Балқашта қала әкімінің «Тіл жанашыры» және «Өркен» жастар сыйлықтарының лауреаттары анықталды. 21 адам түрлі номинация бойынша марапаттарға ие болды.
Балқашта «Тіл жанашыры» байқауы осымен үшінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізілді. Биыл оны қоғамдағы мемлекеттік тілдің рөлі мен маңызын арттыруға елеулі үлес қосқан Балқаштың сегіз азаматы алды.
«Тіл білгірі» номинациясындағы атаулы сыйлық Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Иван Гончаровқа табысталды. 16 жастағы оқушы қазақ тілін жетік біледі. Түрлі тіл байқаулары мен олимпиадаларға белсенді қатысады.
– Мен мемлекеттік тілді бірінші сыныптан үйреніп келемін. Қазір еркін сөйлеймін. Қазақ тілі олимпиадаларының, әрі түрлі конкурстардың бірнеше дүркін жүлдегері де атандым. Өткен жылы Балқаштағы «Жыл оқушысы» номинациясы бойынша «Өркен» сыйлығын да иелендім. Облыста бірінші орынды, ал байқаудың республикалық кезеңінде екінші орынды иелендім. Қазақ, орыс тілдерінен басқа ағылшын тілін де үйренемін. Тіл білу менің өміріме орасан пайдасын тигізеді. Еліміздің әрбір азаматы тілдерді, әсіресе, мемлекеттік тілді түсінуге ұмтылуы керек деп білемін. Болашақта жапон, неміс және француз тілдерін үйренгім келеді, – дейді Иван Гончаров.
«Жас полиглот» номинациясы бойынша Р.Қошқарбаев атындағы Балқаш техникалық колледжінің тарих пәні мұғалімі Жаннұр Ақашов, «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» аталымы бойынша Балқаш сервис колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсел Тойғанбаева, «Мемлекеттік қызметтегі мемлекеттік тіл» номинациясы бойынша ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ақжол Моңғолқан марапатталды.
«Бизнестегі мемлекеттік тіл» номинациясын жеке кәсіпкер Алена Гарусова, «Өндірістегі мемлекеттік тіл» номинациясын «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС кран машинисі Виталий Бабей, «Тіл хабаршысы» номинациясын «Балқаш өңірі» газетінің тілшісі Еркеназ Бақтыоразқызы иеленді. Қаланың Құрметті азаматы Қамза Тынышбаев «Тіл майталманы» номинациясындағы сыйлықты еншіледі.
Қос сыйлық та М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында табысталды.
«Қазақмыс» корпорациясы политехникалық колледжінің 17 жастағы студенті Дарын Нұрғазы «Жылдың жастар көшбасшысы» номинациясы бойынша «Өркен» сыйлығының лауреаты атанды. Ол – еріктілер штабының басшысы, түрлі қайырымдылық акциялардың бастамашысы.
– Еріктілермен бірге Балқашта түрлі акциялар өткіземін. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға азық-түлікпен көмектесеміз. Құрбан айт кезінде ет таратамыз, су болмай қалғанда мүгедек адамдарға су жеткіземіз. Сондай-ақ, қаланың түрлі конкурстарына, іс-шараларына қатысамын. Жастардың белсенді азаматтық ұстанымы болуы керек. Өйткені, елдің болашағы бізге тікелей байланысты, – дейді Дарын Нұрғазы.
Жастар сыйлығының лауреаттары болып Бауыржан Рымбай және Жанбатыр Жанғазиев («Жас дарын»), Гаухар Сайлаубек («Жыл спортшысы»), Төлеу Қадыржан («Жас кәсіпкер»), Ілияс Қасымов («Жыл патриоты»), Аслан Қуанышбек («Жылдың жас мемлекеттік қызметшісі»), Дана Есіркесінова («Жыл студенті»), Аружан Құрмаш («Жыл мұғалімі»), Тілеубек Үмбетұлы («Жылдың жас жұмысшысы»), Гаухар Қуанышбаева («Жылдың жас маманы»), Тоқтар Мұқанов («Кәсібіне адал жас») танылды.
«Алтын жүрек» номинациясына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкер, меценат Андрей Сокульский ие болды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz