Қарағандыда 18 жасқа дейінгі теннисшілер додасы басталды
Қарағандыда 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында Халықаралық теннис федерациясының ITF J100 санатындағы беделді турнирі басталды. Додаға әлемнің әр түпкірінен жиналған үздік жас спортшылар қатысуда. Негізгі кезеңде 32 ұл және 32 қыз теннисші кортқа шығып, рейтингтік ұпайлар мен чемпиондық атақ үшін таласуда.

Биылғы турнирдің географиясы да кеңейе түскен. Қазақстандық спортшылармен қатар жарыс жолына Түркия, Тәжікстан, Ресей, Ұлыбритания, Өзбекстан, Франция, Қытай, Канада, Кипр және Беларусь елінен 50-ден астам жас теннисші сынға түсуде. Халықаралық дәрежедегі төреші Антон Игнатченко мұндай жоғары деңгейдегі турнирлер Қарағандыда тұрақты ұйымдастырылып тұратынын баса айтты.
– Бұл турнир – биылдыққа жасөспірімдер арасындағы алғашқы турнир. Дәстүр бойынша спортшылар мұнда ең алдымен рейтингтік ұпай жинау үшін келеді. Жиналған ұпайлар олардың халықаралық жарыстарға іріктелуіне, әлемдік додаға жол ашуына мүмкіндік береді. Сондықтан, әр матчтың маңызы айрықша. Қарағандыдағы заманауи Теннис орталығының инфрақұрылымы толыққанды жарыс өткізуге бейімделген. Халықаралық талапқа сай корттар, спортшыларға арналған қонақүй мен асхана да осы маңайда орналасқан. Бұл қатысушылардың жаттығуы мен демалысын, әрі бар назарын ойынға аударуына қолайлы, – деді Антон Игнатченко.
18 жастағы алматылық Арсений Требухин – халықаралық және республикалық турнирлерде топ жарған, талай мәрте жүлде тұғырынан көрінген дарынды теннисші. Турнирдің алғашқы кезеңінде-ақ J60 санатында сенімді өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.
– Тенниспен айналысып жүргеніме 11 жыл болды. Бұл спортқа мені алғаш ата-анам алып келген. Содан бері бір күн де үзіліссіз жаттығып келемін. Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағының маңындағы клубта дайындаламын. Басты мақсатым – барлық қарсыласты жеңіп, J100 санатындағы турнирде топ жару, – дейді Арсений.
Ал, 15 жастағы қарағандылық Родион Трайгель де бұл турнирге жан-жақты дайындықпен келген. Жас спортшы бұған дейін J30 және J60 санатындағы жарыстарда жүлдегер атанып, өзінің әлеуетін дәлелдеп үлгерді.
– Алдымен теннис секциясына әпкем жазылды. Оның жаттығуын көріп, өзім де қызығушылық таныттым. Қазір Астана қаласында жаттығамын. Екі мезгіл тенниспен шұғылдансам, одан кейін фитнеске барып, физикалық дайындығымды жетілдіремін. Төзімділігіме сенемін. Өз басым тор маңындағы соққыларды сәтті орындаймын. Болашақта кәсіби теннисші атанып, еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғағым келеді. Осы жолда маған бағыт-бағдар беріп жүрген жеке бапкерім Павел Цойға алғысымды білдіремін, – деді жас спортшы.
Сонымен қатар, Екібастұз қаласынан келген жаттықтырушы Даниял Жүніспаев J60 және J100 секілді жоғары санаттағы турнирлер жас спортшылар үшін аса маңызды екендігін айтады.
– Мен бұл турнирге 15 жастағы Ясмин Дюсенбаева есімді шәкіртімді алып келдім. Жарысқа жоғары физикалық дайындықпен келдік. Әрі ойын комбинацияларын жетілдірдік. Шәкіртім – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Өткен жылы ол жекелей сында бес мәрте жүлдегер атанған. Халықаралық деңгейде де жақсы нәтижелер көрсетіп келеміз, – деді бапкер.
Айта кетейік, жұптық сайыс 20 ақпанда өтеді деп күтілуде. Ал, финалдық ойындар сенбіге жоспарланған.
Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті



