Жаңалықтар

Жас тұлпарлар дүбірі

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Сен деп жырлаймын, Қазақстан!» атты жас ақындар баттлы өтті.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев аталмыш шараны ашып, жиылған қауымды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында елімізде бірқатар іріліұсақ іс-шаралар атқарылып жатыр. Облысымызда өткен шаралар жастардың талабын оятып, дарынын ашуға, білімді және бәсекеге қабілетті жастарды қолдауда, патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған. Ұйымдастырылып келе жатқан шаралардың жалғасы бүгінгі сайыс, мінеки. Барлық қатысушыға сәттілік серік болсын, – деді Ерлан Мекежанұлы.

Аталған шарада Қарағанды Болашақ академиясынан «Bolashaq», Қарағанды техникалық университетінен «Алты Алаш», Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен «Мұзбалақ», Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінен «Тәуелсіз елдің қырандары», Орталық Қазақстан академиясынан «Жалын» командасы және Теміртау қаласынан Қарағанды индустриялық университетінен «Жас қазақ» командалары бақ сынады. Додаға түскен жас талапкерлер байқау шарты бойынша әуелі берілген белгілі бір тақырыпта тапқырлық һәм айтқыштықты ортаға салды. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің қалыптасуына үлес қосқан тұлғаларға арнау жазу және жыр жолдары арқылы Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін жеткізу міндет болды.

Шараның негізгі мақсаты да осы еді. Жас өрендерді Тәуелсіз еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек білуіне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, елінің мұрасын жалғастырушы азамат болуға тәрбиелеу. Сонымен қатар, бүгінгі мемлекеттің танымал тұлғаларын тануға ықпал ету, жастар бойында азаматтық пен патриоттықты қалыптастыру. Сонымен, қазылардың шешімімен III орынның жүлдегері деп «Bolashaq» командасы танылып, оларға 50 мың теңгелік сертификат табысталды. Ал, II орынның жеңімпазы «Жас қазақ» тобына 80 мыңның сертификаты берілді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Мұзбалақ» командасы I орынды иеленіп, 100 мың теңгелік сыйақыны алды. Бас жүлде ерекше қабілеттілігімен көзге түскен «Тәуелсіз елдің қырандары» тобына ұсынылды. Олар байқаудың жеңімпазы ретінде танылып, 150 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Өз деңгейінде тартысты да қызықты өткен бұл поэтикалық сыннан студенттер өзгеше әсермен тарқасты.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button