Бас тақырып

Жасанды интеллект журналисті алмастыра ала ма?

«Журналистерге мақаланы жасанды интеллект жазып береді» деген дақпырт желдей еседі. Бұл – шығармашыл адамның шамына тиетіндей сөз. Десе де, қай салада болсын ЖИ-ді пайдалануға шектеу болмағанымен, әр істің өз шама-шарқы, шегі бар. Ендеше журналиске ЖИ пайдалануға бола ма, болмай ма? Біз осыны зерделеп көрдік.

Сурет автордан

ЖИ журналистің орнын баса ма?

Жасанды интеллект пен цифрлық технология медианың болмысын түбегейлі өзгертті. Жаһанды жаулаған ғаламтор құрлық пен елді, ел мен жерді жалғап, жылдамдыққа жол ашса, енді одан да озық жасанды интеллект жалғанды жалпағынан басып озып барады.

Бүгінгі дәуірде шындыққа айналған жасанды интеллект медиасалаға қазірдің өзінде ықпал етіп отыр. Десе де, журналистиканың мәні мен мазмұны – журналистің өзі болып қала береді. Оның азаматтық үні мен жауапкершілігі қоғам үшін қашан да құнды.

Қазіргі уақытта ЖИ журналистикадағы кейбір мамандықтарды алмастыра бастағаны айтылып жүр. «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабектің айтуынша, мұндай мамандар қатарына қысқа жаңалықтар жазатын, спорт нәтижелерін, ауа райы болжамын, қаржылық есептерді жазатын контент жасаушы немесе жаңалық жазушылар кіреді. Сонымен қоса, аудармашы-журналистер, репортерлер және аналитикалық шолу жасаушылар, корректорлар да бар.

ЖИ-дің аударма модельдері барған сайын дамып келеді. Нәтижесінде ЖИ-мен аударма жасауда еш кедергі жоқ. Орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасайтын кейбір қосымшаларды мемлекеттік органдар да пайдалана бастаған. Спорттық шолулар, экономикалық есептер және қаржылық жаңалықтар саласында автоматтандырылған жүйелер адам күшін алмастырып, талдап, қысқа әрі түсінікті форматта ұсына алады. Тіпті, сандық интеллект орфографикалық және стилистикалық қателерді оп-оңай түзете алады.

Алайда, ЖИ алмастыра алмайтын мамандар да бар. «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек оларды да атап береді. Қатарда зерттеуші-журналистер, сарапшы-журналистер мен креативті контент жасаушылар бар. Фактчекинг, терең зерттеу, эксклюзивті ақпараттарды талдау секілді күрделі үдерістерді ЖИ жасай алмайды. Сондай-ақ, құқықтық, моральдық, этикалық аспектілерді ЖИ әлі түсіне алмайтындықтан, мұнда адам факторы бірінші орында қала береді.

ЖИ-ден тартынбаған жөн

Адам істеп келген жұмысты ЖИ-ге тапсырсаң, заматта жасап береді. Бәрінің көзі жеткен дүние бұл. Тіпті, ақылды жүйе адамның зердесінен асып түсіп, өзіне бағынбай кететіндей көрінеді кейде. Өйткені, сандық интеллект өз алдына дербес дүние болып алды. Өзіміз барып қатысқан «Astana Media Week» апталығында Euronews телеарнасының халықаралық тілшісі Денис Локтье ChatGPT-дің 20 пайызға ғана қателесетінін айтқан еді.

– ChatGPT баспасөз-релиздерін адамнан жылдам дайындап береді, әрі сенімді сөйлейді, виртуалды журналист ретінде қызмет ете алады. Бірақ, қателесетін тұстарын аңғармай қалуыңыз кәдік. ChatGPT 20 пайызға қателеседі. Баспа, баспасөздердегі бет әрлеуші-дизайнерлерге келетін болсақ, ЖИ шын мәнінде, оларға техникалық жағынан көмектесе алады, күнделікті үдерістерді автоматтандырады. Бірақ шығармашылық жағына келгенде маманды алмастыра алмайды. Сондықтан шығармашылық, адамгершілік, шынайы көзқарас болашақта құнды болып қала бермек. Жасанды интеллект жаны жоқ, ал, біз жаны бар адамбыз.

Сондай-ақ, халық арасына шығып, ел ішіндегі мәселенің басына барып, көзбен көріп, қолмен ұстап сараптамалық материал дайындайтын журналистерді ЖИ алмастырады деп айту қиын, – деді ол.

