Жаңалықтар

Жастар оқуға кірісті

Қарағанды қаласында мемлекеттік қызметкерлер мектебінің биылғы оқуы басталды. 12 тамызда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Айгүл БАЙХАНОВА, Қарағанды облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Біржан ӘЛІМЖАНОВ және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан БАЙБОСЫНОВ болашақ мемлекеттік қызметкерлерге онлайн өткен жиында ақ жол тіледі.

– Қарағанды облысында жас мемлекеттік қызметшілер мектебі 2007 жылы құрылды. Бұл ұзақ мерзімді жобаны жастар саясаты жөніндегі басқарма жүзеге асырады. Оның негізгі міндеті – мемлекеттік қызметкерлер қатарына белгілі бір алға қойған мақсаты бар белсенді жастарды тарту. Бұл мектеп өзің мемлекеттік қызметте көргісі келген жастар үшін тәжірибе алаңы. Әрі, аға буыннан қызметтің қыр-сырын үйренуге мүмкіндік береді. Биыл бұл конкурстық іріктеуге жоғары оқу орындарының ІІ-ІV курс студенттері мен колледж түлектері қатысты. Оның 20-сы мақсатына жетіп, жас мемлекеттік қызметкер мектебінің тағылымдамашысы атанды. Мен сіздерге осы жоба аясында сәттілік тілеймін, – деді Біржан Әлімжанов.

Осы уақытқа дейін аталған мектептен 400-ге жуық тағылым алушы сынақтан сәтті өткен. Түлектердің бірқатары қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейді.

– Бұл модель табысты болып табылады. Қарағандыда жас мемлекеттік қызметкерлер мектебі 14 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бұл жоба жастар арасында мемлекеттік қызметті насихаттауға көмектеседі. Мектепке студенттер ішіндегі ең талантты өкілдерді тарттық. Жоба аясында дарынды және белсенді жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыру – басты мақсаттың бірі. Мемлекеттік қызмет мектебінің ашылуы – мемлекеттік қызметшілердің қатарына сауатты, жауапты, ұйымдастыру және көшбасшылық қасиеттері бар жастарды тарту және кәсіби мемлекеттік қызметшілердің аппаратын қалыптастыру, – деді Айгүл Байханова.

Биылғы жылы оқыту пандемияға байланысты онлайнға ауыстырылып отыр. Платформа ретінде арнайы ZOOM программасы таңдап алынып, қатысушыларға тегін, әрі барлығына қолжетімді оқу алаңы ұсынылды. Мектепке қатысушыларды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалының оқытушыларының, үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қатысуымен онлайн форматта оқыту жоспарланып отыр. Оқу барысында қатысушылар мемлекеттік қызметшіге керекті білім қоржынын толықтырады, қолданыстағы заңнамалармен танысады. Осының арқасында мемлекеттік қызметке тұруға мүмкіндік алады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button