Егемен елдің еңсесін тіктейтін – жастар. Қай кезеңде де мемлекеттің болашағы жас буынның білім-білігіне, азаматтық ұстанымына және қоғамдық жауапкершілігіне сүйеніп келген. Бүгінгі конституциялық реформа да сол сенімнің айқын көрінісі. Жастарды мемлекеттік басқару мен қоғамдық келісімнің жетелі жобаларына тарту арқылы ғана әділетті һәм қуатты Қазақстанның іргесі берік қаланады. Сарапшылар мен жас көшбасшылар қатысқан «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы» атты алқалы жиын – соның айқын дәлелі. Келелі кездесуде Конституция жобасы талқыланып, оның стратегиялық маңызы мен құқықтық құндылықтары кеңінен сөз болды.

Жиынға аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев, конституциялық комиссия мүшелері Нұркен Кобжанов пен Бекзат Алтынбеков, өңірлік сарапшылар, қоғам белсенділері және жас көшбасшылар қатысты. Кездесуді «Qarmet» компаниясының басқарушы директоры Ербол Исмаилов тізгіндеді.
Өз сөзінде өңір басшысы жаңа Конституцияны қабылдау – жекелеген нормаларды түзету емес, технологиялық революция мен жаһандық сын-қатерлер жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам екенін конституциялық комиссия мүшелері заң жобасын әзірлеу барысындағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Нұркен Кобжановтың айтуынша, өзгерістер ашық қоғамдық диалог жағдайында әзірленген.
– Комиссия құрамында 130-дан астам маман жұмыс істеді. 12 ресми отырыс өткізілді. Алғашқы редакция талқылауға ұсынылғаннан кейін бір аптаның ішінде мыңдаған ұсыныс түсті. Біз 10 мыңнан астам азаматтық пікірді қарастырдық. Бұл – сенім мен бірлескен жауапкершілікке негізделген жаңа саяси мәдениеттің қалыптасқанын айғақтайды. Конституцияның 1 және 15-баптарында адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілген. Сонымен қатар, 33-баптағы білімге қатысты нормалардың нақтылануы, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерінің кеңеюі және конституциялық сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігі құқықтық кепілдіктерді күшейте түспек, – деді Нұркен Кобжанов.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Бекзат Алтынбеков еліміздің дәл қазір үлкен саяси сын кезеңінде тұрғанын, бұл сәтте әрбір азаматтың азаматтық ұстанымы маңызды екенін жеткізді.

– Біз өткеннің озығын сақтап, көнерген тұстарын тарих еншісінде қалдыруымыз керек. Конституцияның 84 пайыздан астамы жаңарды. Сондықтан, бұл – мазмұны жағынан жаңа құжат. Оның ерекшелігі – қарапайым азаматқа түсінікті, жатық тілде жазылуы. Әр адам оны оқып, өз сүзгісінен өткізе алуы тиіс. Преамбулада ұлттық құндылықтарға, мыңжылдық мемлекеттілік сабақтастығына ерекше мән берілген. Жаңа редакцияда өкілеттіктерді қайта бөлу, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, Президенттің партия мүшелігіне қатысты шектеулер енгізу, жақын туыстарының мемлекеттік қызметтегі лауазымдарына байланысты талаптарды нақтылау секілді нормалар қарастырылған. Сондай-ақ, болашақта Конституцияға өзгерістер тек бүкілхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі, – деді Бекзат Қомарұлы өз сөзінде.
Әрі қарай кездесу барысында жастар да белсенділік танытып, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. «Талдау Қарағанды» өңірлік талдау мектебінің қатысушысы Асылжан Төлегенов экологиялық қағидаттарды конституциялық деңгейде бекітудің маңыздылығына тоқталды.
«Экология – жекелеген салалық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Жаңа Конституция жобасында орнықты даму қағидаттары көрініс тапқан. Қоғамның сұранысына орай бекітілген заңнаманың болуы көңіл қуантады», – деді ол.
Облыстық Жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшесі Жанбота Елубаев зияткерлік меншікті қорғау мен шығармашылық әлеуетті дамыту мәселесіне назар аударды. Ал, «Ұлт қазына» жобасының менторы Салтанат Қайырбек адами капиталды дамытуға бағытталған нормалардың маңызын атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар конституциялық реформалардың әлеуметтік, құқықтық және экономикалық аспектілерін талқылап, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Сарапшылар мен жас көшбасшылар жаңа Конституция жобасының салмақтылығын атап өтіп, оның азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтетініне бек сенім білдірді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



