АймақПриозерск

Жас сарбаздар ант қабылдады

Приозерскіде әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне қарасты 44841 әскери бөлімінде әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шарада 44 жас сарбаз Отан алдындағы борышын адал өтеуге ант берді.

Алдымен, еліміздің Әнұраны шырқалып, ортаға әскери бөлімнің жауынгерлік Туы шығарылды. Приозерск гарнизоны бастығының міндетін атқарушы подполковник Андрей Зотов жауынгерлерге Әскери анттың маңызы туралы айтып, ақ жол тіледі.

Әскери өмірдің табалдырығын жаңа аттаған бозбалаларды Приозерск қаласының әкімі Нұрлан Ламбеков, Приозерск қаласының әскери прокуроры полковник Арман Дармурзаев, Приозерск гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесінің бастығы майор Жалғасбек Айдынбеков, Приозерск қаласы ҚР ҚК ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілек Кенжебеков және сарбаздардың ата-аналары мен жақындары арнайы құттықтап, сын сағатта сыр бермей, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаратындығына сенім білдірді.

– Сіздердің алдарыңызда маңызды міндет тұр. Ол – әскери тәртіпке бағынып, Отан алдындағы әскери борышты абыроймен атқару. Отанды сүю – туған еліңді, туған жеріңді сүю ерекше сезім. Расында да Отанына деген сезім – әр азамат үшін ең маңызды сезім. Туған-туыстарыңыз және әскери бөлімдеріңіз сіздердің жетістіктеріңізбен мақтансын. Кейінгі жастарға үлгі болыңыздар, – деді Приозерск қаласының әкімі Нұрлан Ламбеков.

Өз кезегінде жас сарбаздар да қысқа мерзімде алған машық-дағдыларын, соның ішінде, қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті. Олардың жауапкершіліктің салмағын анық сезінгені саптық жүрісінен, әскери мәдениеті мен темірдей тәртібінен айрықша байқалып тұрды. Осы күні ант қабылдаған сарбаздар әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерін атқаруға кірісіп те кетті. Шара соңында жас жауынгерлердің туған-туыстары казарма үй-жайға, сарбаздар асханасына, медициналық бекетке бас сұғып, бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты. 

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button