Бас тақырып

Жасанды интеллект полицияға қалай көмектеседі?

Сандық технология дәуірінде Қазақстан Республикасы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын алға оздырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі шешуші рөлін айқындай түсуде. Әсіресе, отандық өндірістің жүрегі саналатын Қарағанды секілді өңір үшін оның өзектілігі айрықша. Экономикалық қарқын неғұрлым күшейген сайын қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлер де анағұрлым көбейіп келеді. Демек, қазыналы өлкеміздің зәнтек қошқыл көмірінен әнтек жөнекей кісінің өміріне дейінгі аралықты сандық тетік қайтып қауіпсіз етпек? Қайтып қорғамақ? Заң үстемдігі қалай бекемдене түспек? Осы сауалдарға да бір мезет жауап іздей кетелік деп ұйғардық.

Сурет ЖИ

Көлегейден көрінген код

Темірқазықтай теңгерімді технологиялар дендей енген қазіргі қоғамда цифрлық бақылау, бейнесараптама, онлайн-қызметтер мен құқық қорғау органдарының автоматтандырылған жүйелері тұрғындар тыныштығын сақтауда жаңа деңгей қалыптастырып келеді. Соңғы жылдары аймақ ұлттық «Digital Kazakhstan» бағдарламасының аясында цифрлық жаңалықтарды сынақтан өткізетін тәжірибе алаңына айналды. Өңір экономиканы да, қоғамдық өмірді де оңтайландыруға бағытталған бірқатар озық шешімдерді енгізіп үлгерді. Солардың ішіндегі ең сүбелілерінің бірі – кен өндіру саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу үдерісі. Mining Week 2025 көрмесінде Қарағанды жерінде алғаш таныстырылған MINE.IO жобасы шахталардағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған IoT жүйелерін, датчиктерді және деректерді терең талдау мүмкіндіктерін паш етті. Технологиялар адам өмірін қатерге тігетін тәуекелдерді азайтып қана қоймай, әрбір өндірістік әрекеттің цифрлық ізін қалдырады. Ал, сол іздер – кез келген төтенше жағдай немесе өндірістік дау туындаған шақта нақты дәлел ретінде пайдалануға болатын тың құқықтық ресурс.

Шахтаның қара тасындай қатал еңбекпен ұштасқан технологияның тың тынысы аймақтың болашақ қауіпсіздігіне жаңа кепілдік ретінде бағамдарлық шақ есігімізді қақты.
Қоғамдық секторда да цифрландыру лебі тезінен жетіп, мемлекеттік қызметтердің сандық жүйеге көшу қарқыны арта түскен. Үкімет тарабының деректеріне сүйенсек, трансформация халықтың білім беру ұйымдарына онлайн-жазылуын да, медициналық мекемелерге тіркелуін де жеңілдетіп, қызмет көрсетудің тиімділігі мен ашықтығын жаңа деңгейге шығарған. Қарағандыда инвестициялық жобаларға арналған арнайы платформа іске қосылып, жыл соңына дейін 120-ға тарта бастаманы жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың басым бөлігінде қаржы ағымдарын бақылау үшін блокчейн тетіктері қарастырылған. Ұлттық деңгейде Қазақстан жасанды интеллект пен блокчейнді жедел енгізіп, өзін өңірлік технологиялық көшбасшы ретінде танытуға ниетті. Үзіліссіз үрдіс аймақта ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің цифрландырылуынан анық байқалады: әрбір датчик, әр аналитикалық модуль ресурс үнемін есептеп, өндірістің тынысын дәлдікке сүйеп тұр.
Көз алдымызға күнделікті атар таңды қайыра бір елестетелік. Ауысымына бет алған кенші «ақылды» каскасын киіп, ішкі датчиктері әр қадамын тіркеп, дене қозғалысын қалт жібермей бақылап барады. Таңдамалы деректер қауіптің алдын алу үшін ғана емес, қажет жағдайда даулы оқиғалардың мән-жайын анықтайтын цифрлық ізге, яғни, заң алдында күші бар айғаққа айналады. Ал, Балқаш секілді бағаналы шаһарларда тұрғындар коммуналдық қызметтердің жұмысын нақты уақыт режимінде бақылай алады. Сандық сервистердің мүлтіксіз мүмкіндігі артық шығын мен сыбайласты азайтып, қала тіршілігінің ашықтығын арттыруда.

Әр адым – есепте

– «Заң мен тәртіп» тұжырымдама­сы тек қағазда қалмай, өмірде де өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Бұл жерде жергілікті жұртшылықтың құқықтық сауаты ерекше маңызды. Прокуратура өкілдері қоғамдық орындарда арнаулы ақпараттық QR кодтар орналастырды. Қала тұрғыны өз телефонын сол кодқа апарып, қажет ақпаратқа бірден қол жеткізе алады. Бұл тек мәнді мәліметке қол жеткізуді жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындарға құқықтық мәдениет пен заңға сенімділікті арттыруға нақты мүмкіндік сыйлайды. Әрбір QR код – қоғамға ашықтық пен тәртіптің сандық кепілі, – дейді Қарағанды облысының прокуратурасы бірінші басқармасының басшысы Алмаз Бекмағамбетов.

