АймақБас тақырыпҚарағанды

Өңірде жасанды интеллект қарқынды дамуда

Жасанды интеллект – бүгінгі заманның басты технологиялық тренді. Ол тек ғылым мен өндіріс саласында ғана емес, қоғам өмірінің барлық бағытына еніп, басқару жүйесін, білім беру ісін, қауіпсіздік пен инфрақұрылымды түбегейлі өзгертуде. Қазақстанда бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануынан бастау алды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2026 жыл ресми түрде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Аталған құжатта Үкіметке цифрлық трансформацияны жеделдету, жасанды интеллект технологияларын экономиканың барлық саласына енгізу бойынша міндеттер жүктелді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облысында цифрландыру үдерісі 2017 жылдан бастап, кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Алғашқы жылдары негізгі басымдық мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, халыққа көрсетілетін қызметтерді электронды форматқа көшіруге және ақпараттық инфрақұрылымды дамытуға берілді. 2018 жылы облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының құрылуы цифрлық трансформацияны институционалдық тұрғыдан бекітіп, барлық жобаларды бір орталықтан үйлестіруге мүмкіндік берді. Осы кезеңнен бастап, цифрландыру өңір дамуының ұзақ мерзімді стратегиясына айналды.

– Электрондық үкімет жүйесін дамыту Қарағанды облысындағы цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі саналады. Бүгінгі таңда облыс аумағында жергілікті атқарушы органдар арқылы 196 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның 176-сы толықтай электронды форматта қолжетімді. Бұл қызметтер электрондық үкімет порталымен толық интеграцияланған. Соның нәтижесінде Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Абай, Сарань, Шахтинск, Приозерск және Қарқаралы қалаларының тұрғындары көптеген мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 99,5 пайызы электронды түрде ұсынылған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға артқан. Ал, 2024 жылғы қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша өңір қызмет алушылардың қанағаттану деңгейі жөнінен республикадағы үздік үш облыстың қатарына енді, – деді Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Марлен Мәжитұлы.

Электрондық үкіметпен қатар облыста өңірлік геоақпараттық жүйелерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірлік геоақпараттық портал облыстық және аудандық маңызы бар қалалар аумағында жер учаскелерін электронды форматта беру рәсімін айтарлықтай жеңілдетті. Бұрын жерге құқық рәсімдеу мерзімі 60 жұмыс күніне дейін созылса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 30 жұмыс күніне дейін қысқарған. Геоақпараттық портал арқылы жер телімдерінің орналасуы, инженерлік желілерге қосылу мүмкіндігі және инфрақұрылым туралы мәліметтер ашық көрсетіледі. Бұл шешімдер инвестиция­лық тартымдылықты арттырып, жер қатынастары саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуде.

2025 жылы электрондық форматта жер учаскелеріне құқық алу үшін 3 262 өтініш қабылданып, оның 1 317-сі бо­йынша рәсімдеу толық аяқталған. Бұл көрсеткіш өңірлік геоақпараттық портал мен электрондық үкімет жүйесінің тиімді ықпалдастығын айқын дәлелдейді. Кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін бұл жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етуде.

Облыстағы цифрлық басқарудың маңызды элементтерінің бірі – Senim109 бірыңғай үйлестіру орталығы. Бұл орталық азаматтардың өтініштерін қабылдау, тіркеу және өңдеу үдерістерін толық цифрлық форматқа көшірді. Senim109 электрондық үкімет, «Ашық қала» және «Ситуациялық орталық» ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. Жұмыс істеген уақытынан бері орталыққа 900 мыңнан астам өтініш түскен. Тек 2025 жылдың өзінде 52 мың өтініш тіркеліп, олардың 77 пайызы нақты шешімін тап­қан. Бұл деректер цифрлық платформалардың өңірді басқарудағы тиімділігін көрсетеді.

Қоғамдық қауіпсіздік саласында да цифрландыру мен жасанды интеллект кеңінен қолданылуда. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында аймақта 3 720 бейнебақылау камерасы және жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 182 автоматтандырылған кешен орнатылған. Бұл жүйелер құқықбұзушылықтарды автоматты түрде тіркеп, деректерді жедел өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылы өңірде 179 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталған. Мұндай технологиялар қылмыстың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.

