«Жас маман» жастарға жол ашады
Жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, шеберлік дағдыларын дамыту маңызды. Негізгі мақсат – сұранысқа ие 100 мамандық бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Осы орайда құзыреттілік орталықтары жалдамалы қызметкерлерді ғана емес, сонымен қатар, кәсіпкерлерді де дайындайды.

Қазіргі таңда облыста колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 88%. Оның ішінде «Жас маман» жобасы аясында мемлекеттік тапсырыстың 60%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Бұл тізімде металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік бар. Ескірген кәсіп түрлері қысқарып, жаңа мамандықтар қатарға қосылуда.
Білім басқармасындағы техникалық кәсіптік білім беру бөлімінің меңгерушісі Индира Ысқақованың айтуынша, бүгінде түлектерді жұмыспен қамтумен қатар, жатақханалардың материалдық-техникалық база жақсарып, гранттар саны артып келеді. Бұл – «Жас маман» жобасының ықпалы.
Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында кадрларды сапалы даярлау мақсатында «Жас маман» жобасы бойынша жарақтандырылған 9 тірек колледж және тиісті даярлық бейіні негізінде 45 магниттік колледж анықталды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 2023 жылмен салыстырғанда 1 100 орынға ұлғайтылып, 9 244 орынды құрады. Колледждерді кластерлеу бойынша да жұмыс басталды. Оның ішінде, білім беру, құрылыс, көлік, энергетика, IT және байланыс, тау-кен өндіру, жеңіл өнеркәсіп сынды ауыл шаруашылығының тірек колледжі бар. Әр сала бойынша колледждердің мектептермен және кәсіпорындарымен өзара іс-қимылы нақтыланған.
Биыл облыстың екі ірі колледжінде өңірлік сұраныстарға жауап беретін су шаруашылығы, туризм сынды қосымша заманауи мамандықтар ашылады.
Сонымен қатар, студенттер саны аз ауылдық колледждер базасында ересектерді оқытуды қамтитын орталық құрылуда, – дейді Индира Ысқақова.
Бүгінде материалдық базаны жақсарту мақсатында көлік, тау-кен өнеркәсібі, азықтүлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, энергетика салаларына көңіл бөлінген. «Жас маман» жобасында Германия, АҚШ, Швеция, Франция, Италия, Аустрия елдерінде шығарылған әлемдік брендтердің заманауи қондырғыларымен жабдықталған 14 колледж бар.
Шеберлік тәжірибе арқылы шыңдалады
Сол 14 колледждің білім сапасы да жыл сайын жақсарып келеді. Бұл орайда ірі инвесторлар мен оқыту бағдарламаларын өзгертуге әзір кәсіпорындар таңдалған. Бұл – өз кезегінде еңбек нарығын біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз етуге сеп. Мәселен, облыстағы 33 мемлекеттік колледжде жұмыспен қамту және мансаптық өсу орталықтары құрылған. Дуальды оқыту 6,4 мыңнан астам адамды қамтитын 42 колледжде жүргізілуде. 360 кәсіпорынмен ынтымақтастық сәтті жолға қойылған.
Кәсіпорында маманды мақсатты оқыту бойынша келісім белсенді жасалған. Биыл келісімшартпен 467 студент білім алуда, келесі оқу жылына тағы 300 студент қабылдау жоспарланған.
– Бүгінгі таңда 6 колледжде 8 жаңа мамандық ашылды. Олар «Цифрлық технология», «Дене шынықтыру және спорт», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Құрылыс және ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану», «Банк ісі және сақтандыру», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Интерьер дизайны», – дейді басқарма мамандары.
Биыл «Жас маман» аясында Қарағанды тағамтану және сервис колледжінде шағын наубайхана ашылды. Жоба студенттерді кәсіпке үйретіп, колледждің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталмақ.
WorldSkills: жұмысшы мамандығы – сұраныста
Колледж студенттерін дамыту мақсатында облыста WorldSkills халықаралық шеберлік чемпионатына дайындық белсенді жүреді. Сондай-ақ, жыл сайын жұмысшы мамандықтарының фестивалі өтеді. Жастар фестивальда жобаларын таныстырады. Белсенділері чемпионатқа барады. Саранда Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған фестивальға Қарағанды теміржол колледжі де қатысты. Студенттерді тоғыз мамандық бойынша оқытатын білім ордасы «Жас маман» жобасы бойынша қажетті жабдықтармен толық қамтылған.
– Студенттерді теміржолдың барлық мамандықтарына оқытамыз. Оқушыларды колледж мамандықтарымен таныстыру үшін фестивальдарға барамыз, – дейді Қарағанды теміржол колледжінің оқытушысы Индира Төлеуханова.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»