Цифрландыру құқықтық тәртіпті күшейтудің нақты құралына айналды. Деректер тергеу мен бақылаудың сенімді механизміне ұласып отыр. Мысалы, өңірде 19 мыңнан астам көшедегі камералар желісі жасанды интеллект арқылы адамның жүзін танып, мінез-құлқын талдайды. Бұл полицияға қылмыстың алдын алуға көмектеседі. Ал, құқық қорғаушылар күрделі істерге толық көңіл бөле алады. Цифрландыру сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты да азайтуда. Мәселен, 61 бизнес-­үдерістің қайта жобалануы шешімдерді орындау мен сараптамаларды жылдамдатты. Солайша, сот ісінің уақыты 30-40%-ға қысқарды. Қылмыстық істерде жасанды интеллект деректерді автоматты түрде саралап, тергеуді жеделдетеді. Дегенмен, қауіп бар: бақылау жүйесінің кеңеюі «сандық авторитарлық мемлекет» қаупін туындатуы мүмкін. Цифрландыру алаяқтыққа қарсы күресті күшейтті. Антифрод-орталық 80 мыңнан астам оқиғаны тіркеп, полиция жалған SIM-карталарға арналған жабдықтарды тәркіледі. Бұл заңға сенімділікті арттырып, «цифрлық іздің» сотта сенімді дәлелге айналуын қамтамасыз етті. Еске салсақ, осы жылдың қаңтарында полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері интернет-­алаяқтарға қарсы рейд ұйымдастырып, 232 SIM-карта мен арнайы жабдықты тәркіледі. Ал, қарашада Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер министрлігі жол ережесін бұзуды тіркеуге арналған сандық құралдарды уақытша тоқтатты. Сындарлы шешім цифрландыруда қауіпсіздік пен жеке өмірді қорғау арасындағы теңгерімнің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте қаперге салғандай. Қазан айында Қазақстан Республикасы заңнамаға жасанды интеллектті енгізді. Бұл ережелерді бүгінгі өмірімізге жылдам бейімдеуге мүмкіндік береді. Сол айда 14,4 млн еуро көлеміндегі цифрлық активтердің тәркіленуі қаржылық қылмыстарға қарсы күрестің тиімділігін айқын көрсетті. Өңірде өнеркәсіп қарқынды дамып, киберқатерлердің көбеюіне әкелсе де, цифрлық инновациялар жол ашып отыр. «Бұрын тергеулер апталарға созылатын. Қазір жасанды интеллект бейнежазбаларды санаулы минуттар ішінде талдап, іздерді нақты дәлелге айналдырады», – дейді жергілікті полиция қызметкері Серік Аманжол. Ол сөзін әрі қарай былай жалғады: «Әр кадр, әр қадам – енді тек бақылау емес, сотта күшіне енетін нақты құқықтық дәлел. Теңгерімді технология бізге тек қылмысты ашуға емес, сонымен бірге, қоғамдағы сенімділікті арттыруға зор мүмкіндік ұсынып отыр».

Қалыс бұрау

Парасатты алгоритм – әділет серігі. Иә, тірі ағза мен технология симбиозы көп жанға тосын ой іркетіні тағы жасырын емес. Таяу болашақ сұлбасы – әрнеге ұқсамасы ақиқат. Ақзер әлемнің түпкір-түпкіріне дейінгі сандық іздер әрбір қадамымызды жадына сақтап, реттеп отырады. Қылмыстың алдын алудан бастап, дерекқорды тиімді пайдалануға дейінгі мәселелерді шешеді. Деректер – енді жай ақпарат емес, сенім мен қауіпсіздіктің әмбебап тілі, қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімділіктің кепілі. Келер ұрпақ кодтауды өз ана тіліндей меңгеріп, цифрлық әлемде еркін әрекет ете алады. Жасанды интеллект пен адам қабілеті бірігіп, әлемді қадағалаушы емес, қорғаушы күшке айналады. Қала мен дала, өндіріс пен ауыл шаруашылығы арасындағы шекаралар азайып, технология адамдардың өмір сапасын арттыра түспек. Сандық іздер, автоматтандырылған жүйелер және блокчейн арқылы әлем ашықтыққа, әділетке және сенімге ұмтылады. Әр нәрсе уақытында келмек. Демек, осы игілік те өз күнінде, өз тінінде келіп жетіп, қоғам қазынасына қызмет етпек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button