Жаңалықтар

«Жас сарбаздың» қалалық жиыны

«Баланы жастан» демекші, бүгінгідей неше түрлі теріс ағымдар етек алып тұрған шақта өскелең ұрпақтың бойында жоғары азаматтық белсенділікті, қазақстандық патриотизмді, отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, дамыту барша қоғамның міндеті. Осы мақсатта құрылған республикалық «Жас сарбаз» қозғалысы елімізде енді ғана қанат жайып келеді.              

Жас сарбаздардың қалалық жиыны Шахтинск қаласындағы Санжар Асфендияров есімін биыл алған жалпы білім беретін қазақ орта мектебінде өтті. Оған қалалық білім беру бөлімінің әдіскерлері, әскери комиссариат өкілдері, қала мектептері директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарлары, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері шақырылып, қатысты.

«Жас сарбаздың» қалалық жиынын өткізуге бұл мектептің таңдап алынуы тегін емес. Оны осы басқосуды ашқан сөзінде аталған мектептің директоры Мәнзура Улжебаева: – Қаламыздағы 12 мектептің ішінде біз ғана 2019 жылдан бері 7-сыныптан бастап қабылдап, 3 жыл бойы әскери-патриоттық бағытта жұмыс істейміз. Биыл осы арнайы сыныптың алғашқы легін шығарып салып, жаңа қабылданған 7 «а» сынып оқушыларының (сынып жетекшісі – Нұрсәуле Қарасар[1]това) ант қабылдау рәсіміне куә болып отырсыздар. Оны мектебіміздің педагог-ұйымдастырушысы Рахат Жеңісев қолға алып, даярлады, – деп атап өтті.

Қалалық салтанатты жиынның ашылу сәтінде Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалды.

Мектептің спортзалында өткен жиында жоғарыда айтылған сыныптың 18 оқушысы бірыңғай әскери киіммен жұрт алдында сап түзеп тұрды. Киімдерді мектеп әкімшілігі мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алған екен. «Жас сарбаздың» жан құрамы осы сәнімен кезек-кезек ант берді.

Бұдан кейін олар саптық жаттығулар жасап, Калашников автоматын бөлшектеп, жинау, қоян-қолтық ұрыс, қазақ күресінен, алғашқы медициналық көмек көрсетуден көріністер көрсетіп, әскери дайындықтары мен шеберліктерін паш етті.

Жиында сөйлеген Шахтинск қалалық білім беру бөлімі әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Динара Сәтемірова оған оң баға беріп, бұл тәжірибені қаланың барлық мектептеріне тарату керектігін айтты.

«Жас сарбаздың» қалалық жиынын осы мектептің мұғалімі Забыл Мұхамедәлі «Көк тудың желбірегені», 11-сынып оқушысы Еркеназ Ханатбай «Туған ел» әндерімен қорытындылап, жиынға қатысушылар мектептің «Аманат» мұражайын тамашалады.

Ержан ИМАШ.

ШАХТИНСК

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button