Жас жайнақтар жырындағы Қарағанды
С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының үлкен сахнасында ғұлама ғалым Қ.Сәтбаевтың 125 және Қарағанды қаласының торқалы 90 жылдығына арналған «Армысың, әз-Наурыз» атты облыстық ақындар айтысы шаһар халқы мен мейманын дүбірге бөледі. Мақсұды – халықтың жауһар мұрасын әдіптеп, ел тұлғалары мен шежірелі шаһардың тағылым тарихын жыр жолдарымен паш ету. Айтыс әлеміндегі жас жүйріктердің аяқ алысын бағамдау.
Дәстүрге айналып кеткен бұл жыр додасына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жан-жақты қолдау білдірді. Ал, ұйыстыру міндетін облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы мен «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі атқарды.
Атаулы сөз сайысына елге кеңінен танылып үлгерген Н.Байсүгір, М.Әділов, Д.Ботбайұлы, Д.Саматұлы, Т.Сәбет, Б.Нұртас, Н.Төкен, Ә.Ерғали, Қ.Рысмағанбет, С.Нығызбаев бастаған 14 ақын шықты сахнаға.
Әділқазылар алқасының құрамында Қ.Асан, С.Мұсайын, С.Тақыров, Е.Мұсабек, Д.Қами сынды ел жақсылары енді.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын жұртты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Уағында еркімізді алса да, еңсеміз түскен жоқ! Осындай асыл қазынамыздың бірі – осы айтыс өнері. Құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Биыл Наурыз жаңаша мәнге ие болды. Алыстың жақындайтын, араздың татуласатын ерек күндер бұл. Жалпыхалықтық сипатқа ие болып жатқан мәні терең, дәстүрі дестелі Ұлт мерекесі баянды болсын! Ақындар алқынбасын! – деп серпіле сөйледі Ерлан Бейсембайұлы.
Айтулы жыр мерекесіне «Құрмет» орденінің иегері Дүйсен Құрабайұлы Түркиядан арнайы ат басын тіреді.
– Айтыстан күтеріміз көп. Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудың төріндегі Ұлттық Құрылтайда бірқатар келелі мәселелер мен бастамаларды алға тартты. Тиісінше тапсырма берді. Ақындар бұл елдік өзекті дүниелерді өзінше тәпсірлейді деген сенімдемін,– деді айтыскер ақын, облыстық мәслихат депутаты Айтбай Жұмағұл.
Ақтаңдай ақындар ел бірлігі, Ұлыстың ұлы күні, қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарды жырға қосып, көрермен жұртты әз-Наурызда татулық пен тұтастыққа үндеді. Әлемге мәшһүр Қ.Сәтбаев есімін ұлықтады.
Айтулы жыр додасы турасындағы толығырақ ақпарат басылымның кезекті санында жарияланады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.