Бас тақырыпБілім

Жасанды интеллект педагогтердің жұмысын жеңілдетіп, мұғалімдер жүктемесін азайтты

Мұғалімдердің күні-түні қағазға шұқшиятын заманы өтіп, қазір бәрін робот істейтін дәуір келді. Жасанды интеллект келгелі педагогтердің жұмысы жеңілдеп, жүктеме азайды. Мұндай ой-пікір олардың өз аузынан шығады. Күнделікті сабақ былай тұрсын, ұстаздар қауымының шығармашылық, ғылыми жұмыспен айналысуына, жаңа жобалар жасауына да осы ЖИ платформалары көмектесуде.

Сурет ЖИ

ЖИ курстары дайындалды

Қыркүйектен бастап, Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму министрлігі еліміздің білім беру саласында ЖИ-ді пайдалану жөніндегі ұлттық стандарттарды бекітті. Оған этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық мәселелері енгізілген болатын. Бұл ереже мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерді қамтыды. Негізгі мақсат – ЖИ-ді оқу процесіне енгізу, цифрлық оқулықтар әзірлеу, ЖИ-мен сауатты жұмыс істеуді үйрету, педагогтердің біліктілігін арттыру. Бұл Президент Жолдауында айтылған басым бағыттардың бірі саналады.

ЖИ элементтері қазірдің өзінде «цифрлық сауаттылық» және «информатика» пәндеріне енгізілген. Мұғалімдер біліктілікті арттыру курстарынан өтуде, онда олар этиканы, қауіпсіздікті және сабақта ресурстармен жұмыс істеуді үйренуде.

Мектептің жаны – мұғалім. Сондықтан ЖИ-ді мектеп өміріне пайдалануда мұғалімдердің біліктілігі мен дайындығы маңызды. Осы орайда еліміздің барлық өңіріндегі ұстаздарға «Өрлеу» білікті арттыру ұлттық орталығы ЖИ ресурстарымен сапалы жұмыс істеуді үйретуде.

«Өрлеу» білікті арттыру ұлттық орталығы Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Мейрамгүл Жетпісбаева тамыз айынан бері өңірдегі 8 мыңнан аса педагог Жасанды интеллект курсынан өткенін айтты. «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері» бағдарламасы бойынша онлайн оқу жыл соңына дейін жалғасады. Мұғалімдер кез келген уақытта тегін оқып, сертификат ала алады. Педагогтерге ЖИ-ді оқытуға арналған онлайн-курсты «Өрлеу» орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп әзірлегенін айта кеткен жөн.

– «Өрлеу» орталығы ЖИ-ді әр пән бойынша оқыту курстарын дайындады. Министрлік бекіткен оқу 2026 жылдың ақпан айында басталады. Әр пәнге арналған курс мұғалімдердің ЖИ туралы білімін арттырады деген сенімдеміз. Қазіргі курс – ЖИ туралы білімнің кіріспесі. Соның өзінде педагогтер платформалар көмегімен промт жазуды, бағалау, тексеру, мәтін жазу, сабақ жоспарын дайындауды, презентация жасауды үйренді. Тиімділігін де байқады, – деді Мейрамгүл Асылбекқызы.

Педагогтер белсенді пайдаланатын ЖИ ресурстары – ChatGPT, Gemini, Gamma, Suno AI, Quizizz AI, Kahoot AI. Бұлармен қалай жұмыс істеу қажеттігі курста да қамтылады.

ЖИ-ді ақылмен қолданған жөн

Мұғалімнің әр сабағында білім мен шығармашылық тоғысады. Мұндайда жасанды интеллект көмекке келіп, заманауи платформалар арқылы сабақ мазмұнын түсіндіру мұғалімдерге қиынға соқпайды.

Шет ауданы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі, 2021 жылдың «Үздік педагогі» Айгерім Бөлкенбаева жасанды интеллекттің мүмкіндігі шексіз екеніне көзі жетіпті. Өзі де сабақ барысында ЖИ платформаларын пайдаланып, нағыз көмекшіге айналдырған екен.

– Жасанды интеллект – менің тұрақты көмекшім. Сабақ жоспарын Magic school арнайы платформасы автоматты түрде жасап береді. Тіпті, дәптер тексеру, тест құрау секілді уақыт алатын жұмыс­тар үшін соған жүгінем. Бірақ, ЖИ ұсынған нұсқаны сол күйінде пайдалануға болмайды. Оны өңдеп, сыныптың деңгейіне, өзімнің сабақ беру стиліме бейімдеймін. Кез келген технологияны ақылмен қолдана білу керек. Академиялық адалдықты басты назарда ұстаған жөн, – деді білікті мұғалім.

