Таным

Жас ұрпақты мемлекетшіл етіп тәрбиелеуде патриоттық әндер орасан рөл атқарады

Жаһанның жартысын уысында ұстаған Шыңғыс ханның тұсында мұңлы әуендерді шырқауға тыйым салынған деседі. Ұлы хан мұндай әуендер әскердің, жалпы империя қарамағындағы халықтың рухын түсіреді деп білген. Тек жауынгерлік рухты көтеретін, қаныңды тулататын, аруағыңды қуаттайтын әндер ғана орындалған. Сол әуендер арқылы адам бойындағы Отанға, бабаңнан мұра, аманат болып қалған байтақ далаға деген махаббатты еселеп, сағыныш шоғын маздатқан.
Ал, Отанын шексіз сүйетін ерлер бір сүйем жері үшін жанын құрбан етуге бар. Атамекен үшін жанкештілікке барады. Мұндай әндерді бүгінде біз «патриоттық әндер» деп айтып жүрміз. Патриоттық әннің көкесі – батырлық жырлар мен ерлік туралы жазылған дастандар. Қан-қасап шайқастың ортасына құйындай кіріп, дұшпанын қамысша жапырған аруағы тәнінен бөлек, ғайып-ерен қырық шілтені жанында болған батырлар мен баһадүрлер осылай тәрбиеленген. Демек, жас ұрпақты мемлекетшіл етіп тәрбиелеуде патриоттық әндер орасан рөл атқарады.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Қазақтың байырғы классикалық әндерінің басым бөлігі осы туған жерге арналған. Мәселен, Сарыарқаға жазылған байырғы классикалық үлгідегі әндерді ғана алайық. Әріге тым бойламай-ақ, бергідегі әйгілі дала композиторы Мәди Бәпиұлының «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!», «Үшқара» деген әндері Алаш баласына таңсық емес. «Үшқара» өлеңінде «Есіме, қайран елім, сен түскенде, Көл қылып көздің жасын баса алмадым» дейді ақын. Елін, жерін өзінің жеке басынан, бала-шаға, ошақ қасынан биік қойған шын ақындар ғана осылай толғана алса керек.

Бұл әндер – Мәдидің туған жерге деген сағынышының, шексіз махаббатының айғағы. Даланың арланындай батыр еді ғой бабамыз. Ат үстінде жортып, ажалдан қашып құтылса да болар еді. Жоқ, туған топырағына кіндігімен байланған Мәди туған топырағында ажалын тапты. Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта», «Тау ішінде» деген әндері де туған жердің қадірін ұқтыратын өлмес классика. «Шалқыған біздің жақтың көлдері бар, Ағашты биік таулы жерлері бар. Өзен, су, көлдер жайлап, тау қыстайтын, Меймандос, берекелі елдері бар» дейді Сәкен бабамыз. Бұл әнді тыңдап отырып, көз алдыңызға жүрегіңнің бір бөлшегіндей туған өлке көлбеңдейді.

Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың «Туған жері» ше? «Шықшы тауға, қарашы кең далаңа, Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға. Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең, Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?» дейді ақын жаны тебіреніп. «Уа, дариға, алтын бесік – туған жер, Қадіріңді келсем білмей кеше көр! Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай, тасың болсам мен егер!» Қасымның осы өлеңін тұтастай алып, қаланың билбордтарына ілуге де болады. Нендей махаббат десеңізші! Құны еш уақытта төмендемес классика! Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқасы» қандай ғажап туынды. Сөзін Несіпбек Айтұлы жазған.  «Саржайлауым менің, Ән жайлауым менің. Жан жайлауым менің, Беу-беу, Сарыарқа!». Сарыарқаға ғашық Несіпбек Айтұлы да толқытқан. Әні – кеудеңдегі жұмыр етті Арқа даласында «арғымақтай көсілтетін» құдіретті туынды.
Міне, уақыттың қалыбына бағынбай, халықпен бірге жасап келе жатқан Арқа даласындағы классикалық деңгейдегі патриоттық әндер – осылар. Атамекенді оттан да ыстық сағынышпен ораған патриоттық әндердің озық үлгілері Арқада туған десек, артық айтқанымыз емес. Дәртай Сәдуақасовтың «Ақтоғайы» мен қазақ поэзиясының ақсұңқары Серік Ақсұңқарұлының «Шайтанкөлі» де ақты – ақ, қараны – қара деген, талғамы биік Арқаны жайлаған қасиетті жұрттың жүрегінде әуелеп келеді. Ел ішінде «Қара Дәулет» атанып кеткен марқұм Дәулет Ырысбаевтың да «Қарағандым» әні Арқа елінің қызық-қуанышында, салтанатты кештерінде шырқалып жүр. Тарихы ғасырға жуықтаған, талайдың жастық дәуренін мәпелеген, талай жігіттің жүрегін толқытқан, талай бойжеткеннің жанын тербеген шаһар ғой бұл.

Көмірімен ғана даңқы шығып келген Қарағандыны махаббат пен мөлдір сезімге ораған ән – «Қарағандым». Ақын Қойлыбай Асановтың сөзіне жазылған талантты әнші, сазгер Дәуренбек Әркеновтің
«Арқаның алтын аймағы» әні де бүгінде осындағы жұрттың жүрегінен орын тапты. «Отан отбасынан басталады» дейді біздің жұрт. Расымен, анаңды, әкеңді, айналаңдағы ет жақындарыңды жақсы көрмей, «Мен елімді сүйемін!» деу – бос сөз, жалған айқай. Бәрінің бастауы – отбасы. Қазақ не айтса да, қалып айтпаған-ау! Демек, әке мен анаға, жақыныңа деген махаббатыңды одан әрі лаулататын әндерді де патриоттық деуге болады. Жақсы көрген жандарды қуанту үшін, жақсылыққа жеткізу үшін аянбай еңбек етесің, биік мақсаттарға, арманыңа ұмтыласың. Жүрегінде жылуы мен шуағы бар адам өз Отаны үшін де үлкен ерліктерге бара алады.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button