Білім

Жастарға берілген жаңа мүмкіндік

Бүгінгі таңда облыс халқының төрттен бір бөлігін жастар құрайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс жастарына 133 пәтер және жастардың бизнес-идеяларын іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарынан 98,9 млн. теңге сомасына 67 грант берілді.

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен Жастар істері жөніндегі кеңестің отырысында облыс жастарының жай-күйі талқыланды. Басқосуға жоғары оқу орындарының, жастар және волонтерлік ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері, кеңес мүшелері қатысты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Жастар саясатын іске асырудың, жастар мәселесін шешу тетіктерін жетілдірудің тиімді нысандарын үнемі іздестіру қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Кеңестің күн тәртібіне сәйкес, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері бойынша облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров, Балқаш қаласы әкімі Сапар Сатаев және Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов атқарылған жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ, өңірде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша жылдың негізгі қорытындылары, Жастар ісі жөніндегі кеңестің 2025 жылға жоспарланған жұмыстары талқыланды.

– Талдаулар негізінде Абай ауданы жастары арасындағы қылмыс деңгейінің 110-нан 106-ға дейін төмендеуі байқалды. Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 12 «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім және заң», «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары және шағын учаскелерде 16 жергілікті пысықтау рейдтері өтті.

Жергілікті полиция қызметкерлері еріктілер қозғалысының қатысуымен жастар көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ, сауда объектілері бойынша 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуды, заңнамада белгіленбеген уақытта алкогольді өткізуді анықтау фактісіне рейдтік іс-шаралар жүргізді, – деп атап өтті Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов.

Облыс әкімі сөзінде жастардың қоғамдағы рөлі, өңірде олардың жан-жақты дамуына, білім алуына жасалып жатқан іс-шараларды атап, жастарды барынша жан-жақты қолдау керектігін атап өтті.

– Жастардың әлеуетін дамыту үшін Zhas project грант алуға конкурс өткізілді. Облыстан барлығы 196 өтінім келіп түсті, оның 70 – і техникалық іріктеуден өтті, 14 грант берілді. Жыл сайынғы «Жасыл ел» еңбек жасақтары арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамту ұлғайтылды.

Республика бойынша ең жоғары көрсеткіш 4900 адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі мыңға артық, – деп атап өтті облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Ильяшов.

Кеңестен кейін облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармада «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары табысталды.

– Жобаның басты мақсаты – жастардың белсенді әрі шығармашыл қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдау. Жастардың жаңа және жұмыс істеп тұрған стартап-жобаларын іске асыру, – деді Нұржан Ильяшов.

Облыс әкімінің гранттары бизнесті дамыту үшін ғана емес, сонымен қатар, медиа, ғылым, ақпараттық технологиялар және мәдениет саласына берілді. Жастардың жобаларын «Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қоры» корпоративтік қоры, Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалы, сондай-ақ, өткен байқаулардың жеңімпаздарын анықтады. Жобалар жаңалықты, бәсекеге қабілеттілікті, жүзеге асу қабілетін, бюджеттің дұрыстығын және басқа аспектілерді қамтитын алдын ала белгіленген талаптар бойынша бағаланды.

Жобалардың әлеуметтік маңыздылығы мен бірегейлігі 407 құжаттың ішінен 25 жеңімпазды анықтаумен бағаланды. Үздік деп танылған 25 жеңімпаз 2 млн. теңге көлеміндегі грантқа ие болды.

– Жастарды қолдауға арналған гранттар облыстың барлық қалалары мен аудандарында жергілікті әкімдіктердің бюджеттік мүмкіндіктеріне қарай берілді. Биыл жалпы облыс бойынша жастарға 200 млн теңге көлеміндегі 135 грант бөлінді. Оның ішінде, Қарағанды – 10, Приозерск – 2, Теміртау – 30, Шахтинск – 17, Саран – 4, Абай – 9, Ақтоғай ауданы – 8, Бұқар жырау ауданы – 13, Осакаров ауданы – 10, Шет ауданы жастарына 7 грант бұйырды.

– Игілікті шаралар еліміздің әр өңірінде қолға алынуда. Гранттар елдің ертеңі жастар үшін зор қолдау әрі демеу. Жалынды жастардың бастаған істеріне сәттілік тілейміз, – деп атап өтті Нұржан Ильяшов.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button