Білім

Жастар – диалог алаңында

Қасым үйінде облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы басшысы Салтанат Әбеуова қарағандылық жастармен кездесті. «Туған тілің – түп қазығың» тақырыбындағы еркін форматтағы кездесуге облыс жастары, жас кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, мектеп оқушылары қатысты.

Сурет шараны ұйымдастырушылардікі

Басқарма басшысы жастармен кездесуде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, тіл саясаты мәселелері бойынша екіжақты мәдениетті диалог орнату мақсатын көздеді. Жастардың патриоттық сезімдерін ояту мақсатындағы шараға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы Айтбай Жұмағұлов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің заң факультетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов, «ALTYN ORNEK» ЖК директоры, облыстық «JADIGER» қол­өнершілер қауымдастығының төрағасы Перизат Құлымбетова қатысты.

Руслан Тоқатов Мағжан Жұмабаевтың «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» дегенін тілге тиек етті. Мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейту мәселесіне қатысты өз ойын айтып, ұсыныстарын ортаға салды.

Перизат Құлымбетова бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған міндет – осы ұлттың негізгі коды арқылы қоғамның даму өрісін кеңейтетін жаңа дүниелерге қол жеткізу екенін атады. Ғылымды дамыту арқылы жаңа тәжірибелеріне қол жеткізу, сол арқылы әлемдік ғылым айналымына қазақтың тіл білімін негіздейтін ұғымдарды енгізу – маңызды екенін атап өтті.

– Қазақ тілі – қазақ халқының рухани, мәдени байлығы, баға жетпес құнды қазынасы. Осы құндылықтарды сақтап қалу мақсатында үлесін қосып жүрген жастар аз емес.

Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын өрнегі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Ендеше ұлттық құндылықты барынша дәріптейтіндер қатары артса екен, – деді Перизат Құлымбетова.

Жастар мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жолдарына тоқталды. Тілдік орта, тіл және ұлттық құндылықтар, цифрлық контент мәселесі туралы ой қозғады. Сондай-ақ, қазақ тіліне қызығушылықты арттыру, мемлекеттік тілді күнделікті өмірге енгізуге қатысты түрлі ұсыныс-пікір ортаға салынды.

Кездесудің ерекшелігі сол – этнос өкілдері қазақ жастарынан қалыспай, мемлекеттік тілде еркін сөйледі. Мемлекеттік тіл бірлік пен татулыққа ұйыстыратын негізгі фактор екенін дәлелдеді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button