Жас математикте – қола медаль
Қарағандылық оқушы Рахым БАЙМУРЗИН кезекті зияткерлік жетістікке қол жеткізді. Ол Кипрде өткен 38-ші Балқан математика олимпиадасында қола медаль ұтып алды.
Додаға 18 елден жиналған жас математиктер қатысты. Қазақстан намысын Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағандыдан 6 өкіл қорғады. Олар бір күміс және төрт қола медаль ұтты.
Қола жүлде иегерлері арасында Қарағандылық Рахым Баймурзин де бар. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-ші сыныбында оқиды.
Оқу орнында атап өткендей, осы жыл Рахым үшін өте жемісті болды. Жас математик көптеген республикалық және халықаралық зияткерлік сайыстарда жақсы нәтижелер көрсетті. Рахым XVII Халықаралық Жәутіков олимпиадасының және Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасының күміс жүлдегері, «Жібек жолы» Халықаралық математика олимпиадасының және 62-ші Халықаралық математика олимпиадасының қола жүлдегері.
Өз тілшімізден.