Жастар денсаулығы – ұлт денсаулығы
Қарағандылық жастарға репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері жөнінде ақпарат беру, олардың денсаулығын қорғау мақсатында құрылған «Дос» орталығының жұмыс істеп тұрғанына 15 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында орталық 200 мыңнан астам жасөспірімге кеңес беріп, қамқорлық көрсеткен. Бұл 2009 жылы ашылған аймақтағы алғашқы орталық еді. Қазір жастар денсаулық орталығы барлық емханада бар.
«Дос» жастар денсаулығы орталығы Қарағандыдағы №3 емхана базасында орналасқан. Жастар денсаулық орталықтары 10 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелеттік жасқа толмағандарға және 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға медициналық, емдік-профилактикалық көмек, психоәлеуметтік және құқықтық қызмет көрсетеді.
Орталық меңгеруші Светлана Солдатованың айтуынша, мұндай көмек балаларға керек.
– Түрлі отбасы болады. Балалар, әсіресе, жасөспірімдер көп жағдайда отбасы мүшелерімен ашық сөйлеспеуі мүмкін. Ақпаратты интернеттен, жолдастарынан біліп жатады. Бала бойындағы физиологиялық және гормональді өзгерістер жайлы білуі керек. Оны сауатты жеткізу де маңызды. Емханаға қарасты жеті мектеп бар. Біз оларға ай сайын барып, түрлі тақырыптарда кездесу, тренинг, семинар, лекциялар өткіземіз. Қазіргі балалар тыңдамайды дейді ғой. Олай емес, – дейді ол.
Орталық ашылған бетте балалар гинекологі, уролог, дерматовенеролог, психолог, тіпті, заңгерлік те көмек көрсеткен. Алайда, ковид пандемиясынан бергі жылдары мұнда балалар гинекологі, психолог пен әлеуметтік қызметкер ғана бар.
– Жастармен ғана емес, медициналық қызметкерлер арасында, ата-аналармен де кездесу, лекция, семинарлар ұйымдастырамыз. Қазіргі жастар білімді, бәсекеге қабілетті болуы керек деп жиі айтады. Алайда, бірінші кезекте денсаулық. Өз денсаулығына жауапты бола білсе, ондай жастан жақсы азамат шығады, – дейді Светлана Христофоровна.
Осыдан бір-екі жыл бұрын жастар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша елімізде 15-19 жac apaлығындaғы жaсөспірiмдердің үштeн бiр бөлiгі жыныcтық бeлceндi. Алайда, oлapдың 90 пайыздан aстамы жыныстық жолмен таралатын аурулар мен AИТB-дан қорғану жайлы біле бермейді. Сондықтан да, жacтapға жыныcтық жәнe репрoдуктивтi дeнcaулықты қopғay қызмeттepiн ұcыну, кеңеc бeру, қaмқорлық көрceту бaғытында ашылған жастар орталықтары заман талабына сай.
– Мен орталық ашылғаннан осында жұмыс істеп келемін, – дейді Светлана Солдатова. – Осы он жылдан астам уақытты салыстырсақ, жастардың бүгінгі күні ашық, именіп-қымсынбайтынын айтуға болады. Олар өздеріне қатысты кез келген мәселені ашық, ұялмай айтады. Айтылған мәселе осы жерде қалады. Ересектерді олардың рұқсатымен ғана шақырамыз. Негізінде әңгімелесу барысында баланың жақындарына өзі айтуына итермелейміз. Бірнеше жыл бұрын кейбір ата-аналар балаларына мұндай тақырыптарды айтуға рұқсат етпейтін, «ерте» деп. Қазір ата-аналар мұндай насихаттың қажет екенін түсінуде. Қандай жағдайда да бала жалғыз қалмауы керек. Отбасы мүшелері болмаса, басқа жанашыр жандардың қолдауы міндетті.
Өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден қорғау, олардың зияны туралы ақпараттандыру мәселелері қарапайым шаруа секілді елестеуі мүмкін. Бірақ, оның астарында жастардың денсаулығы, тіпті, ұлттың болашағы, өсіп-өнуі жатыр. Коммуникация мен техникалық прогрестердің қарқынды дамуы сөзсіз жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге, ол біз айтып отырған мәселені өзекті ете түседі.
Жасөспірім шақ – физикалық және психикалық даму кезеңі ғана емес, сонымен бірге дүниетаным мен мінез-құлық нормалары қалыптасатын уақыт. Жасөспірімдер бұрын сезінбегенді сезіп, білмеген өмірлік жағдайларға тап болуы ғажап емес. Бұл кезде қабылданған шешімнің дұрыс болмауы да мүмкін.
– Қиындық деген барлық кезде болады. Адам қателіктен үйренеді. Жастарға осыны түсіндіруіміз керек. Бастысы – содан сабақ алу, қайталамау, – дейді Светлана Христофоровна.
16 жасқа дейінгі кез келген жыныстық қатынас фактісі құқық қорғау органдарына айтылуы міндетті.
– Кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың жүктілік жағдайы міндетті түрде хабарланады. Зорлау жағдайлары жиі болмаса да бар. Қыз бала 17-18-ден асқан болса, айтпаймыз. Қазір 15 жастағы қыздардың жыныстық өмірге араласуы жиі кездеседі. Олармен сөйлесеміз, түсіндіреміз, жүктіліктен, жыныстық жолмен берілетін аурулардан сақтану жолдарын айтамыз. Биылғы жарты жылда мен 600-ге жуық жеткіншекті қабылдадым. Зорлық, түсік фактілері тіркелген жоқ. 17 жасында жүкті болған бір қыз бала анықталды. Менің жеке бақылауымша, бұл мәселе 9 сыныптан кейін колледжге түскен қыздарда жиі, – дейді орталықтың балалар гинекологі Мухаббат Байдуллаева.
Оның айтуынша, балалар гинекологиясы қызметі жанданады. Енді учаскелік медбикелер мен терапевтер мектептерді аралап, медициналық тексерулер өткізіп, түрлі тақырыптарға лекция, семинар оқитын болады.
– Ұлдар – 18, қыздар 16 жасқа қарай психологиялық-гормональді тұрақтала бастайды. Осы кезеңде оларға барлық жағдайды бағамдап, оған қатысты дұрыс шешім қабылдай білуді айтуымыз, үйретуіміз керек. Осы кезде қыздарды дұрыс жолға бағыттап жіберсек, 17-18-інде дұрыс жүреді деп ойлаймын, – деді балалар гинекологі.
Светлана Христофоровнаның айтуынша, жастар арасында жыл сайын жаңа «сән» шығады.
– Бір жылдары «Көк кит», «Дом в облаках», желім иіскеу, суицидтік жайлардың жиілеп кеткен. Биыл «трендке» не шығатынын әзірге білмейміз. Бірақ, соңғы екі жылдағы біздің басты проблемамыз – электронды темекі. Қазір қызы да, ұлы да вейб тартады. Кейбір ата-аналар «Кәдімгі темекіден гөрі осыны тартсын» деп рұқсат береді екен. Қай мектеп екенін айтпаймын, бірақ, ұлдары – сыныпта, қыздары – дәретханада вейб тартады. Бұл – ортасына деген сый-құрметтің жоқтығы, – деді Светлана Солдатова.
Мамандардың бұл пікіріне қарап, жастар денсаулығымен айналысатын он орталық аздық етеді ме деген ой келді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz