Жасанды интеллект білім мазмұнын өзгерте ме?
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын енгізу заман талабына айналып отыр. Әсіресе, цифрлық экономика дамыған кезеңде мектеп оқушылары мен студенттердің жаңа технологияларды меңгеруі болашақ мамандарды даярлаудың бағыты саналады. Қарағанды облысында білім беру процесіне цифрлық технологияларды пайдалану жүйелі түрде енгізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар инфрақұрылымды жаңартуды, білім беру ұйымдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді және арнайы білім беру платформаларын енгізуді қамтиды.

Білім басқармасының мәліметінше, өңір мектептерінде жасанды интеллект элементтерін оқыту кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Облыстағы 10 пилоттық мектепте 10-11-сынып оқушыларына арналған «Жасанды интеллект» және «Game development» курстары енгізілген. Курстар республикалық «Астана Hub» жобасы аясында edu.astanahub.com платформасында оқытылады. Жоба оқушылардың бағдарламалау негіздерін меңгеруіне, цифрлық жобалар әзірлеуіне және заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұғалімдер сабақ барысында Google AI, Gemini, ChatGPT, Canva, Copilot, Photomath сияқты құралдарды пайдалануға ынталандырылуда. Бұл оқыту тиімділігін арттырып, пәнге деген қызығушылықты күшейтеді.
IT бағытындағы білім беру оқушыларға ерте жастан беріледі. Орта білім беру стандартына сәйкес бағдарламалау негіздері 6-9-сыныптарда оқытылады. Осы кезеңде оқушылар алгоритмдік ойлауды, код жазуды және цифрлық құралдарды пайдалануды үйренеді. Бағдарламалау мен роботтехника сабақтары негізгі және вариативті компоненттер арқылы жүзеге асырылады. Яғни негізгі пәндермен қатар элективті курстар, үйірмелер мен STEM-зертханалар жұмыс істейді. Жоғары сыныптарда вариативті бөлім есебінен «Жасанды интеллект» және «Game development» курстары өткізіледі. 2025-2026 оқу жылынан бастап, мектептердің вариативті бөліміне медиасауаттылық пен AI-сауаттылық модульдерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл оқушылардың ақпаратты талдау қабілетін дамытып, цифрлық ортада қауіпсіз жұмыс істеуіне көмектеседі.
– Заманауи технологияларды тиімді пайдалану үшін мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Педагогтерді даярлау бірнеше бағытта жүргізілуде. 2024-2025 және 2025-2026 оқу жылдарындағы қысқы және күзгі мектептер аясында информатика пәні мұғалімдері арнайы оқытудан өтті. Әр аудан мен қалада тренерлер дайындалып, педагогтердің жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасалды. «Цифрлық әлемге қадамдар» жобасы аясында «Computer Vision» проблемалық курсынан соңғы үш жылда 222 педагог өтті. Ал, «Digital Mind: жасанды интеллект дәуіріндегі цифрлық және медиа сауаттылық» курсынан 500-ден астам мұғалім білімін жетілдірді. Бұдан бөлек, облыс көлемінде цифрлық құралдарды пайдалану бойынша семинарлар мен шеберлік сағаттары тұрақты түрде өткізіліп келеді, – деді білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.
Облыста оқушыларға арналған қосымша цифрлық білім беру жүйесі де қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта 139 роботтехника кабинеті, 37 IT кабинеті және 37 STEM-зертхана жұмыс істейді. «Білім беру роботтехникасы», «Болашақ инженерлері», «IT эксперт» сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Қосымша білім беру ұйымдарында 1 204 оқушы бағдарламалау үйірмелеріне қатысады. Мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік ұйымдарда 7 851 бала роботтехника және блоктық бағдарламалау үйірмелеріне тартылған. Бұл көрсеткіштер цифрлық білім беру жүйесінің дамып келе жатқанын көрсетеді.