Көлік және жол инфрақұрылымында да жасанды интеллект шешімдері енгізілуде. JoLScan пилоттық жобасы автомобиль жолдарының жай-күйін компьютерлік көру технологиясы арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Жоба аясында 200 шақырымнан астам жол қамтылып, 500-ден аса бірегей ақау анықталған. Сонымен қатар, жедел жөндеуді қажет ететін бес критикалық аймақ белгіленді. Қарағанды қаласында енгізілген «ақылды» бағдаршамдар жүйесі көлік ағынын нақты уақыт режимінде талдап, кептеліс­терді азайтуға ықпал етуде.

Өңірдегі инновациялық экожүйенің маңызды бөлігі – «Террикон алқабы» IT-хабы. Бұл орталық Қарағанды облысында стартаптарды, IT-кәсіпкерлікті және жасанды интеллект жобаларын дамытуға бағытталған. 2025 жылы «Террикон алқабы» аясында 110 нетворкинг іс-шарасы мен бизнес-бағдарлама ұйымдастырылып, оларға 4 300-ден астам адам қатысты. Акселерациялық бағдарламалар шеңберінде 11 жоба 23,2 миллион теңге көлемінде грант және 54,2 миллион теңге көлемінде инвестиция тартты.

Жасанды интеллекттің өңір дамуына ықпалы білім беру саласында да айқын көрінеді. Қарағанды облысында мектептер мен колледждерде ЖИ негізіндегі цифрлық платформалар кеңінен қолданылуда. Мұғалімдер сабақ жоспарлау, тест тапсырмаларын әзірлеу және оқу материалдарын визуализациялау үшін заманауи технологияларды пайдаланады.

Өңір мектептерінде жасанды интеллект құралдары бірнеше бағытта. Әмбебап және мәтіндік көмекшілер қатарында Google Gemini, ChatGPT және Copilot платформалары бар. Бұл құралдар сабақ жоспарларын әзірлеу, тест тапсырмаларын құрастыру, мәтіндерді генерациялау және күрделі тақырыптарды түсіндіру барысында тиімді пайдаланылуда. Сонымен қатар, ақпарат іздеуге арналған Perplexity AI, мәтін сапасын жақсартуға бағытталған DeepL Write платформалары да мұғалімдер тәжірибесіне енгізілген. Арнайы оқу құралдары да пән ерекшелігіне қарай қолданылады. Атап айтқанда, математика сабақтарында есептерді қадамдап шешуге арналған Photomath пен MathGPT, жаратылыстану ғылымдарында BioRender, PhET Simulations, Google Earth құралдары пайдаланылады. Тілдік пәндерде мәтінді өңдеу және стильдік тексеру үшін QuillBot пен Grammarly кеңінен қолданылса, бағдарламалау және бейне жасау саласында GitHub Copilot, Replit Ghostwriter, Synthesia, Runway ML платформалары енгізілген. Шығармашылық бағытта музыка жазуға арналған Soundraw.io платформасы да оқушылардың креативті әлеуетін дамытуға ықпал етуде.

– Соңғы үш оқу жылы ішінде «Информатика» пәні мұғалімдеріне арналған «Computer Vision (жасанды интеллект)» проблемалық курсы бойынша облыс көлемінде 222 педагог оқытылды. Сонымен бірге, әр аудан мен қалада «Жасанды интеллект» бағыты бойынша арнайы тренерлер даярланып, 2024-2025 оқу жылының Қысқы мектебі мен 2025-2026 оқу жылының Күзгі мектебі аясында барлық информатика пәні мұғалімдерінің 100 пайыз қамтылуы қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, аталған кезеңдерде 500-ден астам педагог «Digital Mind: жасанды интеллект дәуіріндегі цифрлық және медиа сауаттылық» курстарынан өтті. Облыс бойынша ЖИ бағытында 4 авторлық бағдарлама бекітіліп, «Зейін» BootCamp, шеберлік-сыныптар мен тәжірибе алмасу алаңдарында педагогтер өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Class time.com және Coreapp.ai платформаларын қолдану тәжірибелері ұсынылды, – деді облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Жансая Сартаева.

