Жастарға жұмыс та, грант та бар
Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтары жылымен» қатар «Жас маман» жобасы аясында нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырды. Сондықтан, бүгінде кәсіптік-техникалық білім беретін колледждер тек маман даярлаумен айналыспайды. Түлектерді жұмыспен қамтып, дамуын қатар қадағалайды. Қазіргі таңда облыста колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 88%. Оның ішінде, «Жас маман» жобасы аясында мемлекеттік тапсырыстың 60%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Бұл тізімде металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік саласы бар. Ескірген кәсіп түрлері қысқарып, орнына жаңа мамандықтар қосылуда.
Дуальды оқыту – 40 колледжде
Білім басқармасындағы техникалық кәсіптік білім беру бөлімінің меңгерушісі Индира Ысқақованың айтуынша, бүгінде түлектерді жұмыспен қамтумен қатар, гранттар саны артып келеді. Бұл «Жас маман» жобасы аясында жүзеге асқан.
– Облыста 54 колледж бар, 32 766 студент оқиды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 22 404 адам білім алуда. Тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 1 100 орынға артты. Кадрларды дайындау 126 мамандық және 178 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Атаулы мемлекеттік тапсырыс 759 студентті қамтитын 10 колледжге орналастырылды. Мақсатты мемлекеттік тапсырыстар бойынша 31 кәсіпорынмен келісімшарт жасалды, – деп атап өтті техникалық кәсіптік білім беру бөлімінің меңгерушісі.
Бүгінде дуальды оқыту 40 колледжде (30 мемлекеттік, 10 жекеменшік) 300-ге жуық кәсіпорынның қатысуымен және 6 572 адамды қамтиды. Бұл мемлекеттік тапсырыс бойынша барлық контингенттің 25%-ын құрайды. Тәлімгерлерге де өндірістен қосымша ақы төлеу шаралары қабылданды. Оған қоса дуальды оқыту кезіндегі тағылымдамадан өту мерзімі студенттің еңбек өтіліне есептеледі.
Колледждерді дамытудың стратегиялық жоспарларын ескере отырып, 2025-2026 жылдары «Полимер өндірісінің технологиясы», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Газбен жабдықтау жүйелерін орнату және пайдалану», «Жаңа мамандықтарға лицензия алу жоспарлануда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инженерлік жүйелерін орнату және пайдалану», «Ет және ет өнімдерін өндіру» мамандықтары да облыс колледждерінде оқытылуы мүмкін.
«Жас маман» жарап тұр
Бүгінде облыста кадрларды сапалы дайындау мақсатында «Жас маман» жобасы бойынша жабдықталған 9 және сәйкес оқыту профилі үшін 45 магниттік колледж анықталды.
Білім, құрылыс, көлік, энергетика, IT және коммуникациялар, тау-кен өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты 8 жетекші бағыттағы колледждерді кластерлеу (Құзырет орталығы) жұмыстары басталды. Әрбір сала бойынша колледждердің облыстағы мектептермен, кәсіпорындармен өзара байланысы көрініс тапқан. Түгендеу колледждерінде одан әрі профильдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл барлық оқу және өндірістік қуаттарды салалық оқу орындарында шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Мәселен, бүгінде Қарағанды машина жасау колледжінде техник-технолог, жөндеуші-слесарь, металл құрылымдарын құрастыру жөніндегі слесарь, кеңбейінді станокшы, электргазымен дәнекерлеуші, бағдарламалық басқарылатын станоктардың операторы мамандықтарын оқыту жолға қойылған.
– 2019 жылы «Жас маман» жобасы іске асты. Жобаның мақсаты – 100 сұранысқа ие мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Жобаны іске асыру 2021 жылы басталып, біздің колледж «Жас маман» жобасына «Токарлық іс және металл өңдеу» мамандығы бойынша қатысты, – деді Қарағанды машина жасау колледжінің директорының орынбасары Берікбол
«Жас маман» жобасы аясында бүгінде колледжде техниканың соңғы үлгісі бойынша жабдықталған шеберханалар мен оқу кабинеттері жаңғыртылды. Материалдық-техникалық базаны жаңғырту еңбек нарығында сұранысқа ие білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік берді.
Жаңа жабдықты сатып алудан басқа «Жас маман» жобасы шеңберінде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін оқу жоспарлары мен бағдарламалары әзірленді.
Сондай-ақ, жобаны іске асыру барысында «Токарлық іс және металл өңдеу» мамандығы бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Заманауи жабдықтармен жабдықталған зертханалар, шеберханалар іске қосылған.
WorldSkills чемпиондары
Жұмысшы мамандықтарына баулитын «WorldSkills Karaganda» облыстық кәсіби шеберлік чемпионаты жыл сайын Қарағанды машина жасау колледжінде өтеді. Жалпы, қарағандылық жастардың байқауға қатысудағы қарқыны мықты. Ерекше көзге түскен Қарағанды машина жасау колледжінің түлегі Диас Сабырхан республикалық WorldSkills Kazahstan-2024 сайысында ІІІ орынға ие болды.
Осыған қарап, колледж студенттерін дамыту мақсатында облыста WorldSkills халықаралық шеберлік чемпионатына дайындық белсенді жүретінін ескерген жөн. Сондай-ақ, жыл сайын жұмысшы мамандықтарының фестивалі өтеді. Жастар фестивальде жобаларын таныстырады. Белсенділері чемпионатқа барады. Өткен жылы Саранда Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған фестивальге Қарағанды теміржол колледжі де қатысты. Студенттерді тоғыз мамандық бойынша оқытатын білім ордасы «Жас маман» жобасы бойынша қажетті жабдықтармен қамтылған.
– Студенттерді теміржол саласының барлық мамандықтары бойынша оқытамыз. Жергілікті оқушыларды колледж мамандықтарымен таныстыру үшін фестивальдерге барамыз. Оқу орнын өз көздерімен көріп, күнделікті өмірге ену үшін виртуалды шындық көзілдірігін апардық, – дейді Қарағанды теміржол колледжінің оқытушысы Индира Төлеуханова.
Сондай-ақ, Қарағанды техника-құрылыс колледжінің шебері Әсемнұр Әділхан өзі жасаған сәндік-қолданбалы өнер туындыларын ұсынған.
– Фестивальге суреттер, зергерлік бұйымдар, тұмарлар, білезіктер, сырғалар ұсындым. Бәрі қазір сұранысқа ие, өйткені, қолдан жасалған бұйымдар оны тұтынатын адамды басқадан ерекшелендіріп тұрады. Қолөнерді үйрену арқылы тәуір табыс табуға болады, – дейді оқытушы.
«Жас маман» жобасының арқасында өңірдегі колледждер әлемдік деңгейдегі соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарға ие болып, студенттер кәсіби деңгейін көтерген. Фестивальге белсенді қатысқандар чемпионатқа да жолдама алды. Естеріңізде болса, «WorldSkills Kazakhstan-2022» республикалық чемпионатында Қарағанды облысы бірінші орынды иеленген болатын.
2023 жылы облыс қоржыны екі күміс және екі қола медальмен толықты. «Веб-технологиялар» бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Дарын Ақышев күміске қол жеткізген. Қазіргі таңда Дарын веб-сайт жасаумен айналысады.
Бүгінде облыстың білім беру бағдарламаларына 50-ден астам WorldSkills стандарттары енгізілді. Колледждердің 60%-ы жаңа бағалау жүйесі демо емтихандарды енгізуде. 28 техникалық-технологиялық колледждің 17-сі демонстрациялық емтихан түрінде біліктілік емтихандарын өткізіп үлгерді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz