Ресми

Жастар ипотекасы іске қосылады

Облыста жұмыс істейтін жастарға жеңілдетілген шарттар бойынша ипотека беру бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрағасы Ләззат ИБРАГИМОВА тұрғын үй берудің қазіргі және жаңа тетіктерін талқылады.

Облыс әкімі өзіне жастарға арналған жеңілдетілген несиелердің жоқтығына қатысты шағымдардың жиі түсетінін жеткізді. Сондықтан, Алматы үлгісімен бағдарлама енгізуді ұсынуда. Бұл ипотека денсаулық сақтау және білім беру ісіндегі жастармен шектелмейді. Бағдарламада журналистермен бірге, түрлі салаларда еңбек ететін 35 жасқа дейінгі мамандар тізімі бар.

Жеңіс Қасымбек «Отбасы Банкінің» басшысына жас қарағандылықтарға тұрғын үй қарыздарын беру тетігін бірлесіп дайындауды ұсынды.

Тағы бір тың ой бар. Ол – моноқалалардағы шахтерлер мен металлургтерге де жеңілдетілген ипотека беру мүмкіндігін қарастыру. Бұл бағытта Шахтинск, Абай, Балқаш және Саран қалалары назарға алынып отыр. Ләззат Ибрагимова мұндай бағдарламаларды дайындайтын тетіктер бар екенін атап отыр. Ендігі кезекте бірлескен стратегияны әзірлеп, іске асыру міндеті тұр.

– «Отбасы Банкі» – ірі елді мекендерді ғана емес, моноқалаларды да қаржыландыратын жалғыз әлеуметтік банк. Бізде Қарағанды облысы бойынша 200 мыңға жуық салымшы бар. Олардың 12 мыңнан астамы – кезекте тұрғандар. Қазірдің өзінде 10 мың салымшының миллион теңгеден астам жинақтары бар. Бұл – «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына қатыса алатын әлеуетті клиенттеріміз, – деді Ләззат Ибрагимова.

Жыл басынан бері банк облысқа 15 миллиард теңге сомасындағы 1 300 қарыз берген. Бір жолғы зейнетақы төлемдерінің көмегімен 1 300-ден астам отбасы қарыздарын мерзімінен бұрын өтеген.

– Біздің компания бастапқы тұрғын үй нарығында белсенді. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап, 280 адам пәтер алу үшін несие алды. Оның ішінде, «Шаңырақ» бағдарламасымен үй алу мүмкіндігіне кезекте тұрған 146 тұрғын ие, «Бақытты отбасы» бойынша 1 829 өтінімді тіркедік, – деп атап өтті Банк Басқармасының төрағасы.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қарағандылықтардың депозиттік портфелі ғана емес, банкке деген сенімі де өскен.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button