Жастарға жаңа идеяларды іске асыруға қолдау көрсетеміз – Ермағанбет Бөлекпаев
Аймақта Жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы жастар күні қарсаңында ашық диалог форматында өтті.

Бейресми ортада өткен кездесуде жастар ұйымдарының көшбасшылары, саяси бірлестіктердің өкілдері мен жаңа буын белсенділері бас қосып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алатын бастамаларды талқылады.
Жиынға қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еңбек, білім беру және жастардың өзін-өзі дамыту мәселелерін қамтитын ұсыныстарды бірге қарастырып, жаңа идеяларға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
– Бізге ашық әрі мазмұнды әңгіме қажет. Қай жобалар іске қосылғанын, қайсысы әлі жоспар сатысында екенін және қай бағытта қосымша қолдау керек екенін нақты білуіміз маңызды, – деді өңір басшысы. – Мемлекет басшысы жастардың өсуі мен өзін-өзі іске асыруына жағдай жасаудың маңыздылығын үнемі атап өтеді. Бұл бағытта облысымызда нақты нәтижелер бар.
Бүгінде өңірде жастарға арналған ресурстық орталықтар жұмыс істейді, жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары іске асуда. Сонымен қатар, бизнес бастауды мақсат еткендерге гранттар бөлініп келеді.
Кездесу барысында көтерілген маңызды бастамалардың бірі – Жұмысшы мамандықтары форумын өткізу.
Бұл ұсынысты облыстық кәсіподақ орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Аймира Баграмова айтты. Оның сөзінше, форумның мақсаты — жұмысшы жастардың құқығын қорғау, лайықты еңбек қағидаттарын насихаттау және техникалық мамандықтардың беделін арттыру.
– Бізде мұндай деңгейдегі форум әлі өткен жоқ. Ал Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл бастаманың мәні зор. Біз халықаралық сарапшыларды шақырып, тәжірибе алмасуды көздеп отырмыз, – деді Аймира Баграмова. – Жұмысшы жастар жиі назардан тыс қалады, ал бұл жоба олардың мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді.
Ермағанбет Бөлекпаев ұсынысты қолдап, Қарағанды облысында жарты миллионға жуық жұмысшы мамандық иелері бар екенін, бұл — республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі екенін атап өтті.
Кездесуде сонымен бірге білім беру сапасы, жастарды жұмыспен қамту, креативті индустрияларды дамыту және волонтёрлік қызметті ілгерілету мәселелері талқыланды.
Жиын соңында облыс әкімі жастар саясатын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген және аймақ үшін маңызды бастамаларды жүзеге асырып жүрген белсенділерге алғыс хаттар табыс етті.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА