Ресми

Жастар саясаты: кемел келешектің кепілі

Жастар саясаты – еліміздің мемлекеттік саясатындағы маңызды бағыттың бірі. Бүгінгі таңда облыс халқының төртінші бөлігін 14-34 жас аралығындағы жастар құрайды. Бұл – 309 258 адам. Оның ішінде қала жастарының саны – 241 562, ал, ауыл жастарының саны – 67 696.

Сурет: басқармадан алынды

Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жұмыс ұйымдастырылды. Бірінші кезекте, жастарды жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтендіру мәселесін шешу – олардың өзін-өзі табысты жүзеге асыруы үшін көзделген.

Жастар саясатын іске асыруда 14 жастар ресурстық орталығының (1 облыстық және 13 өңірлік) қызметі ықпал етеді. Жастар ресурстық орталығының қызметі психологиялық, заң көмегін көрсетуге, жастардың бастамаларын қолдау­ға, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, іс-шараларды ұйымдастыруға, ақпараттық қамтуға, жастар саясатын іске асыру мәселелеріне талдау жүргізуге бағытталған. Мәселен, балалар үйінің түлектері үшін ЖРО психологтары мен заңгерлері жыл бойы 333 заңгерлік және 370 психологиялық кеңес берді. Сонымен қатар, жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша – 4 949, кәсіпкерлік мәселелері бойынша – 777, басқаларына 2 630 кеңес берілді. Сондай-ақ, кадрлық әлеуетті әлеуметтік қолдауды күшейтумен қатар, 2023 жылы облыс өңірлерінде жастарға арналған жаңа нысандар құрылғанын атап өтеміз. Ақтоғай ауданында коворкинг ашылды. Теміртау қаласында облыс бойынша алғашқы Жастар үйі, Қарағанды медицина университетінің студенттері үшін 400 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде 500 орындық жатақхана құрылысы басталды.

Облыс бойынша жастар арасында мәселелер бар. Олардың ең бастысы – жұмыссыздық және NEET-жастардың үлесі. Статистика органдарының деректеріне сәйкес, 2023 жылғы 3 тоқсанның қорытындысы бойынша NEET-жастар деңгейі 10,2%-ды құрады. Жастар жұмыссыздығымен байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін облыс бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жұмыс ұйымдастырылды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен жастар арасынан 17 313 адам қамтылды, оның ішінде 13 889 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде жастар тәжірибесіне 844 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша – 471 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары бойынша – 26 адам жіберілді.

Жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдер мен жастарды жұмыспен қамту мақсатында облыс бойынша «Жасыл ел» жобасы аясында жұмыс ұйымдастырылды. 2023 жылы 3 000 адам қамтылды (жоспар – 2 375 адам). Алдағы жылы Қарағанды, Балқаш және Теміртау қалаларында құрылыс және педагогикалық жасақтар практикасын енгізу арқылы жастарды маусымдық жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, кәмелетке толған студенттер қатарынан құрылыс отрядтарын қалыптастыру, жазғы лагерьлер базасында педагогикалық мамандықтар студенттерін жұмысқа орналастыру үшін жоғары оқу орындарымен шарттар жасасу жоспарлануда.

2023 жылы пилоттық режимде «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жастардың қатысу процестерін жеңілдетуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретін «Jasyl el Qaragandy» автоматтандырылған цифрлық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе бүкіл облыс бойынша енгізілген. Жүйе «Жасыл ел» сарбаздарын тіркеуге, жүйелеуге, сондай-ақ олардың жұмыс уақытына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Жыл сайын жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау мақсатында облыс әкімінің гранттары бөлінеді. 2023 жылы Қарағанды облысы әкімінің грантына 362 өтінім қабылданды. Оның ішінде 100 қатысушы оқу кезеңіне өтті. Өткізілген бизнес-жобаларды қорғау қорытындысы бойынша конкурстық комиссия ең қызықты 50 жобаны анықтады, оның 12-сі (24%) ауылдық аудандардан және 38-і (76%) облыс қалаларынан.

