Теміртау

Жастар белсенділігі неге төмен?

Теміртауда сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешуде. Тоқсаныншы жылдары құрылған этномәдени орталықтар татулық пен тұрақтылықты сақтау бағытында белсенді жұмыс істеп келеді. Әйтсе де, соңғы уақытта аталмыш орталықтар тоқырауға ұшыраған. Басты себеп – жастар белсенділігінің төмендігі.

Қарағанды мемлекеттік университеті жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» орталығында «Жастарды патриотизмге тәрбиелеудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тірегі. Олардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті арттырудың жолы қане? Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісова және грек этномәдени орталығының жетекшісі Деспина Касапиди бастаған топ студенттердің пікіріне құлақ асып, тығырықтан шығар жолды бірге іздеді

  • Теміртау – Елбасымыздың қаласы. Мұны мақтанышпен айтамыз. Іргетасы қаланған алғашқы күннен бастап біздің қаламыз көпұлтты шаһарлардың сапына кірді. Этномәдени орталықтар ұлттардың тілін, ділін және мәдениетін насихаттау, татулық пен тұрақтылықты сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Наурыз мейрамы, Қазақстан халықтарының бірлігі күні және басқа да мерекелік шараларда өздерінің ұлттық өнерлерін ортаға салып, қала тұрғындарының көз қуанышына айналып келеді. Десек те, бұл жеткіліксіз. Біздің мақсатымыз – жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, патриотизмге тәрбиелеу. Ол үшін сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Не айтасыздар? Қандай ұсыныс тілектеріңіз, сұрақтарыңыз бар? Ортаға салыңыздар? – деді Динара Жүнісова.

Бүгінде Теміртау қаласында 95 ұлттың өкілі тұрады. Оларға 6 этномәдени орталық қызмет көрсетуде. 1995 жылы құрылған грек этномәдени орталығының жетекшісі Деспина Касапиди ханымның айтуынша, бұл орталықтардың алға қойған негізгі мақсаты – өз ұлтының мәдениетін, дәстүрін ұмытпау және қазақ елінің тілі мен діліне құрметпен қарап, кең көлемде насихаттау

  • Байқасаңыздар, қазір қалада шынайы патриоттар ғана қалдық. Кешегі Кеңес дәуірінде Теміртауда өзге ұлттың өкілдері бүгінгіден әлденеше есе көп болған еді. Олардың басым бөлігі шетелге көшіп кетті. Қазақстанды өз үйіндей көріп, болашағын осы елмен байланыстыратындар ғана қалдық. Қазақстан – біздің Отанымыз. Осы елдің азаматы ретінде мемлекеттің дамуына, тұрақтылықтың сақталуына қызмет етуіміз керек. Жастар мемлекеттік тілді үйреніп, қазақ халқының салт-дәстүрін өзінікіндей сіңіріп, құрметпен қарауы тиіс. Өйткені, Қазақстанда, қазақ жерінде тұрамыз. Бізді қиын-қыстау заманда жатсынбай, бауырына басып, паналата білгені үшін қазақ ұлтына қарыздармыз. Олар, өз бастарын қатерге тіге отырып, депортацияланған ұлттарды аштық пен өлімнен арашалап қалды. Оны мәңгі ұмытпаймыз, – деді Деспина Касапиди.

Дөңгелек үстелге Теміртау қаласындағы оқу орындарының белсенді студенттері қатысып, аталмыш мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салды. Студенттердің сөзінше, жастардың этномәдени орталық жұмысына араласпауының бір себебі, олар туралы кең көлемде ақпарат алмауында жатыр. Сондықтан, этномәдени орталық өкілдері жастармен жиі кездесіп, өздерінің жұмысымен таныстырса деген тілек айтылды. «Серпін» бағдарламасымен оқуға келген жастар замандастарына қазақ тілін үйретуге дайын екендіктерін жеткізді. Әрі этномәдени орталықтар жанынан ашылған жексенбілік мектептерде өзге тілдерді үйренуге қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, белсенді студенттер қаладағы жастардың мәдениетіне қатысты да өз ойларымен бөлісті. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету ежелден халқымыздың қанына сіңген қасиеттер болатын. Алайда, соңғы жылдары бұдан айырылып барамыз. Қоғамдық көлікте зейнеткерлерге орын бермейтін жастар көбейді. Мұның алдын алу үшін колледж, мектеп қабырғасында әдеп жөнінде жиындар өткізіп тұру ұсынылды.

Дөңгелек үстел барысында Теміртау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қозғалысын құру бастамасы көтерілді. Өз кезегінде Теміртау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Динара Жүнісова жастардың бастамасына жан-жақты қолдау көрсететіндігін жеткізді.

Нұрлыхан Қалқаманұлы,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button