Ресми

Жасұлан ЕШМҰХАНОВ: Шегіртке «шабуылына» дайынбыз

Агрокешеннің дамуы еліміздің экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын фактор екендігі даусыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін, аграрлық салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің барлығын ұдайы атап айтып келеді. Соның сүбелі әрі салмақтысы – ауыл шаруашылығы дақылдарын, егістік және жайылымдық алқаптарды, төрт түліктің қорегі жемшөп алқаптарын зиянкес­терден қорғау. Агроөнеркәсіп кешеніндегі қауіпсіздікке жауап беретін арнайы құрылым бар. Ол – аумақтық инспекция. Түрлі зиянкестерден қорғау амалдарын іске асыратын осы ұйым. Биыл ел шегірткеге алаң. Негізі, зиянкес­термен күрес толассыз. Десек те, жазда қандай қарекеттер жасалмақ? Осы орайда Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жасұлан Ешмұхановпен сұхбат құрған едік…

Сурет Ж.Ерболатұлының жеке мұрағатынан

– Жасұлан Ерболатұлы, сұхбатты аймақтың қазіргі таңдағы фитосанитариялық ахуалынан және осы бағыттағы инспекция қызметінен тура бастасақ…

– Жалпы республика аумағында азық-түлiк қауiпсiздiгiн және қалыпты фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету өсiмдiктердi қорғау және өсімдіктер карантині салаларындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi мiндеттерiнің бірі екендігі баршаға аян.

Фитосанитариялық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мақсатында облыс аумағын зиянкестер, арамшөптер, өсімдік аурулары және карантинді объектілерден қорғау, оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің аса қауіпті зиянкестері мен ауруларына қарсы өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру және бақылау жасау шараларын облыстық аумақтық инспекция және оның аумақтық бөлімшелері атқарады.

Бұл жерде «аса қауіпті» деп отырғанымыз – оқтын-оқтын жаппай көбеюге және таралуға бейiм, экономикалық, экология­лық залал келтiретiн зиянды организмдер. Уәкілетті орган бекіткен тізімге сәйкес бұл организмдердің қатарына үйірлі шегіртке тектестер (азиялық, марокколық және итальяндық прус), зиянды бақашық, астықтың сұр көбелегі, гессен шыбыны, астық қоңыз­дары, мақта көбелегі, өрмекші кене, саршұнақтар, тышқан тәрізді кеміргіштер, колорадо қоңызы, қырыққабат күйесі, шалғын көбелегі және дәнді дақылдардың аурулары (тат ауруы, септориоз) жатады.

Облыста фитосанитариялық бақылау және жоғарыда аталған ауыл шаруа­шылығы дақылдарының аса қауіпті зиянкестеріне және ауруларына қарсы күрес шаралары тұрақты негізде жүргізіледі. Фитосанитариялық қалыпты ахуалды қалыптастыруда инспекциямен қатар ведомстволық ұйым – «Республикалық фи­то­санитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының» облыс­тық және аудандық филиалдары әрекет етеді. Орталық мамандары қауіпті организмдердің және аурулардың, карантинді объектілердің таралу болжамын жасайды, сол болжам негізінде ағымдағы жылға химиялық өңдеу жұмыстарының жоспары жасалады.

Өсiмдiктер карантинiнiң негiзгi мiндеттерiнің бірі – Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден немесе карантиндi аймақтан карантиндi объектiлердiң әкелiнуiнен немесе өз бетiмен енуiнен қорғау, карантиндi объектiлердi анықтау, оқшаулау және жою, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының олар жоқ аймақтарына олардың енуiнiң алдын алу, мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу.

– Ал, карантинді объектілерді жою мақсатында нендей шаралар атқарылуда? Жалпы карантинді объектілердің зияны неде?

– Облысымыз бойынша карантинді объектілерден таралған жатаған (қызғылт) укекіре. Ол – атпа тамырлы көпжылдық өсімдік. Укекіренің зияндылығы егістікті ластайды, барлық дақылдардың, жайылымның өнімділігін кемітеді, мал азығының сапасы төмендейді, жануарлар укекіре жесе, сүттің дәмі қышқылданады. Укекіре өсімдігінің көптеген жануарларға, әсіресе, жылқы мен түйеге улы әсері бар. Алайда, оны қой мен ешкі жақсы жейді.

Карантинді объектілерді уақытылы анықтау және ошақтарын айқындау үшін «Республикалық фитосанитарлық диагностикалық және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі қызмет етеді.

Облыс көлемінде біраз шаруашылық субъектілеріне, мемлекеттік жер қорларында, басқа да объектілер жерлерінде облыс әкімдігінің қаулысымен карантиндік режим енгізе отырып, карантинді аймақ белгіленген болатын. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында, карантинді арамшөп жатаған (қызғылт) укекіре ошақтарын шектеу, оқшаулау және жою жөніндегі іс-шаралардың жоспарлары бекітілді.

Облыс бойынша жатаған (қызғылт) укекіреге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 155,5 гектар алқапта жүргізу жоспарлануда. Оның 75 гектары мемлекеттік жер қорында және 66,9 гектар ауыл шаруашылық субъектілердің жерлерінде, қалған 13,6 гектар басқа да жерлерде (тас­жол жиектері, қала, елдімекен жерлері).

