«Жас маман» жастарға жол ашады
Тамыз кеңесінде Президент «Жас маман» жобасын сынға алып, нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырған. Содан бері кәсіптік-техникалық білім беретін колледждер тек маман даярлаумен айналыспайды. Түлектерді жұмыспен қамтып, дамуын қадағалайды.
Қазіргі таңда облыста колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 88%. Оның ішінде «Жас маман» жобасы аясында мемлекеттік тапсырыстың 60%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Бұл тізімде металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік саласы бар. Ескірген кәсіп түрлері қысқарып, орнына жаңа мамандықтар қосылуда.
Түлектер жұмыссыз емес
Білім басқармасы техникалық кәсіптік білім беру бөлімінің меңгерушісі Индира Ысқақованың айтуынша, бүгінде түлектерді жұмыспен қамтумен қатар, жатақханалардың материалдық-техникалық база жақсарып, гранттар саны артып келеді. Бұл «Жас маман» жобасының ықпалы аясында жүзеге асқан.
– Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 55 колледж болса, оның 38-і – мемлекеттік. Мамандар 97 мамандық және 114 біліктілік бойынша дайындалуда. Қазіргі таңда 32 мыңға жуық студент білім алуда, оның ішінде 21,5 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша. «Баршаға арналған тегін техникалық кәсіптік білім» жобасын іске асыру жұмысшылар мен орта буын мамандарын даярлау мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жалғасуда, – дейді Индира Ысқақова.
Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 13 колледж мақсатты оқытумен айналысуда. 16 кәсіпорынмен келісімшарт жүргізілгендіктен, түлектердің еңбек нарығына араласуы басқарма тарапынан үнемі қадағалауда.
– Материалдық базаны жақсарту мақсатында көлік, тау-кен өнеркәсібі, азық-түлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, энергетика салаларына көңіл бөлдік. «Жас маман» жобасына Германия, АҚШ, Швеция, Франция, Италия, Аустрия елдерінде шығарылған әлемдік брендтердің заманауи қондырғыларымен жабдықталған 14 колледж енді, – дейді Индира Ысқақова.
Шеберлік шыңдау практикамен шендескен
Сол 14 колледждің білім сапасы да жыл сайын жақсарып келеді. Бұл орайда ірі инвесторлар мен оқыту бағдарламаларын өзгертуге әзір кәсіпорындар лайықты таңдалған. Бұл өз кезегінде еңбек нарығын біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз етуге сеп. Мәселен, облыстағы 33 мемлекеттік колледжде жұмыспен қамту және мансаптық өсу орталықтары құрылған. Дуальды оқыту 6,4 мыңнан астам адамды қамтитын 42 колледжде жүргізілуде. 360 кәсіпорынмен ынтымақтастық сәтті жолға қойылған.
Кәсіпорында маманды мақсатты оқыту бойынша келісім белсенді жасалған. Биыл келісімшартпен 467 студент білім алуда, келесі оқу жылына тағы 300 студент қабылдау жоспарланған.
– Бүгінгі таңда 6 колледжде 8 жаңа мамандық ашылды. Олар «Цифрлық технология», «Дене шынықтыру және спорт», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Құрылыс және ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану», «Банк ісі және сақтандыру», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Интерьер дизайны», – дейді басқарма мамандары.
Қосымша 8 мамандықты ашу жоспарланған. Оның бірі – «SilkRoadsElectronics» ЖШС компаниясының ықпалымен Шахта технологиялық колледжінде «Полимер бұйымдарын өндіру технологиясы» мамандығы бойынша жүргізілмек.
– «Жас маман» аясындағы «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығын студенттер 3 жыл оқиды. Автокөліктің ақауларын жоюды, оған техникалық қызмет көрсетуді және диагностикалауды үйренеді. Автомобиль сервисі, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық кәсіпорындарында тәжірибе жинайды. Түлектерге «Борусан Макина Казахстан» ЖШС ШК, «Евротехсервис и К» ЖШС, «Аавтобус парктері», «Тойота орталығы» ЖШС серіктес компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар, – дейді Қарағанды жоғары политехникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мүбарак Хасенов.
Биыл сондай-ақ, «Жас маман» аясында Қарағанды тағамтану және сервис колледжінде шағын наубайхана ашу жоспарланған. Жоба студенттерді кәсіпке үйретіп, колледждің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталмақ.
WorldSkills: жұмысшы мамандығы – сұраныста
Колледж студенттерін дамыту мақсатында облыста WorldSkills халықаралық шеберлік чемпионатына дайындық белсенді жүреді. Сондай-ақ, жыл сайын жұмысшы мамандықтарының фестивалі өтеді. Жастар фестивальде жобаларын таныстырады. Белсенділері чемпионатқа барады. Саранда Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған фестивальге Қарағанды теміржол колледжі де қатысты. Студенттерді тоғыз мамандық бойынша оқытатын білім ордасы «Жас маман» жобасы бойынша қажетті жабдықтармен қамтылған.
– Студенттерді теміржол саласының барлық мамандықтары бойынша оқытамыз. Жергілікті оқушыларды колледж мамандықтарымен таныстыру үшін фестивальдерге барамыз. Оқу орнын өз көздерімен көріп, күнделікті өмірге ену үшін виртуалды шындық көзілдірігін апардық, – дейді Қарағанды теміржол колледжінің оқытушысы Индира Төлеуханова.
Сондай-ақ, Қарағанды техника-құрылыс колледжінің шебері Әсемнұр Әділхан өз қолымен жасалған сәндік-қолданбалы өнер туындыларын ұсынған.
– Фестивальге суреттер, зергерлік бұйымдар, тұмарлар, білезіктер, сырғалар ұсындым. Бәрі қазір сұранысқа ие, өйткені, қолмен жасалған бұйымдар өзін қолданған адамды басқадан ерекшелендіріп тұрады. Қолөнерді үйрену арқылы жақсы ақша табуға болады, – дейді оқытушы.
«Жас маман» жобасының арқасында өңірдегі колледждер әлемдік деңгейдегі соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарға ие болып, студенттер кәсіби деңгейін көтерген. Фестивальге белсенді қатысқандар чемпионатқа да жолдама алды. Естеріңізде болса, «WorldSkills Kazakhstan-2022» республикалық чемпионатында Қарағанды облысы бірінші орынды иеленген болатын.
2023 жылы облыс қоржыны екі «күміс» және екі «қола» медальмен толықты. «Веб-технологиялар» бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Дарын Ақышев күміске қол жеткізген. Қазіргі таңда Дарын веб-сайт жасаумен айналысады.
Бүгінде облыстың білім беру бағдарламаларына 50-ден астам WorldSkills стандарттары енгізілді. Колледждердің 60%-ы жаңа бағалау жүйесі демо емтихандарды енгізуде. 28 техникалық-технологиялық колледждің 17-сі демонстрациялық емтихан түрінде біліктілік емтихандарын өткізіп үлгерді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz