Жастар есірткіге “жоқ” деді
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде студенттер арасында нашақорлықтың алдын алуға арналған мазмұнды кездесу өтті. Аталған шара Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Қарағанды облысының Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өтті. Мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының мұндай бірлескен ортақ жұмысы – өскелең ұрпақты әлеуметтік қауіп-қатерден қорғауға бағытталған өзара іс-қимылдың маңызды үлгісі болып отыр.

Аталған шараға Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, Заңдылық және адам құқықтары мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Равиль Садыков, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы Әлмира Хасанова мен департамент бөлімінің аға прокуроры Индира Абдрахманова, Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Нұрым Сәдуақасов қатысты.
Кездесу «Жаңа түрдегі есірткілер және жастар арасындағы нашақорлық проблемасы» тақырыбында өрбіді. Студенттерге қазіргі уақытта «қара нарықта» пайда болған синтетикалық есірткілердің түрлері, олардың қаншалықты қауіпті екені және жастардың құрыққа оңай түсетін ең осал санат екені айтылды. Спикерлер есірткі заттарының адам ағзасына қалай әсер ететініне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, есірткі адамның ойлау және физикалық белсенділігін төмендетіп, ауыр созылмалы ауруларға шалдықтыратынын, мұның соңы көбінесе қайғылы жағдайларға ұшырататынын түсіндірді.
Бұл мәселенің құқықтық жағы да айтылды. Жастарға есірткіні тұтыну және сақтау қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілікке алып келетіндігі аталып өтті. Полиция қызметкерлерінің тәжірибесінен алынған мысалдар студенттерге нақты әрі сенімді ақпарат көзі болды.
Кездесу барысында Қарағанды облысы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Нұрым Сәдуақасов «Қарағанды өңірі – есірткі заттарын басқа қалаларға тасымалдау жүзеге асырылатын транзиттік аймақ» екенін атады. Бұл тұрғыда облыс аумағында есірткі қолданудың алдын алу, оны таратудың жолын кесуде жедел қызмет атқаратын есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының жұмысын атап өтті.
Сонымен қоса, студенттерге қазіргі кезде есірткінің жасырын жарнамалары пайда болғанын, оған кезіккен жағдайда қандай іс-әрекет жасау қажеттігін сөз етті.
– Қазіргі уақытта есірткінің жасырын жарнамалары көбейді. Мұндай жарнамалар жұмыс ұсыну түрінде жарияланады, ал ол іс жүзінде күмәнді мақсаттарды көздейді. Жарнаманың сілтемелеріне өткен кезде автоматты түрде Telegram-арнасына қосылады. Бүгінгі дәрісте біз жастарға осындай жарнама келген жағдайда не істеу керектігін түсіндірдік. Студенттер тарапынан «Егер есірткі жасырған адамды кездестірсе немесе қандай да бір құқық бұзушылыққа куә болса, не істеу керек?» деген сұрақтар қойды. Біз бірнеше ұсыныс бердік, – деді Нұрым Сәдуақасов.
Сондай-ақ, Полиция департаментінің өкілдері кез келген құқық бұзушылық туралы egov қосымшасында хабарлауға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрым Бегайұлының айтуынша, полиция қызметкерлері өңірде 4 есірткі зертханасын анықтап, көзін жойған.
Зертханадан өте көп мөлшерде есірткі заттары тәркіленген. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мамандары тәріленген заттардың бір бөлігі өртелгенін, ал қалған бөлігі қылмыстық іс аяқталған соң жойылатындығын айтты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жауапты ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Мұндай шара жастардың есірткіге қарсы тұрақты иммунитетін қалыптастыруға, салауатты өмір салты мәдениетін дамытуға әсер етіп, кез келген қиындыққа тап болған жағдайда әрқашан қолдау сұрауға болатынын айқындап береді.
Кездесуде студенттер спикерлер тарапынан қойылған мазмұнды сұрақтарға дұрыс жауап беріп, сыйлыққа ие болды.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»