Бас тақырыпРесми

«Президенттің Жолдауынан жақсылықтың лебі еседі»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан жақсылықтың лебі еседі. Көл-көсір есептер емес, нақты қадамдар мен жоспарлар айтылды. Президент ұлттың мұраты мен мақсатын одан сайын айқындай түсті.

Сурет egemen.kz

Жаһан жұрты жаппай жасанды интеллектіге бет бұрып жатыр. Ел боламыз десек, көштен қалуға болмайды. Көштен қалғанның келешегі бұлыңғыр. Жасанды интеллект – жаңа дәуір. Ал, жаңа дәуірде жаңа қадамдарға баратын батылдық керек. Қазақ баласының қай кезде де потенциалы жоғары. Кез келген істе қабілетті. Күндердің бір күнінде көштің алдына шығатынымызға кәміл сенемін!

Парламенттен Мемлекетке. Бұл – Президент Жолдауындағы ең айтулы жаңалықтардың бірі болды. Мен мұны қос қолымды көтеріп қолдаймын. Бір Парламент халқымызды жақсылыққа жетелейді деп үміттенемін. Батылдықпен жасалған ұлы өзгерістер ғана жетістікке жеткізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениетке қамқорлық жасау керектігін айтты. Уинстон Черчилль соғыс кезінде де мәдениет саласына қыруар қаржы бөлуін тоқтатпаған. Өйткені ол мәдениетсіз халық тобырға айналатынын түсінген. Президентіміз де сұңғылалығын, даналығын көрсетті.

Бүгінде бұрнағы кезеңнің қағазбастылығынан арылып, өндірістің бар саласы жаңғырып, цифрландырылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Цифрландыру қарқынды жүретін болса, еліміз өркениеті дамыған алдыңғы қатардағы елдер тізіміне қосылып, қарапайым халықтың да әл-ауқаты артып, тұрмысы едәуір күшейеді». Осы бағытты жүзеге асыру – тек бір адамның ғана емес, барша халықтың ортақ борышы. Сол себепті де ел дамуының негізгі тетіктері әр отандасымыздың өз қолында.

Қазақстан жаңа ғасырдың биігіне қанат жайып барады! Сапарымыз оң болғай!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы
Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Басқа материалдар

Back to top button