Қарағанды облысында білім алушыларға жасанды интеллект технология­ларын мектеп қабырғасынан бастап меңгертуге ерекше назар аударылуда. Бағдарламалау дағдылары орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары мен үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес 6-9 сыныптарда қалыптастырылады. Бұл дағдылар робототехника, STEM-зертханалар және IT-үйірмелер арқылы инвариантты және вариативті компоненттермен интеграцияланған. Сонымен қатар, облыста орта білім беру ұйымдарының білім алушылары үшін бағдарламалау негіздерін оқытуға бағытталған Astana Hub республикалық пилоттық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Нұра және Ақтоғай аудандарындағы 10 білім беру ұйымы қамтылып, «Жасанды интеллект» және «Game development» бағыттары бойынша оқыту жүргізілуде. Жобаға қатысқан педагогтер оқу курстарын жоғары нәтижемен аяқтап, кәсіби біліктіліктерін растайтын сертификаттарға ие болды. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап білім алушыларды аталған бағыттар бойынша оқыту басталды. 10-11 сынып оқушылары үшін «Startup Academy», «No Code», «Low Code» курс­тарына қолжетімділік қамтамасыз етіліп, edu.astanahub.com онлайн-платформасында оқыту жүргізілуде. Пилоттық жобаға қатысқан білім алушылардың жалпы саны 460 оқушыны құрады.

– «Жаңа мамандықтар атласы» байқауы аясында «ЖИ жүйелерін оқыту және тестілеу жөніндегі маман» бағыты бойынша жобаларды қорғаудың облыс­тық іріктеу кезеңі аяқталды. Байқауда үздік деп танылған білім алушылар 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында өтетін «Болашаққа жолдама» форумында облыс намысын қорғайды. Байқаулардың басты ерекшелігі – оқушылардың жасанды интеллект жүйелерін тестілеуді, сондай-ақ, «Цифрлық әлемге қадамдар» жобасы аясында ЖИ көмегімен кәсіби бейне контент пен мультфильмдер жасауды меңгеруінде, – деді Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Жансая Сартаева.

Денсаулық сақтау саласында да цифр­ландыру аясында жасанды интеллект технологиялары кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Бұл бастама медициналық қызмет сапасын арттыруға, құжат айналымын жеңілдетуге және медицина қызметкерлерінің жұмыс жүктемесін азайтуға бағытталған.

– Қазіргі таңда жасанды интеллект облыстың денсаулық сақтау ұйымдарында стандарттар мен нормативтік-құқықтық актілердің сақталуын бақылау, сондай-ақ, медициналық құжаттаманы автоматтандыру бағыттарында қолданылады. Аталған жүйелер диагноз қоюға қатыспайды және дәрігерді алмастырмайды, тек көмекші құрал ретінде пайдаланылады. Жасанды интеллектті енгізу жұмыстары Қарағанды қаласындағы №3 емханадан басталып, бүгінгі күні облыстағы барлық медициналық ұйымдарды қамтыды. Негізгі мақсат – Alima цифрлық медициналық сарапшысы арқылы медициналық деректерді талдауға қолдау көрсету, бұйрықтар мен клиникалық талаптарға сәйкестікті бақылау, сондай-ақ, КМИС жүйесінде қайталанатын әрекеттерді автоматтандыру, – деді Денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Аслан Темиров.

ЖИ қолданудың нәтижесінде ЕСОМП жүйесінде қателіктер мен дефектілер санының азайғаны тіркелген. Бұл цифрлық шешімдердің медициналық құжат сапасын арттыруда тиімді екенін көрсетеді. Сонымен қатар, жаңа технологиялар дәрігерлер мен мейірбикелердің әкімшілік жүктемесін едәуір жеңілдеткен.

Жасанды интеллект жүйелерімен жұмыс істеу үшін медицина қызметкерлері «Даму мед» платформасына және каскадтық әдіспен арнайы оқытудан өткен. Айта кету керек, бұл технологиялар пациенттер үшін көзге көрінбейді, себебі емдеу немесе диагноз қою процесіне тікелей араласпайды.

Алдағы 3-5 жылда өңірде Cerebra бағдарламалық қамтамасыз етуі мен Spina Bifida ауруын ерте анықтауға арналған жасанды интеллект модулін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар ауылдық медициналық ұйымдарды қоса алғанда, облыстың барлық аумағын қамтиды.

Қарағанды облысында жасанды интеллект, электрондық үкімет, өңірлік геоақпараттық жүйелер және инновациялық IT-хабтар өзара байланысқан бірыңғай цифрлық экожүйе ретінде дамып келеді. Мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі, жер қатынастары саласындағы ашықтық, қоғамдық қауіпсіздік пен білім беру саласындағы цифрлық шешімдер өңірді басқарудың жаңа сапасын қалыптастырды. Бұл тәжірибе Қарағанды облысын Қазақстандағы цифрлық трансформацияның алдыңғы қатарлы өңірлерінің біріне айналдырып, болашақ инновациялық экономиканың берік негізін қалап отыр.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button