Қазақстан Республикасының «Өсім­діктер карантині туралы» Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі және жер пайдалануындағы объектілер мен жер учаскелерінде карантиндік арамшөптердің таралу ошақтарын оқшау­лау және жою жөніндегі іс-шаралары жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал, мемлекеттік жер қорындағы залалданған алқаптарда Рес­публикалық бюджет есебінен «Фитосанитария» РММ мекемесі оқшаулау, жою жұмыстарын жүргізеді.

Біздің инспекторлар карантинді объек­ті – жатаған (қызғылт) укекіреге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдас­тыру үшін жеке және заңды тұлғаларға хабарлама, ұсыныстар беріп, тиісті жұмыстар атқарады. Осы жұмыс­тардың сапалы жүргізілуінің арқасында, жатаған (қыз­ғылт) укекіремен залалданған ошақтардың аумағы жыл сайын азайып келе жатыр.

– Басқа елдерден көп тасымалданатын өнімдер туралы айтып өтсеңіз. Ол өнімдерден карантинді объектілер анықталған жағдай бар ма?

– Жалпы, облысымызға басқа елдерден жиі әкелінетін карантинге жатқызылған импорттық өнімдерге – банан, бидай, ағаш материалдары және гүлдер жатады. Осындай келген өнімдерді зерттеп, қарау барысында осы жылы Ресей Федерациясынан жөнелтіліп, шыққан елі – Эквадор болып табылатын 28,91 тонна банан жеміс­терінен Шығыстың ақ ұнтақты сымыры және Ресей Федерациясынан 45 текше метр ағаш тақтайларынан қарағайдың қара сүгенінің жұлдызқұрты карантинді объектілері анық­талды. Барлық өнімдерге тиісті карантинді шаралар жүргізіліп, залалсыздандырылды.

– Кейінгі уақытта биылға шегірткеден қауіп туралы жиі айтыла бастады. Ел-жұртты бұл мәселенің алаңдататыны да рас. Шегірткеден келетін қауіп қаншалықты? Онымен күрес қалай болмақ?

– Ия, шегірткенің таралу қарқыны біршама артқаны рас. Шегіртке үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді. Соның ішінде, үйірлі шегірткелер ауыл шаруашылығы дақылдарына аса қауіпті. Биыл респуб­лика бойынша үйірлі шегіртке зиянкес­теріне қарсы химиялық күрес жоспары 2,5 миллион гектар. Негізі, шегірткенің ең көп таралуы Ақтөбе облысында – 784 мың гектар, Қостанай облысында – 776 мың гектар және Түркістан облысында 271 мың гектар аумақты құрап отыр. Рес­публика бойынша үйірлі шегірткемен күрес үшін республикалық бюджеттен алдын ала 4,2 млрд. теңге, Үкіметтің резервінен қосымша 3,9 млрд. теңге бөлінді. Бұл – шегірткені жою мақсатында жасалған шара.

Қарағанды облысы аумағында үйірлі шегірткелердің итальяндық прус атты түрі кең таралған. Олар дәнді дақылдарды, көкөністер мен бау-бақшаларды, жайылымдар мен шабындықтарды отап, айтарлықтай зиян келтіреді. Шегіртке зиянкестері күн ысыған сайын өсімдіктерден мол ылғал алу үшін онымен көп қоректенеді.

Шегірткелердің тіршілік циклі 3 кезеңнен тұрады: жұмыртқа, дернәсіл және ересек. Жылына бір рет ұрпақ береді. Эмбрионалды даму аяқталғаннан кейін дернәсілдер алдымен жеке, содан кейін жаппай жер бетіне шығады. Дәл осы сәтте, яғни, дернәсілдердің жер бетіне жаппай шығуы кезінде оларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Одан үлкен жастағы шегірткелер инсектицидтердің әсеріне төзімді болып келеді. Сондықтан, олармен күресу кезінде инсектицидтердің шығымын да көбірек қолдану қажет болады. Сондай-ақ, әрбір келесі жаста олардың алып жатқан аумағы бірнеше есе ұлғаяды. Шегіртке дернәсілдеріне уақытылы өңдеу жұмыстары жүргізілмесе, қатты ыстықты және құрғақшылық жылдары олардың алып жатқан аумағы бірнеше есеге ұлғаю қаупі бар. Шамадан тыс көбейген жағдайда егістіктер мен жайылымдарға, жер бетіндегі биомасса бөліктеріне зиян келтіреді. Биыл итальяндық прус дернәсілдерінің жер бетіне алғашқы шығуы 2024 жылдың 21 мамырында Қарқаралы ауданының Мамыраев ауылдық округінде және Бұқар жырау ауданының Петровка ауылдық округінде тіркелді.

Аса қауіпті зиянды организмдер бойынша белгіленген фитосанитариялық нормативтерге сәйкес, химиялық өңдеуге жататын алаң зиян тигізудің экономикалық шегі мәндері арқылы айқындалады. Үйірлі шегіртке өкілі итальяндық прус үшін 1 шаршы метрге 3 және одан көп дернәсілдің таралуы фитосанитариялық іс-шараларды жүргізуге себеп болады.

