, греплинг және гір спортынан әлем чемпиондары да бар. Тәрбие жұмысының маңызды құрамдас бөлігі – «Толық адам» білім беру курсы. Бұл курс студенттерге университетке қабылданған күннен бастап, үздіксіз жүргізіледі. Бағдарлама аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, экология, денсаулық сақтау, тарихи-мәдени мұра және құқықтық сауаттылық мәселелері қамтылады. 2024-2025 оқу жылында 396 академиялық топқа 344 куратор бекітіліп, студенттерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әлеуметтік-психологиялық қызмет те тұрақты жұмыс істейді. Мамандар бірінші курс студенттерінің бейімделуіне көмектесіп, жеке және топтық кеңестер өткізеді. Буллингтің алдын алу және қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша тренингтер ұйымдастырылады. 2025 жылдың төртінші тоқсанында 3 162 адамға психологиялық көмек көрсетілді. Университет өмірінде волонтерлік қозғалыс ерекше орын алады. 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жас Орда» жастар қауымдастығы студенттердің әлеуметтік белсенділігін арттыруда. Оның құрамындағы «Aqniet» қайырымдылық ұйымы әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетіп келеді. Соңғы бес жылда 3 000-нан астам адам қатысқан 11 ірі қайырымдылық жобасы жүзеге асырылды. Донорлық акцияларға 800-ге жуық адам қатысқан.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button