Бас тақырып

Жасанды интеллект: айдың арғы беті

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде киберқауіпсіздік мәселесін стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындап берді. «Дербес деректердің жаппай таралуы, интернет- алаяқтық, қылмыстық схемаларда жасанды интеллектіні қолдану – бұл шетелде де, елімізде де қалыптасып отырған жаңа шындық», – деді Президент. Мемлекет басшысы цифрлық трансформация қарқын алған заманда қарапайым азаматтарға киберқауіптің көбейіп тұрғанын ерекше атап өтіп, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мұқият тапсырды.

Коллажды жасаған Арайлым Көктаева

Жаңа мүмкіндік пен көрінбейтін қауіп

Бұл мәлімдеме кездейсоқ айтылған жоқ. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтер, қаржы операциялары, сауда-саттық, білім мен медицина саласы жаппай цифрлық форматқа көшті. Онлайн сервистер өмірімізді жеңілдеткенімен, деректердің ашық кеңістікте шоғырлануы жаңа қатерлерді де қатар алып келді.

Президент Үкіметке және бейінді құрылымдарға киберқауіпсіздік пен азаматтардың дербес деректерін қорғау тәсілдерін кешенді негізде қайта зерделеуді жүктеді. Сонымен қатар, цифрлық деректерді қорғау мәселесін конституциялық деңгейде бекіту қажеттігін де еске салды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі таңда киберқылмысқа қарсы нақты шаралар қабылданып жатыр. Ұлттық антифрод орталығының жұмысы нәтижесінде 90 мың азаматқа қатысты алаяқтық операциялардың жолы кесілген. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бірақ, қауіп әлі сейілген жоқ.

Мемлекет басшысының цифрлық қауіпсіздікке ерекше мән беруі бекер емес. 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланып, Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Бұл бастама технологиялық дамуды жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Сонымен қатар, 2025 жылы бірқатар институционалдық негіз қалыптасты.

Атап айтсақ, жаңа Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі құрылып, «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданды, ұлттық деңгейдегі суперкомпьютерлік инфрақұрылымдарды дамытуға жол ашылды. Мұның барлығы – жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі тиімді пайдалануды, отандық IT-саланы күшейтуді және киберқауіпсіздік жүйесін институционалдық тұрғыда нығайтуды қамтамасыз ететін стратегиялық қадамдар.

Жасанды интеллект (AI) – үлкен деректерді талдау, сөйлеуді тану, бейнені өңдеу, мәтін құрастыру секілді күрделі процестерді адамнан да жылдам орындай алатын технология. Ол банктік тәуекелдерді де жылдам есептейді, ауруларды ерте анықтайды, өндірістегі ақауларды бірден болжап береді.

Бір өкініштісі, дәл осы мүмкіндіктер бүгінде қылмыстық топтардың да қолына түсіп отыр. Егер, бұрын алаяқтар қарапайым мәтіндік хабарламалармен шектелсе, қазір олар нейрожелілер арқылы адамның дауысын, келбетін, тіпті мінез-құлқын да көшіре алатын дәрежеге жетті.

Цифрлық технологияның адамзат баласының игілігі жолындағы орасан пайдасымен қатар, «айдың арғы жағы» да дәл осы тұста көрінеді. Заманауи құралдар бейтарап болғанымен, оны қолданушының ниеті аса қауіпті екенін айрықша атап айту керек. Өте сақ болмасаңыз, қас-қағым сәтте қолыңыздағы бар қаржыңыздан қағылып қалуыңыз әбден мүмкін.

Нақты айтсақ, DeepFake – нейрожелілер арқылы адамның бет-бейнесін, дауысын және ым-ишарасын айнытпай көшіріп, жалған аудио немесе видео жасау технологиясы интернет кеңістігіндегі киберқылмыс топтарына таптырмас мүмкіндіктер сыйлап отыр.

Бүгінде алаяқтар әлеуметтік желілердегі ашық аккаунттардан жиналған фото-видео материалдарды пайдаланып, бірнеше сағат ішінде нақты адамның цифрлық көшірмесін жасай алады.