Осы бағыттағы білім беру болашақ мамандарды даярлаудың маңызды негіздерінің бірі саналады. Оқушыларға өз кәсіби жолын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Мәселен, «Жаңа мамандықтар атласы» байқауы барысында қатысушылар заманауи технологияларды зерттеп, өз жобаларын қорғайды. Олар цифрлық құралдарды пайдалану арқылы болашақ мамандықтардың ерекшеліктерін талдап, жаңа идеялар ұсынады. Мұндай бастамалар оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілетін дамытуға ықпал етеді. Бұл жұмыстар PISA-2029 халықаралық зерттеуіне дайындықтың маңызды бөлігі саналады. Жаңа технологияларды оқу процесіне енгізу оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Басқарма мамандары дерегінше, ауыл және қала мектептері арасындағы цифрлық білімге қолжетімділік айырмашылығын азайту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Пилоттық жобаларға ауылдық тірек мектептері де енгізілген. Нұра ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп пен Ақтоғай ауданындағы тірек мектептері «Астана Hub» жобасына қатысуда. Жүргізілген сауалнама нәтижелері цифрлық платформаларды пайдалану деңгейі ауылдық жерлерде де жоғары екенін көрсетеді. Мәселен, Шет ауданында 492 мұғалім платформаларды белсенді қолданатыны анықталған. Сонымен қатар, барлық аудандарда арнайы тренерлер дайындалып, педагогтерді қамту қамтамасыз етілген.
Бұл салаға бейім оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында түрлі байқаулар мен олимпиадалар ұйымдастырылуда. «Жаңа мамандықтар атласы» байқауында «Жасанды интеллект жүйелерін оқыту және тестілеу» бағыты бойынша қабілетті оқушылар іріктеледі. Олимпиадалар мен конкурстар «Daryn Online» платформасы арқылы өткізіледі. Жеңімпаздар «Болашаққа жолдама» форумына қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шаралар дарынды жастардың қабілетін дамытуға бағытталған.
– Қазіргі уақытта облыста бірнеше пилоттық жоба іске асырылуда. Соның бірі – «Астана Hub» жобасы. Оның аясында 10 мектепте жасанды интеллект және Game Development курстары оқытылуда. Сонымен қатар, Testter.kz платформасындағы «ИИ-репетитор» функциясын мұғалімдердің шамамен 35 пайызы пайдаланады. Кейбір аудандарда бұл көрсеткіш 50-60 пайызға дейін жетеді. Алдағы уақытта PISA-2029 зерттеуіне дайындық аясында AI-сауаттылық деңгейін анықтау үшін 15-20 пилоттық мектеп белгіленбек. Алдағы жылдары бұл бағыттағы білім беру жобаларын кеңейту жоспарланып отыр. 2026-2027 оқу жылында «Медиашкола» және «AI-Учитель» жобаларын енгізу көзделген. Оқушыларға арналған «AI Challenge» байқауын ұйымдастыру жоспарланған. 2027-2028 оқу жылында «AI-Schools Network» жобасы іске қосылып, осы бағыттағы мектептер желісі құрылмақ. Егер, Қарағанды қаласындағы пилоттық жобалар оң нәтиже көрсетсе, олар облыстың барлық мектептеріне енгізіледі, – деді білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.
Облыста оқушылардың цифрлық жобалар әзірлеуіне ерекше көңіл бөлінуде. «Астана Hub» жобасы аясында оқушылар ойын құрастыру курстарынан өтіп, алғашқы қосымшаларын жасауда. Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мектеп-лицей мен Шахтинск қаласының оқушылары осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. «Жаңа мамандықтар атласы» байқауының жеңімпаздары Сапарғалы Айбар, Маргарита Мавлеева және Давид Бобков технологиялық жобаларын қорғады. Шағын жобалар әзірлеу барысында оқушылар ChatGPT және Teachable Machine сияқты құралдарды пайдаланады.
Бүгінде облыста бірнеше жоба тұрақты түрде қолданылып келеді. «Білім беру роботтехникасы» жобасы 2015 жылдан бері жүзеге асырылуда. «Астана Hub» пилоттық жобасы, педагогтерге арналған «AI мектебі» бағдарламасы, educon.kz және Bilimal-Test платформалары мектептерде кеңінен пайдаланылады. «Жаңа мамандықтар атласы» байқауы кәсіби бағдар беру мен цифрлық дағдыларды дамыту бағытында тұрақты өткізіліп келеді.
Жалпы алғанда, жаңа технологияларды меңгерген жас ұрпақты қалыптастыру өңірдің ұзақмерзімді дамуына оң әсер етеді. Бұл оқушылардың цифрлық экономика жағдайында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Инженерлік және IT салаларындағы кадрлық әлеует нығайып, өңірдің инновациялық дамуына жол ашылады. Білім беру жүйесіне жаңа технологияларды енгізу – болашаққа жасалған маңызды инвестиция. Заманауи білім алған ұрпақ өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