Сонымен қатар, өткен жылы жастарға кәсіпкерлік бастамаларын іске асыру үшін жеңілдікпен шағын несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығы саласындағы бизнесті дамыту үшін 7 миллион теңгеге дейін мақұлдау сомасымен жеңілдікті пайызбен (жылдық 2,5%) және басқа бағыттарға 5 миллион теңгемен кредиттер берілді. Комиссия 426 өтінімді қарады және жыл қорытындысы бойынша 1,62 млрд. теңге сомасына 365 кредит берді.

Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарының арасынан жастарға 75 грант берілді (1 грант 400 АЕК-ке дейін – 1,38 млн. теңге).

«Дипломмен – ауылға» жобасы аясында бүгінгі таңда кредиттер мен көтерме жәрдемақылар алған мамандардың жалпы санынан жастардың үлесі 92%-ды құрады. Бұл 35 жасқа дейінгі 378 маман (411 маманның ішінен).

Келесі маңызды бағыт – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы санаттағы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің Кешенді жоспарына сәйкес 2023-2027 жылдарға 470 пәтер бөлу жоспарланған.

2022 жылдан бастап жас мамандарға арналған Өңірлік ипотекалық бағдарлама іске асырылуда. Пилоттық режимде облыс орталығының аумағында іске асырылды. Барлығы 7 әлеуметтік маңызды санат бойынша 92 қарыз бөлінді (денсаулық сақтау – 21, білім – 30, мәдениет – 10, спорт – 7, әлеуметтік сала – 3, БАҚ – 5, ЖОО – 16 өтінім).

2023 жылы республикада алғаш рет осы бағдарламаға моноқалалар (Теміртау) қатысты. Жыл қорытындысы бойынша 198 қарыз берілді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 235 қарызға дейін жеткізіледі деп күтілуде. Облыс бойынша бөлінген бюджеттің жалпы көлемі 4,2 млрд. теңгені құрайды.

2024 жылы бағдарламамен облыстың басқа өңірлерін қамту жоспарлануда. Осы орайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің осы тетігін қолданғымыз келеді. Дәлірек айт­сақ, бағдарламаға жеті санат бойынша жас мамандар қатыса алады, оның ішінде 2024 жылдан бастап жетім балалар санаты енгізілетін болады.

Осылайша, 2024 жылы жастар саласының өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылуда:

1) облыс жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету:
– жас мамандарға, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ипотекалық бағдарламаны іске асыру (Қарағанды, Балқаш, Саран, Теміртау қалаларында);
– жетім балаларға тұрғын үй бөлу бойынша Кешенді жоспарды іске асыру (87 пәтер);
– Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттік жатақханасын салу (500 төсек-орын).

2) жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру:
– жастар кәсіпкерлігін қолдау;
– жастар арасында кәсіби дағдыларды қалыптастыру бойынша курстар;
– жастарды маусымдық жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;

3) жобалар мен іс-шаралар:
– әскери-патриоттық жұмысты күшейту (әскерге шақырылғанға дейінгі жастармен ДДҰ-мен бірлесіп жұмыс істеу);
– ұйымдастырылмаған және NEET­-жастармен жұмыс;
– өңірлердің ЖРО кадрлық әлеуетін дамыту (оқыту іс-шаралары, семинарлар мен тренингтер).

4) «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының индикаторлары:
– жастарды волонтерлік қызметке тарту (98,9 мың, фронт-офис жұмысын жандандыру) ;
– жастардың әлеуметтік қызметтерімен қамту (50,9 мың);
– экологиялық жобалармен қамту (7,3 мың);
– Eljastary ақпараттық навигаторына қатысу деңгейі (101,8 мың).

Осылайша, жастар арасындағы өзекті мәселелерді негізге ала отырып, мемлекеттік жастар саясатын сәтті іске асырамыз. Жастар мәселесін шешу тетіктерін жетілдірудің тиімді нысандарын іздес­тіруді жалғастырамыз.

Біржан ӘЛІМЖАНОВ,
облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button