Бас тақырыпБасты тақырып

Жас ұландар ант қабылдады

Қарағанды әскери колледжінде салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл айтулы күні колледждің 120 тәрбиеленушісі оқу орнының жеке құрамы, ата-аналар мен құрметті қонақтар қатысқан салтанатты жиында Отанға адалдық антын қабылдады.

Суреттер ҚР Қорғаныс министрлігінің Қарағанды гарнизоны бойынша баспасөз қызметінен

Іс-шара сапқа тұру және колледж туын алып шығудан басталды. Бірінші курс ұландары оқу орнына есімі берілген екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

   – Бүгінгі күн біз үшін аса маңызды. Біз бұл сәтке ұзақ дайындалдық, жарғыны оқып, біртұтас команда болуға үйрендік. Ант сөздерін айтқан сәтте бойымды мақтаныш пен жауапкершілік сезімі кернеді. Мен әскери колледж тәрбиеленушісі атанғанымды зор құрмет санаймын және елімнің лайықты қорғаушысы болуға уәде беремін, деді – бірінші курс ұланы Бекнұр Жұмағали.

 Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар барабан үнімен саптық шеру өткізіп, өздерінің дайындығы мен бірлігін көрсетті. Салтанатты шараның соңында қонақтар, ата-аналар, ардагерлер мен қоғам өкілдері колледждің оқу-материалдық базасымен танысты. Оларға оқу аудиториялары мен әскери пәндерге арналған арнайы кабинеттер көрсетілді. Мұнда ұландар теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік алады. Колледж тәрбиеленушілері жалпы білім беретін пәндермен қатар, тактика негіздері, байланыс, саптық дайындық, жалпы әскери жарғылар және сержанттарға қажетті кәсіби қасиеттерді қалыптастыратын басқа да пәндерді меңгереді.

Әскери колледж тәрбиеленушісінің ант қабылдауы – жай ғана дәстүр емес, Отанға қызмет етуді саналы түрде қабылдаған тұлғаның қалыптасуындағы маңызды кезең. Бұл күн әрбір ұланның жадында өмір бойы сақталып, олардың үлкен де абыройлы жолының бастауы ретінде есте қалмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button