Қылмыстық схема әдетте қарапайым түрде өрбиді. Мәселен, Instagram, TikTok, WhatsApp желілерінде танымал тұлғалардың бейнесі пайдаланылады. «Қазатомпром», «Kaspi Invest», «Freedom Invest» секілді атауларды жамылған жалған инвестициялық платформалар жарнамаланады. Өзін банк, полиция, ҰҚК қызметкері ретінде таныстырып, бейнебайланысқа шығады. Жақын туысыңыздың дауысымен «Шұғыл ақша керек», «Апатқа түстім», «Есепшотқа аудар» деген сияқты хабарламалар жібереді.

Жәбірленуші жақын адамының дауысын естіп, бейнесін көрген соң, күмәнданбай, қауіпке ұрынғанын сезбеген күйі алаяқтарға қаржысын аударып жібереді.

Шындығында, DeepFake са­пасы артқан сайын, жалған мен шындықты ажырату қиындап бара жатыр. Осыны мықтап санаға түйіп алған жөн.

Сурет ЖИ

Облыс аумағындағы нақты ахуал

Қарағанды облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Дінмұхамед Ғалиұлы ұсынған мәліметтер аймақ тұрғындарына интернет кеңістігінде, әлеуметтік желілерде аса сақ болуға, көңілшектікке салынбауға шақырады.

– Жыл басынан бері облысымыздың аумағында 218 интернет-­алаяқтық қылмысы тіркелді. Оның 124-і жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жүзеге асқан. Келтірілген шығын сомасы 600 миллион теңгеден асып отыр. Қаскөйлер жаңа технология – жасанды интеллект көмегімен халықты алдаудың мүлдем жаңа, сенімдірек деңгейіне көшті. Ең бастысы – әркім өз телефонын пайдалану барысында, интернет арқылы жұмыс істегенде аса сақ болуы қажет, – деп атап өтті Дінмұхамед Ғалиұлы.

Ресми дерек бойынша өткен жылы Қарағанды облысы полиция департаментіне интернет-алаяқтық фактісі бойынша 2500-ден астам дерек тіркелген. Тұрғындарға келтірілген материалдық шығын көлемі 4 миллиард теңгеден асқан.

Сонымен қатар, елімізде заңнамалық деңгейде де жауапкершілік күшейтілуде. 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап, Қылмыстық кодекске жаңадан енгізілген 232-1-бабы күшіне енді. Аталған нормаға сәйкес, еліміздің әр азаматы өзіне тиесілі төлем құралдарын (банк картасы, есепшот, электронды әмиян және өзге де қаржы құралдары) материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға заңсыз бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Яғни, «картамды уақытша пайдалана тұр» деген бейқам келісімнің салдары енді ауыр болуы мүмкін. Бұл құқық бұзушылық үшін қаржылық шектеулер ғана емес, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Жалпақ тілмен айтқанда, материалдық сыйақы немесе мүліктік сипатта пайда табу үшін біреуге банк картаңызды беріп, сол арқылы алаяқтыққа тап болсаңыз, қылмысқа қатысы бар адам ретінде жауапкершілікке тартыласыз. «Білмей қалдым» деген сылтау құтқара алмайды. Өйткені, қылмысқа жол берген – өзіңіз!

Сала мамандары бұл өзгерісті алаяқтық тізбегіндегі делдалдарды азайтып, қылмыстық схемалардың тамырын кесуге бағытталған маңызды қадам деп бағалап отыр.

Профилактика: интерактивті тәсіл

Ауруды емдегеннен көрі оның алдын алу – аса маңызды. Осы орайда облыс аумағында полицейлер интернет-алаяқтыққа қарсы интерактивті акция ұйымдастырды. Шахтинск қаласында өткен шара барысында тұрғындарға алаяқтардың ең жиі қолданатын тәсілдері түсіндірілді.

Сонымен бірге, «Қарағанды-Астана» бағытында қауіпсіздік керуені жолға шықты. Ақпараттық баннерлермен безендірілген автобус елордаға дейін барып, акция Бәйтерек монументі маңында жалғасын тапты.