Зерттеулерге сүйенсек, ел тұрғындарының 65 пайызы жаңалықты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден оқып-біледі. Осы орайда газет оқылмайды деген пікір де қылаң беретіні жасырын емес. Тіпті, осы заманда қағаз газетті қолына алып оқитын адам азайып бара ма деп қауіптенесің. Әлеуметтік желіде «таңда жаңа шыққан газетті оқу – тек настольгияға айналып барады» депті бәзбіреулер. Сұраған жанға газеттің өзінен гөрі, сілтемесі лезде баратыны белгілі. Десе де, сенімді ақпарат көзі ретінде деректі тасқа басатын газеттің жойылмайтынын айтады мамандар. Сүзгіден өткен, сарапталған ақпаратты жариялайтын дәстүрлі медиаға деген сенім де ешқашан жойылмақ емес. Ал, дәстүрлі медианың жаңа технологияға бейімделуі – заманның көшінен қалмаудың әсеріндей елес береді.

– Кез келген материал адамның көмегінсіз дайындалмайды. Сондықтан, техникалық тапсырмаларды автоматтандыру – мәтінді тексеру, қысқарту, аударма жасау секілді қабілеті газеттерге басқа ақпарат көздерімен тең дәрежеде жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – дейді Денис Локтье.

Жасанды интеллект журналистің орнын алмастыра алмайды. Дегенмен, одан тартынбаған жөн. Мамандардың дені осындай пікірде. Мәселен, белгілі медиасарапшы, «Qazcontent» АҚ SЕО маманы Аршат Ораз:

– Қазақ журналистикасы жаңа технологияға әлі дайын емес. Әлі күнге дейін қауіппен, қорқынышпен қарайды. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ маманды, журналистің жұмысын тартып алмайды, керісінше ЖИ-ді білетін адам оның орнын басуы мүмкін. Заманның үрдісіне ілеспесе, өз орнын жоғалтуы да бек мүмкін, – дейді.

Университеттерге жаңа бағдарлама қажет

Жасанды интеллект дамыған қазіргі кезеңде қабылданған заңнаманың өзі толықтыруды қажет етеді. ЖИ-мен жұмыс істеуге қабілетті маманды даярлайтын оқу бағдарламалары әлі толық қалыптаспаған. Баршаға міндеттелгенімен, кіріспе деңгейінде қалып отырғанымыз жасырын емес. Көп жағдайда университеттердің оқу бағдарламалары технологиялық үдерістерге ілесе алмай қалып жатады.

Өңірде медиа мамандарды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің журналистика кафедрасы. Мұнда «Медиасауат», «Цифрлы журналистика», «Фактчекинг», «Мобилография» сынды заманауи пәндер оқытылады.

– Студенттерге жасанды интеллектімен жұмыс жасау дағдысы үйретілуде. Оқыту барысында әр пән бойынша оқу бағдарламасында кейбір тақырыптар нейрожеліге байланысты жоспарланады. Ол сабақтарда мәтін генерациялауды (ChatGPT, Gemini, т.б.), деректерді визуализациялауды, видео, аудио өңдеуді үйренеді. Тіпті, тікелей эфир ұйымдастырылып, жауап қайтару үшін ChatGPT-дің көмегіне жүгінеді. Қызығушылық болғанымен, көптеген университетте бұл дағды толық әрі жүйелі үйретіледі деп айту қиын. Өйткені, технология дамып жатса да, оқытушы дайындығы мен бағдарламалар мазмұны артта қалып жатады, – деді оқытушы Жанар Рамазанова.

Шындығында, түлектер жұмыс орнына кәсіби дайын боп баруы үшін университетте оқыған оқуы да заман талабына сай болуы керек. Алайда, оқу бағдарламалары белгілі бір стандарттармен бекітілгеннен кейін заманға бейімделе қоюы, өзгеріске түсуі қиын. Бұл мәселені қазіргі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те өз сұхбаттарында айтқан еді.

– Медиа саласының қарқынды дамуы оқу бағдарламасын үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Сондықтан, білім беру ұйымы нарық сұранысына тез бейімделетін, икемді бағдарлама әзірлеуге ерекше көңіл бөлуде, – дейді Жанар Сембекқызы.

Журналистерге ЖИ пайдалануға бола ма?

Сонымен, журналистерге жасанды интеллектті пайдаланудың әбестігі бар ма? Бүкіл әлем күнделікті қайталанатын тірлікті ЖИ-мен автоматтандырып жатқанда, журналистика саласы да мұнан қалыс қалған жоқ. Технология журналистерге жаңа мүмкіндік ашып отыр. Телефон мен интернетсіз өмірді елестету қандай қиын болса, уақыт өте келе, тіршілікті ЖИ-сіз елестету де сондай көрініске ие болатындай. ЖИ-ді әлі пайдаланып көрмеген жан мұны мойындай қоймас, дегенмен, түбі осындай пікірге келетіні анық. Сәт сайын жетілген үстіне жетіліп жатқан ЖИ адамды шаң қаптырып бара жатыр. Осыдан бір жыл бұрынғысымен салыстырғанда әжептәуір жетілгенін байқайсыз.

«Astana Media Week» апталығында Baq.kz тілшісі Анеля Өсерхан жасанды интеллект ақпарат көздерімен жұмыс істеуде тиімді екенін айтты.

