Жасанды интеллект жәрдемге келмек
Техника дәуірінде биометриялық сканерлеу арқылы денсаулық көрсеткіштерін қашықтан анықтау, арнайы ақпараттың кең түрде талдау мүмкіндігі – таң қалатын дүние емес. Мұндай мүмкіндік Қарағанды кардиологтарына да қолжетімді болып отыр. №2 көпсалалы аурухана базасында жұмыс істей бастаған жүрек-қан тамырлары ауруларын үйлестіру және диагностикалау орталығы сөзімізге дәлел.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты аурухана директоры Арыстан Мағзұмов пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова орталықпен кеңінен таныстырды.
Күрделі жөндеуден өткен ескі емхананың ғимараты түрленіп шыға келген. Дәрігерлердің қызметіндегі ыңғайлы кабинеттер, заманауи жабдықтар мен жаңа технологиялар жаңа бастамаларға, тың мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
– Орталықтың негізгі мақсаты – жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз жүрек және қан тамырлары аурулары бар науқастарды емдеу. Бұл – орташа және ауыр созылмалы коронарлық артерия ауруы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, жүрек қағысының қарапайым және күрделі бұзылыстары бар науқастар, туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақаулары. Мұнда балалар мен ересектер кардиологтары, кардиохирургтар, қан тамырлары хирургтары кеңес береді. Функционалдық диагностиканың барлық түрі бар – жүрек пен қан тамырларының ультрадыбыстық зерттеуі, ЭКГ және қан қысымының холтер мониторингі, – дейді Арыстан Мағзұмов.
Емделушілердің қоңырауын арнайы дайындалған call-орталық қызметкерлері қабылдайды.
Сонымен қатар, мұнда дәрігерлерге тәжірибе мен білім алмасуға арналған Оқу орталығы да пайдалануға берілді.
Енді, қыркүйек айында телемедицина кабинеті ашылады деп жоспарланып отыр. Пациенттерге нақты уақыт режимінде Қарағанды мен Астананың, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың жетекші мамандары кеңес береді. Бұл әсіресе, жақын маңда әрдайым бейінді мамандар табыла бермейтін ауылдық жерлердің тұрғындарына қатысты.
Аймақ басшысы аурудың салдарымен күресіп қана қоймай, алдын алуға баса назар аударуды сұрады.
– Біз денсаулық сақтау саласына бюджеттің ауқымды қаржысын жұмсаймыз. Екі жыл ішінде ауылдық жерлерде 92 ФАП салынады. Оның 14-інде қазір құрылыс басталды. Біз дәрігерлерді шетелге оқуға жібереміз, жас мамандарға арналған көтерме көлемін ұлғайттық, заманауи жабдықтарды сатып аламыз. Бірақ, кадрлардың сапалы жұмыс істеуі – зор мәнге ие, – деп атап өтті Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