Жастарға жұмыс бар
Бүгінде техникалық мамандықтар бойынша өтетін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің тиімді тетігіне айналды.
Жақында Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-дың Мансап және кәсіби даму орталығы «Мансап START» бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Бос орындар жәрмеңкесіне кафедралардың 4 және 5-курс студенттері қатысты.
Шарада студенттер жетекші компаниялар мен кәсіпорындар өкілдерімен кездесіп, қолжетімді бос орындар, тағылымдамалар мен практикалар туралы білді. Сондай-ақ, әңгімелесуге дайындық бойынша ұсыныстар алды. Студенттер жұмыс берушілермен кездесіп, мансапты бастауға мүмкіндік алып, көкейлеріндегі сұрақтарын жолдады.
– ҚарТУ-де «Маркшейдерлік іс» мамандығы бойынша 4 курста оқимын. Жәрмеңкеге мамандығым бойынша тау-кен өндірісі немесе геодезиялық салада жұмыс қарастыруға келдім. Мені «ҚарМет», «Қазақмыс» компанияларының ұсыныстары қызықтырады, – деді 4 курс студенті Ажар Орзайбай.
Бос орындар жәрмеңкесі аясында компаниялардың презентациялары, интерактивті сессиялары өтті. Жұмыс берушілерге қойылған сұрақтар мен жауаптар, түйіндеме дайындау және әңгімелесу бойынша мастер-кластар және жеке кездесулер мен байланыс алмасу мүмкіндігі берілді.
– Жәрмеңке жастар үшін тамаша мүмкіндік. Мемлекеттік жұмыспен қамту органы ретінде жәрмеңкелерді қолдаймыз. Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп белгіледі. Сондықтан, осындай жәрмеңкелердің маңызы жоғары. Мансап орталықтары студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты арттыруда жұмыс істеуде.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру жас мамандарға ғана емес, жұмыс берушілер үшін де маңызды. Жастар өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алу арқылы іскерлік қасиетін бағалауға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда жастарға жұмыс көп. Оқу бітіргеннен кейін жұмыссыз қаламын деген ой болмау керек.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 3000-ға тарта бос жұмыс орны бар. Мәселен, мансап орталықтарына барып, жазғы демалыс уақытында қоғамдық жұмыстарға тұруға болады. Мәселен, Саран қаласында үлкен зауыттар ашылып, мамандарға қажеттілік туындауда, – деді облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар.
Студенттер үшін тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынатын компаниялар қатарында «Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы» КММ, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Экономикалық тергеу департаменті, «Мемсараптама» РМК, «QazaqGaz» ҰК АҚ, «YDD Corporation» ЖШС секілді тағы басқа жетекші компаниялар бар.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz