«Жас турист» лагерінде
1963 жылы кеңес одағы кезінде «Жас арай» лагері деген атпен ашылды. Кеңес Одағы құлдырағаннан кейін осы лагерьдің барлық құрылыс нысандары жойылып, өз жұмысын тоқтатты. Бұрынғы лагерьді жаңғырту мақсатында 2018 жылы «Шатырлы» туристік лагерь болып, қайтадан өз жұмысын бастады.
– Біздің жеріміздің табиғаты әсем, жер қойнауымыз алтынға бай мекен. Орталық Қазақстандағы ең биік тау – Қызыларай тауы, Ақсораң шыңы. Бұл жерде Ақтоғайдың үш арысы Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов дүниеге келген. Таудай тұлғалармен қасиетті орындарға бай тарихи өлке. Біздің басты мақсатымыз жастарды, оқушыларды, балаларды табиғатты аялауға, сүюге, қорғауға және смартфонға байланған жас ұрпақтың туған жерге деген көзқарасын қалыптастыру, табиғат аясында бой сергітіп, ой өрісін дамыту, отансүйгіштікке баулу мақсатында «Шатырлы» лагері деп ашылды. Биыл шатыр орнына киіз үйлі лагерь қылып аштық. Оған «Жас турист» атауын бердік. Лагерьге келген оқушылар өңір тарихын біле бермейді. Жас туристерге киелі жерлердің табиғатын, тарихын түсіндіріп, осы жерде дүниеге келген тұлғалардың өмірбаянын, оған қатысты қызықты деректер, ел аузында қалған әңгімелерді, осы жерге байланысты аңыздарды айтып жеткізу – біздің басты міндетіміз, – дейді экскурсавод-гид және туризм нұсқаушысы Нұрслан Сатыбалдыұлы.
«Жас турист» лагері 1 маусымда 30 бала қабылдап, жоспар бойынша 180 баланы қамтиды. Лагерьдің ең басты ерекшелігі – табиғат аясында киіз үйде орналасуы. Лагерьге келген күні, ең алдымен, неліктен киіз үйде деген сұраққа жауап табылып, киіз үйдің әр бөлігіне анықтама беріп, оқушыларға таныстырылады. Ұлттық құндылықты дәріптеп, жастарға қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттап, ұмытылып бара жатқан үрдісті қайтадан жаңғыртуды басты міндет санайды. Лагерьде күн тәртібі таңғы жаттығудан басталады. Таңғы астан кейін 5 күнге бөлінген туристік маршрут.
Бірінші күні – Әлихан Бөкейхановтың туған жері, Талдыбейіт және Жекежал қыстағындағы петроглифтерге саяхат, екінші күні – қола дәуірінің мәдениеті Беғазы-Дәндібай мәдениетіне саяхат, үшінші күні – тұңғыш математик Әлімхан Ермековтің туған жеріне саяхат, төртінші күні – Әулиетау бауырындағы әулие үңгірге саяхат, бесінші күні – Қазаншұңқыр сарқырамасына саяхат жасайды. Түскі асқа ұлттық тағамдардан бір мезгіл бауырсақ пен қымыз беріледі. Түстен кейін түрлі қызықты ойындар ойнатады. Мәселен, амалтастамақ, ақсүйек немесе кешкілік уақытта от айналасында ән айтып, алтыбақан тебеді.
Ұлттық ойындарды ойнап, ұлттық тағам мен сусындардан дәм татқан әрбір бала рухани азық, қазақи мәдениеттен қуат алып қайтады.
Аружан СЕРІКБАЙ,
Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің II курс студенті.