Жас талаптар «Жас қанатта»
«Жас қанат» байқауын білмейтін қазақ аз шығар. Сахнадан үміті бар ауыл, аудан, тіпті, облыс орталығындағы өнерлі өрендердің аяқ алысы осы байқауда танылады. Болашақ жас орындаушылар мен шоу-бағдарламаларды жүргізушілер биыл да жылдағыдай «Жас қанат-2018» ХХIІ облыстық конкурсында сыналды.
Биылғы байқау Астана қаласының 20 жылдығы мен Қазақ телевизиясының 60 жылдығы аясында өтті. Аудандар мен қалалардың түгелінен келгенге ұқсайды қатысушылар. Кеншілер мәдениет сарайы сахнасының жарығы көз қарықтырарлықтай. Жылдағыға қарағанда, биылғы байқауда сахнаның жарықпен әспеттелуі көзге ұрып тұрды. Қазақ телевизиясының 60 жылдығы аясында облыстық «Сарыарқа» телеарнасының қолдауы да бар, бір жағынан. 18 бен 30 жас аралығындағы қатысушылар іріктелді.
Байқау шарты бойынша, эстрадалық жанрда ән орындаушылар бірінші кезекте Астана тақырыбына байланысты шырқау керек болатын. Алайда, Астананы арқау еткен әндер көп шырқалмады. «Репертуар жағына да мән беру керек» деген ескертулер айтты қазылар. Эстрадалық жанрда ән шырқаушылар екінші кезеңде еркін тақырыпта, қалаған әндерін салды. Бұл бағытта «Астана туралы ең үздік ән» аталымын қарағандылық «Хан тәңірі» триосы иеленді. ІІІ орын Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Анар Тәжентаева, Осакаров ауданынан Тілек Магулов, Диана Бекмырзаеваға, ІІ орын ұлытаулық Ақжол Әмірхан мен Шет ауданынан қатысқан Темірлан Боранбаевқа, І орын сәтбаевтық Әсет Жабаевқа бұйырды. Бас жүлдені қарағандылық Еламан Мәженов қанжығалады.
Шоу бағдарламаларды жүргізушілер арасынан ІІІ орын «Болашақ» академиясынан қатысқан Темірлан Байшағыров, жезқазғандық Ержан Қойшығұл, қарқаралылық Алмаз Құсайыновқа тиді. ІІ орын Қарағанды мемлекеттік медицина университетінен Саламат Оңбай мен Адина Игембековке, І орын сәтбаевтық Бұлбұл Берліқұловаға лайық деп табылды. Тиісінше қатысушылардың өнерін бағалаушы қазылар алқасының құрамында кезінде осы «Жас қанат-2003» байқауын жеңіп алған «SUPER STAR kz» телевизиялық мегажобасының финалисі Роман Ким, мәдениет қайраткері, К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының директоры Дунай Еспаев, әнші, композитор Саят Әбдіғали, республикалық «Жас қанат» байқауының лауреаты, әнші, композитор Әлібек Салықов бар. Қазылардың төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры Талғат Ыдырысов.
Дунай ЕСПАЕВ, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері:
– Байқау техникалық тұрғыдан өте бай өтті. Әсіресе, жарықтық көркемделуі керемет. Соның бәрі конкурс қатысушыларын жігерлендіру керек еді, бірақ, біраз кемшіліктер орын алды. Жыл өткен сайын жақсы жүргізушілер саны азайып барады. Ізденіс жоқ. Шоу бағдарлама мен асабалықтың ара жігін ажырата алмайды көбі. Сондай-ақ, сахна жүргізушісі мен шоумендердің ара жігін де. Неге? Өйткені, кітап оқымайды. Шоу бағдарламаларды жүргізушілер туралы қаншама әдебиеттер бар. Әліпбиі неден басталады оның дегендей, тиянақты дайындық керек.
Жәнібек Әлиман.