– Басты мақсат – халықтың киберсауаттылығын арттыру. Ақпараттық автобус арқылы қауіпсіздік мәселесіне қоғам назарын аудардық. Бұл бастама басқа өңірлерде де жалғасады, – дейді Қарағанды облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Арман Қайрақбаев.

Мұндай акциялар тұрғындарға пайдалы ақпарат бере отырып, азаматтардың сақтық дағдысын қалыптастыруға бағытталған.

Қарағанды қаласының тұрғыны Айгүл Сәрсенова да қазіргі замандағы ең өзекті мәселеге айналған осы қауіп туралы өз ойымен бөлісті.

– Бір танысымның басынан өтті. Әлдекімдер туған ұлының дауысымен хабарласып, жол апатына түскенін айтып, шұғыл ақша сұраған. Бірақ, танысымның ұлы дәл сол сәтте дүкенге шығып кеткен. Жүгіріп дүкенге барса, ұлы сонда кезекте тұр. Бұл қауіптің бетін қайтарды. Кейін оның жасанды интеллект арқылы жасалған жалған қоңырау екенін полиция қызметкерлері анықтаған. Осы жағдайдан кейін кез келген қоңырауға бірден сенбейміз, алдымен, қайта-қайта тексереміз. Нақты көз жеткізіп барып, әрекетке көшеміз, – дейді ол.

Бұл пікір қоғамда сенім дағдарысының пайда бола бастағанын аңғартады. Адамдар тіпті жақынының дауысын естісе де, күмәндануға мәжбүр. Өйткені, «Сақтансаң, сақтайды».

Қауіптен қорғану жолдары

Дерекке сүйенсек, АҚШ-та және Еуропада DeepFake арқылы компания басшыларының дауысын салып, миллиондаған доллар аудартқан жағдайлар тіркелген. Ұлыбритания­да энергетикалық компания директорының дауысын көшіріп, қаржы жымқырған оқиға халықаралық резонанс тудырғаны да өтірік емес.

Еуроодақ жасанды интеллектіні реттеу туралы арнайы заң қабылдап, цифрлық платформаларға жалған контентті белгілеуді міндеттеуде. АҚШ-та да AI арқылы жасалған материалдарды таңбалау және жауапкершілікті күшейту мәселесі талқылануда.

Байқасақ, еліміздегі бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да көз қуантады. Цифрлық кеңістік шекара танымайды десек, әлі атқарар қыруар шаруа бар екені аңғарылады.

Кибершабуылдан қорғану үшін мамандар мынадай қарапайым, бірақ тиімді қағидаларды ұсынады. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік желідегі парақшаларды жабық режимде ұстау, жеке фото және бейнежазбаларды шектеулі аудиторияға ғана көрсету, жақының ақша сұраса, ақша аудармас бұрын міндетті түрде қайта хабарласып тексеру, банк қызметкері ешқашан «құпия кодты» сұрамайтынын есте сақтау және дүрбелеңге бой алдырмау.

Ең бастысы – эмоцияға берілмеу. Алаяқтар дәл осы психология­лық факторды тиімді пайдалануды жетік меңгерген.

Сөз соңы

Жасанды интеллект – өркениеттің жаңа сатысы. Ол экономиканы дамытады, мемлекеттік басқаруды жетілдіреді, өмір сапасын арттырады. Бірақ, оның көлеңкелі жағы да бар.

Президенттің тапсырмасы киберқауіпсіздік мәселесін ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтерді. Бұл – уақыт талабы. Бүгінгі таңда технология дамыған сайын алаяқтық та күрделене түсуде. Сондықтан, қорғаныс та соған сай жетілдірілуі қажет. Мемлекет, құқық қорғау органдары және әр азамат бірлесе әрекет еткенде ғана цифрлық дәуірдің көзге көрінбейтін қауіптеріне төтеп бере аламыз.

Жасанды интеллект – айдың жарық беті де, қараңғы жағы да бар құбылыс. Оны игілікке жарату – адамзаттың саналы таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпаған жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button