Жас спортшыларға жол ашық
Қарағандыдағы Ә.Молдағұлова атындағы спорт-интернат колледжінде кезекті түлектерге арналып салтанатты кеш өтті. Биыл оқу ордасын 51 мектеп бітіруші мен 30 колледж студенті тәмамдап, үлкен өмірге қанат қақты. Айтулы сәтте жеті үздік түлек оқуын «Қызыл» дипломмен аяқтап, құрметке бөленді.

Салтанатты рәсімге спорт-интернат колледжінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Жағыпарұлы арнайы қатысып, түлектерге салтанатты түрде диплом табыстады. Жас спортшыларға жүрекжарды тілектерін айтып, алдағы спорттық және өмірлік жолдарына сәттілік тіледі.
– Биылғы түлектер тек спорт алаңында ғана емес, білім майданында да биіктерден көрініп жүр. Олардың қатарында әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, Азия жеңімпаздары бар. Бұл – оқу орнымыздың деңгейін көрсететін көрсеткіш, – деді Ерден Халилин.
2025 жыл – тарихи мәні терең мерейтойларға толы. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, сондай-ақ ерлігімен елге үлгі болған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл. Осыған орай оқу орны бірқатар ірі спорттық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.
– Біздің болашағымыз –ақылды, білімді әрі мықты жастарымыздың қолында. Осы орайда өскелең ұрпақты спортпен айналысуға шақырамын. Қыркүйек пен қазан айында мерейтой аясында түрлі спорт түрлерінен турнирлер өткіземіз. Бұл – тек Әлия есімін ұлықтау емес, сонымен қатар жас буынға отансүйгіштік пен жеңіске деген жігерді сіңіру, – деді Ерлан Халилин.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz