АймақБас тақырыпҚарағанды

Жасанды интеллектке негізделген құқықтық сервис халыққа тегін көмек көрсетеді

Ж.Ақылбаев атындағы ғылыми технопаркте қарапайым заңгерлік кеңестен бастап сараптамалық қорытындыларға дейінгі қызметтерді қамтитын LegalExpert.kz құқықтық онлайн-сервисі іске қосылды. Цифрлық платформа академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің базасында әзірленген. Жоба халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, әділ сот пен заң көмегіне қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Университет ректоры Нұрлан Дулатбеков бастаманың әлеуметтік маңызын атап өтіп, ғылыми әлеуеттің нақты қоғамдық сұранысқа жауап беретін цифрлық өнімге айналғанын жеткізді.

– Жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар аясында бұл жобаның өзектілігі арта түсуде. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының кіріспесінде ғылым, білім, мәдениет пен адами капиталды дамыту идеялары айқын көрініс тапқан. Бұл ғылыми саланы дамытуға берік негіз қалыптастырып, университеттердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін күшейтеді, – деді Нұрлан Дулатбеков.

LegalExpert.kz сервисі тәулік бойы жұмыс істейді. Ол қарапайым азаматтарға ғана емес, кәсіби заңгерлер мен адвокаттарға да арналған.

Платформа жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген. Сервис азаматтық, қылмыстық және әкімшілік-процестік құқық салалары бойынша қойылған сұрақтарға жауап береді. Жауаптар қолданыстағы заңнамаға, нақты сот тәжірибесіне және ұқсас істер бойынша қабылданған сот шешімдеріне сүйене отырып қалыптастырылады. Сонымен қатар жүйе ықтимал тәуекелдерді көрсетіп, құқықтық әрекеттердің тиімді жолдарын ұсынады.

Сервис пилоттық режимде Қарағанды өңірінің тұрғындары үшін іске қосылғанымен, жүргізілген талдау барысында оған еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті шетелден де пайдаланушылар тіркелгені анықталды. Қазіргі таңда платформаны 5 мыңнан астам адам пайдаланған.

Таныстырылымға қатысушылар сервистің функционалын тікелей тестілеуден өткізіп, оның мүмкіндіктерімен танысты. Қатысушылар жобаның өзектілігі мен әлеуметтік маңызын, сондай-ақ цифрлық құқықтық құралдарды дамытудағы мемлекеттік органдар, ғылыми орта және азаматтық қоғам арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Жоба халықаралық тәжірибеге негізделген. Әлемнің көптеген елінде жасанды интеллектке сүйенген құқықтық сервистер Justice Gap деп аталатын, яғни халықтың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал және шалғай өңірлердегі топтардың әділ сотқа қолжетімділігі арасындағы алшақтықты азайту мақсатында кеңінен қолданылып келеді. Осыған байланысты зерттеу тобы алдағы уақытта шалғай ауылдық аймақтарға шығып, тұрғындармен бетпе-бет құқықтық кеңестер мен түсіндіру кездесулерін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жобаның қамту аясын кеңейтіп, оның нақты әлеуметтік әсерін арттыруға мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңде платформаны одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. Болашақта пайдаланушылар сот процесіне қатысу үшін қажетті құжаттарды сервис арқылы автоматты түрде қалыптастыра алады.

– Құжаттар автоматты режимде жасалатын болады. Пайдаланушы істің қазіргі мәртебесін – талапкер немесе жауапкер ретіндегі жағдайын көре алады. Жүйе істің мән-жайы мен қаралу сатысын ескере отырып, тиісті құқықтық қолдау ұсынады. Сонымен қатар платформада соттардың ресми сайттарына апаратын сілтемелер орналастырылады, – деді зерттеу тобының мүшесі Амантай Абдолла.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button