Бұдан басқа мәтін жазу, тақырыпқа сай деңгейлік тапсырмаларды Diffit me платформасы дайындап береді екен. Айгерім Дәулетиярқызы авторлық әдіс ретінде оқушылардың визуалды ойлауын дамытатын суреттер жасауды қолға алыпты. Оны Bing Image Creator платформасы жасап береді.

Алғашқыда ЖИ технологияларын өз бетімен үйренген мұғалім өз тәжірибесін, жасаған жұмысын «Үздік педагог» атты жеке YouTube арнасына жүктеп, әріптестеріне бөлісіп отырады.

– ЖИ саласындағы дамуым тоқтап қалған жоқ. Уақыт өте келе «Өрлеу» орталығы ұйымдастырған жасанды интеллект бойынша арнайы курстан өтіп, жаңа құралдармен жұмыс істеуді үйрендім. Қазір мәтін, презентация, тест жасаумен қатар мультфильм жасайтын интеллекттерді де пайдаланып жүрмін. Мысалы, HeyGen, Pika Labs, Animaker секілді платформалар балаларға шағын анимациялар көрсетуге, сабақтағы проблемалық сұрақты визуалды түрде шешуге мүмкіндік береді, – деді ол.

«Жасанды интеллекттің пайдасы неде?» деген сұраққа жаттанды жауап дайын ғой. Ал, ұстаз оның әлсіз тұстары да бар екенін жасырмады. Мәселен, интернетке тәуелділік және ұсынылған контенттің бәрі бірдей педагогикалық талапқа сай келе бермейтіндігі. Бірақ бұл кемшіліктер оны тиімді қолдана білу мәдениетінен туындайтынын айтты.

– Әр мұғалім технологияны қолданғанда өз қолтаңбасын сақтай білуі қажет. Жасанды интеллект балалардың қызығушылығын оятуға, өзімді кәсіби тұрғыда дамытуға үлкен мүмкіндік береді, – деді ұстаз.

Бүгінде ЖИ-мен жұмыс істеуді бизнеске айналдырғандар көп. Мұны әлеуметтік желіден байқап жүрген боларсыз. Жарнамасы желіні жарып тұр. Өз бетімен оқығысы келетін мұғалімдер қалтасынан ақша шығарып, үйреніп жатыр. Пайдасы да жоқ емес секілді, оны пікірлерден-ақ байқайсың.

Ал «Өрлеу» білікті арттыру ұлттық орталығының Қарағанды облыстық филиалының директоры Мейрамгүл Жетпісбаева «Өрлеудегі» курстардың халықаралық стандарттарға сай жасалғанын әрі мұғалімдер үшін әрқашан тегін екенін айтты.

«USTAZGA AI» – жаңа жоба

«AMANAT» партиясы мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, педагогтерді жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдануды үйрететін «USTAZGA AI» атты жаңа жобаны іске қосты. Президент тапсырмасы аясында жүзеге асқан жоба педагогтің нағыз көмекшісі болмақ. Яғни, мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайтып, білім сапасын арттыруға және ел бойынша тең цифрлық мүмкіндіктер ұсынуға мүмкіндік береді.

Тың жоба жуық арада «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалында таныстырылған болатын. «USTAZGA AI» жобасы 3 кезеңді қамтиды. Алғашқыда тегін онлайн-курстар өткізіледі. Оқыту өңірлерде кезең-кезеңімен 2025 жылдың 3 қарашасы мен 20 желтоқсан аралығында өтеді. Екінші кезеңде онлайн-курсты сәтті аяқтаған 400 үздік педагог таңдалып, «Мұғалім AMANAT» педагогикалық хакатонына қатысып, өз жобаларын ұсынады. Соңғы кезеңде жеңімпаз атанғандар 2026 жылдың маусымында Корея Республикасына барып, 7 күндік тағылымдамадан өтеді.

– Бұл курс мұғалімдер үшін тегін. Сонымен қатар, олар әдістемелік материалдарды да тегін пайдалана алады. Біздің мақсатымыз – коммерциялық пайда табу емес, жасанды интеллектті мұғалімдердің жұмыс тәжірибесіне мүмкіндігінше тез енгізу. Себебі, балаларға дейін жасанды интеллектті белсенді қолданатын заманда мұғалімнің білімі оқушыдан да, студенттен де әлдеқайда жоғары болуы тиіс, – дейді «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова.

Түйін. Жасанды интеллект – мұғалімнің мүмкіндігін кеңейтетін қуатты құрал. Жаңа дәуірдің басты жетістігі ретінде ЖИ-ді үйрену – барлық маманға ортақ міндетке айналып келеді. Сондықтан, кім-кімге де мүмкіндіктен құр қалмаған жөн секілді.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button