Жаңалықтар

Жас ұрпақ тәрбиесі – жіті назарда

Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ төрағалығымен онлайн режимде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның V отырысы өтті.

Отырыс жұмысына кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық комиссия мүшелері, басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Комиссияның кезекті отырысында кәмелетке толмағандар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды іске асыру және олардың арасында маскүнемдік, нашақорлық, темекі шегу секілді зиянды әдеттердің таралуының алдын алу жұмыстары, сондай-ақ, ерте жүктіліктің алдын алу бойынша қабылданған шаралар туралы мәселелер қаралды. Жасөспірімдерге консультациялық қызметтер көрсету, оның ішінде репродуктивтік және жыныстық мәселелер бойынша жастар денсаулық сақтау орталықтарының атқарған жұмыстары жөнінде айтылды.

– Кәмелетке толмағандар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған 597 іс-шара өткізілді. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану жөніндегі шаралар мектектерде үнемі жүзеге асырылып отырады. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында маскүнемдік, нашақорлық, темекі шегу секілді зиянды әдеттердің алдын алу жұмыстары ата-аналардың да жіті қадағалауында болуы тиіс, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының Ана мен баланың денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Гүлжан Бекетайқызы.

Комиссия отырысында облыста кәмелетке толмағандарға қатысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасының биылғы 9 айдағы орындалу барысы да назардан тыс қалмады.

Сондай-ақ, Саран, Жезқазған қалаларында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу жұмыстарының орындалу барысы тыңдалды. Ұлттық қауіпсіздікке демографиялық ахуалдың және халық денсаулығының нашарлауы елеулі қауіп әкеледі. Балалар денсаулығы көрсеткіштерінің нашарлау жағдайы кейіннен еңбек ресурстарының сапасына және болашақ ұрпақтың өсіп-өнуіне кері әсерін тигізеді. Бұл мәселелердің алдын алу үшін қажетті жұмыстарды жүргізу керек. Бұл іс-шараларды барлық басқармалар мен үкіметтік емес ұйымдар өткізуі қажет. Сондықтан, барлық мүдделі мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың салауатты өмір салтын қалыптастыру және кәмелетке толмағандар арасында маскүнемдіктің, нашақорлықтың, темекі шегудің таралуының, ерте жүктіліктің алдын алу мәселелерін шешуде жұмыстар жасалу керектігі баса айтылды.

Жиын соңында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Саран және Жезқазған қалалық комиссия төрағаларының есептері тыңдалды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button