Шахтинск

Жас полицейлер жігерленді

    Жуырда Шахтинск қаласында Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай, облыстық IIД жас қызметкерлерi мен олардың тәлiмгерлерiнiң слетi өттi. Осымен жетінші рет ұйымдастырылған шараға аймағымыздың түпкiр-түпкiрiнен 100 тәртіп сақшысы қатысты.

Слетке қатысушы полицейлер алдымен Шахтинск қаласының ішкі істер бөлімінде болып, қоғамдық тыныштықты сақтау мақсатында жанқиярлықпен еңбек жасаған полицейлердің құрметіне ашылған мұражайды тамашалады. Мұражайдың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Қарағанды облысы ІІД басшысының орынбасары, полиция полковнигі Берікбол Қасенов,  Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов Шахтинск қаласының ішкі істер бөлімі туралы сыр шертетін мұражайды жоғары бағалады.

Мұнда Отан қорғаған сақшы ардагерлердің суреттері, Тәуелсіз еліміздегі ерліктің үлгісін көрсеткен айбынды полицейлер туралы мәліметтер мен көптеген экспонаттар қойылған. Полиция қызметкерлерінің аты-жөндерінің тізімі мен сонау жылдардағы милицияның қару-жарағы, фотоаппараты, милицияның саптағы және күнделікті киімі, алған наградалары орналастырылған. Тергеушілердің отырған кабинеті де сол қалпында сақталған. Әрбір экспонат уақытпен санаспай жұмыс істейтін полицейлердің ерлігі мен еңбегін көрсетіп тұр.  Тәртіп сақшыларының тарихына терең үңілгендігін байқадық.

Бұдан кейін, жеке құрам арасында тәрбие жұмысын жетілдіру және оған серпіліс беру, кәсіби кадрлық деңгейді сақтап қалу, сонымен бірге, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, озық дәстүрлерді қадірлеу мақсатында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел барысында еліміздің қылмыстық-атқару жүйесінде, қоғамдық тәртіпті сақтауда жұмыс істеп жүрген полицейлердің қоғамдағы орнын қалыптастыруға игі істердің атқарылу керектігі айтылды. Мәселен, полиция сер­жанты Қайрат Жұмабеков сияқты қаһармандарымыздың ерлігін насихаттап, облыс орталығында аллея ашу және елді мекендердегі әлеуметтік нысандар мен көшелерге олардың есімдерін беру туралы ұсыныстар айтылды. Ішкі істер саласында шын көңіл бөліп, тетігін тапса, кез келген проблеманы шешудің жолы бар екендігін сөз етті.

Сонымен қатар, жас полицейлер бір уақытта НКВД КарЛаг басқармасының үйі болған Долинка кентінде және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайын да аралап көрді. Жаңа Майқұдық, Абай ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тәжірибелерімен бөлісті.

Түс ауа, ішкі істер саласына саналы ғұ­мырын арнаған ардагерлердің шаңырақтарына бас сұғып, қазыналы қарияларға құр­мет көрсетілді. Ардагерлер сый-сияпат жасағандарға шын жүректен алғыстарын бiлдiрдi. Слеттің соңы Қарағанды облысы ІІД қызметкерлері дайындаған концерттiк бағдарламаға ұласты.

Шараны қорытындылаған Қарағанды облысы ІІД басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев 14 тәлімгерді Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, 6 жас полиция қызметкері ҚР ІІД символикалық сағатын, 9 жас полицейге грамота, 8 полицейге Алғыс хат табыстады. Келесі слет Балқаш қаласында өткізілетіндігін жеткізді.

Берікбол Қасенов, Қарағанды облысы ІІД басшысының орынбасары, полиция полковнигі:

– Бұл iс-шараның тәлiмгерлер үшін берері мол. Iшкi iстер органдарында қызмет атқару үшiн шыдамдылық, адалдық, тәртiп, табандылық керек екендігін осындай игі істермен насихаттап келеміз. Осы қызметке бар өмiрiн арнаған, бiр емес, бiрнеше өз iсiнiң кәсiпқойларын тәрбиелеген аға офицерлер жинаған тәжiрибелерi және дағдыларымен бөлiсуде. Бiрлескен iс-шаралар ұрпақтар сабақтастығы мен iшкi iстер органдарының үздiк дәстүрiн сақтауға кө­мектесіп, патриоттық тәрбие беруге ықпал ететіндігіне сенімдімін.

Нұрдос КӘРІМ

Суретті түсірген автор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button