– ЖИ ол – робот. Онымен жұмыс істей білсең, нәтиже болады. ЖИ пайдаланған күннің өзінде материалдың 75 пайызы журналистікі болса, ол материалды жазған журналистің өзі болып есептеледі. Ақылды жүйе журналистен кем жазбайды. Десе де, ақпарат, фактілердің, деректердің дұрыстығын тексеру керек. Әйт­песе, мұны ЖИ жазды деп айта алмайсың, оған тапсырма беретін өзің болғандықтан, авторы да өзің. Ақпарат іздеуді автоматтандырса да, фактілерді жинап қана қоймай, дұрыс түсініп, талдап, оқырманға жеткізу және жарияланымның этикалық жауапкершілігі әлі де адамға тиесілі. ЖИ-де жауапкершілік жоқ, – деді медиа маман.

Ақылды жүйенің артықшылығы осы. ChatGPT ақпарат пен фактіні жинап берсе, оны ары қарай қорытып, өз стилінде оқырманға жеткізу – журналистің міндеті. Десе де, қазірдің өзінде барлық журналист ЖИ-ге жүгінеді деген пікірден аулақ болған жөн.

Белгілі журналист Аршат Ораз атап өткендей, ChatGPT қосымшасы журналиске репортаж, сұхбат жасайтын болса, уақыт үнемдеуге көмектеседі. Контент бұрынғыдан да сапалы, мәтіннің орналасуы оқырманға түсінікті болуы үшін жүйелеп береді деген пікірде.

– Шетелде кейбір редакция­лар күнделікті жаңалықтарды автоматты түрде ЖИ арқылы дайындайды. Мысалы, спорттық матчтар немесе ресми кездесулер бойынша жаңалықтарды жасанды интеллект жазады, ал журналистер дайын мәтінді өңдеп, талдау мен эксклюзивті материалға көбірек уақыт бөледі. ЖИ – бұл ең алдымен көмекші, ассистент. Ол журналистің уақытын үнемдейді, бірақ адамның эмоциясын, сараптамалық ойлауын және сезімін алмастыра алмайды, – деді медиасарапшы.

Маманның айтуынша, ақылы ЖИ сервистері деректер базасы тұрғысынан әлдеқайда толық әрі сапалы, ал тегін нұсқалар көбіне шектеулі, кәсіби контентпен жұмыс істеуге жарамсыз.

Туындыны ЖИ жасаса, авторлық құқық кімде?

Биыл 24 қыркүйекте Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» Заң жобасын мақұлдады. Енді авторлық құқық мәселесі заңмен реттелетін болды. Адамның қатысуынсыз тек ЖИ-дің өзі жасаған туындылар авторлық құқықпен қорғалмайды. Бірақ оның ақылды жүйеге шығармашылық сұранысы (prompt) авторлық құқық нысаны ретінде қаралуы мүмкін. ЖИ-ді оқыту үшін ғылыми еңбектер мен шығармаларды пайдалану оның иесі тыйым салмаған жағдайда ғана рұқсат.

Белгілі журналист Төлен Ті­леу­байдың айтуынша, ЖИ-ге қан­дай да бір тапсырма берген адам­ның өзі шығармашылық иесі болса, ол өзінің авторлық құқығын қорғай алады.

Әдетте, әр журналистің мақаласы ғаламтор бетінде, сайттарда жарияланады. Ал, оны ЖИ пайдаланып, сұрау салған адамға берсе, мұндай жағдайда қайтпек керек? Мұндайда авторлық құқық кімге тиесілі? Журналист Төлен Тілеу­бай «Жасанды интеллект және авторлық құқық» мақаласында Заң жобасын әзірлеушілердің бірі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смяшляеваның пікірін келтіреді:

– Мұндай жағдайда біз әлемдік тәжірибеге сүйенеміз. Мәселен, ЖИ-ді қолдануға өз құқығын тіркеуден өткізген автор машинасына өз шығармасын алгоритм пайдаланбасын деген белгі қоюы тиіс. Біз осы мәселені жан-жақты талқылап жатырмыз. Егер техникалық тұрғыдан бұл мүмкін болса, нақты шешімге келеміз. Ал, мүмкін болмаған жағдайда аталған норманы әрі қарай жетілдіріп, талқылауды жалғастырамыз, – деп жауап беріпті.

Түйін

Жасанды интеллект медиа саласына жаңа мүмкіндік пен жаңа міндет жүктеп отыр. Қай салада болсын, жасанды жадыны адам ақылы басқарады. Сондықтан, қоғамда өзіндік үні мен сөзінің салмағы бар, шындықтың соңына шам алып түсетін мамандарды алмастырмақ емес. Ақпаратты терең түсіну, оқиғаның ішіне еніп, адам эмоциясын сезіну, этикалық межені сақтау – жасанды зердеге емес, адамға тән қабілет. Әйткенмен, жұмысты жеңілдететін ЖИ-ді меңгерген жөн-ау.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button