Жастарға жаңа мүмкіндік
Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын ұсынды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 18 оқулық аударылып, оқулықтардың тұсаукесерін Елбасының өзі өткізді.
Бұл осы жобаға жоғары деңгейде көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді. Оқулықтардың тұсаукесерінде, Елбасы «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан, біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз» деген болатын.
Көпшіліктің қолдауына ие болған бастама білім беру саласының қызметкерлері үшін таптырмас мүмкіндік болды. Тарихшы ретінде өз ойымды қосатын болсам, бұл жоба, білім үшін өте маңызды деп білемін. Себебі, өзіміз студент болған уақытта бүкіл әлем тарихы бойынша қазақ тілінде оқулықтардың аздығы қазақ тілді студенттерге бұл тарихи кезеңмен танысуға үлкен кедергі болатын. Амал жоқ, орыс тіліндегі оқулықтарды пайдалануға мәжбүр болдық. Оның өзі кеңестік, ресейлік авторлардың білім, идеология призмасы арқылы жазылған оқулықтар болатын. Сондықтан да, қазақ баласына бүкіл әлем тарихымен шынайы танысуына, объективті бағалауына мүмкіндік бермейтін. Ендігі кезекте аталмыш жоба шеңберінде бүкіл әлем тарихы бойынша шығатын оқулықтар осы мәселені шешеді деген үміттемін. Қазіргі жастар әлемдік деңгейдегі еңбектердің түпнұсқасын өз ана тілімізде оқып, сусындай алады. Бұл біздің мемлекетіміздің, Елбасының жастар үшін жасап жатқан ірі жобаларының бірі деп ойлаймын. Сол жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау арқылы жарқын болашақтың негізін қалыптастырып жатырмыз.
Сонымен қатар, бұған дейін көркем әдебиетті аударумен айналысқан аудармашыларымыз ендігіде ғылыми жұмыстарды тәржімалап, еліміздегі аударма саласының жаңа деңгейге көтерілуіне еңбек етеді.
Ермек АЙМАХОВ,
Қарағанды мемлекеттік
университеті
тарих факультетінің
аға оқытушысы.