Биыл «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Қарағанды облыс­тық филиалы тарапынан итальяндық прус шегірткесіне қарсы Қарағанды облысы бойынша 47 980 гектарда химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде, 16 380 гектары – жер бетімен, 31 600 гектары әуемен жүргізу жоспарланған.

Аталған зиянкеспен күресу шараларына келер болсақ, бүгінгі күні ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің қызмет көрсетушілерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп, облыс аумағында химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігерлер анықталды. Оның 31 600 гектар әуе арқылы «Агро СЛА» ЖШС және «AVIASILA» ЖШС 2 аса жеңіл ұшағы арқылы, жер бетімен 16 380 гектар алаң «ЗапКазФумигация» ЖШС 8 жер үсті бүріккіш техникалары арқылы жүргізіледі. Пестицидтер көлемі жоспарланған 47 980 гектар аумақта үйірлі шегірткелерге қарсы күрес жүргізуге толығымен жеткілікті.

– Шегірткенің бір жылдары саны артып, келесі жылдары кеміп кетуінің себебі неде?

– Сұрағыңыз орынды. Шегіртке зиянкестеріне қарсы жыл сайын жүйелі түрде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, зиянкес популяция­ларын біржола құртып жіберу мүмкін емес. Тек олардың сан мөлшері азайып отырады. Жыл сайынғы химиялық күрес жұмыстары ұйымдастырылып, қаншама адам жұмылдырылып, қаражат бөлініп жатқанымен олардың таралу ареалы кей жылдары өршіп кетеді. Бұл жерде «неге?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауапты бірнеше саты бойынша қарастыруға болады: біріншіден, шегіртке «көшпенді» зиянкес, яғни, ол бір жерде ғана тұрақтап тұрмайды және ол жаппай миграция жасаған кезінде бірнеше мыңдаған шақырымды артқа тастап ұша алады. Сондықтан, оған қарсы күрес шараларын көршілес тұрған аудан, облыс, тіпті, шекаралас ел болып бірлесе жүргізу қажет.

Екіншіден, қазір дүние жүзінде болып жатқан ғаламдық жылыну, күн сәулесі белсенділігінің артуы, су қорының азаюы, жағалаулардың құрғап қалуы мен теңіз жағалауында жаңа аралдардың пайда болуы сияқты табиғи құбылыстар зиянкес ареалын арттырып отыр.

Үшіншіден, осы саладағы көптеген ғалым шегіртке зиянкесінің әрбір 11-12 жыл сайын саны көбейіп шарықтау шегіне жетіп барып, қайта бәсеңдейтінін айтады. Көп жылдар бойы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелерін салыстырмалы түрде есептегенде, үйірлі шегіртке зиянкестерінің облыс аумағында жоғары көтерілуі 1999-2000 жылдар, 2010-2011 жылдар, одан кейінгі жаппай көбею кезеңі 2023-2024 жылдарға сәйкес келіп отыр.

 

– Өзіңіз айтқандай шегірткенің жаппай миграциясы мыңдаған шақырымға созылады және биылға шегірткеге қарсы зор алқапты өңдеуді жоспарлаған Қостанай облысымен шектесуіміз тағы бар. Бұл орайда шекаралық аумақтың жағдайы қалай болар екен?..

– Қазіргі уақытта шекаралық аумақтың фитосанитариялық қауіпсіздігі басты назарда. Жыл басынан облысымызбен шектесетін аумақтарда шегіртке зиянкестеріне бірлесе зерттеу жүргізу арқылы олардың таралуын уақытылы анықтау мақсатында, көршілес 8 облыс­тық аумақтық инспекцияларымен ынтымақтастық келісімшарты жасалған. Аталған келісімшарттар негізінде әдістемелік орталық пен инспекция мамандары көршілес облыстардағы әріптестерімен әрдайым ақпарат алмасып, бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тәжірибе алмасады. Шекаралық аумақта шегіртке зиянкестерінің таралуы орын алған жағдайда, оларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын көршілес облыспен келісе әрі бірлесе жүргіземіз.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта фитосанитариялық шараларды тыңғылықты ұйымдастыруға байланысты облыстық, аудандық штабтар құрылған. Жыл басынан аймақтарда аумақтық инспекция басшылары мен мамандары және «РФДжБӘО» РММ Қарағанды облыстық филиалы мамандарымен бірге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне аса қауіпті зиянды организмдердің таралуы және олармен күресу шаралары бойынша семинар-кеңес­тер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Зиянды шегірткелердің санын азайту – мемлекет назарында тұрған бүгінгі таңдағы басты мәселе. Үкімет қажетті ұйымдар құрып, материалдық-техникалық шаралар мен ғылыми-зерттеулерді қолдап, ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянды ағзалардан қорғау мақсатында бюджеттен қаражат бөліп отыр.

Өсімдіктерді қорғау саласындағы жасалып жатқан барлық шаралардың түпкілікті мақсаты – ауыл шаруашылығы дақылдарын, мал азығы өнімдерін түрлі зиянкестер мен аурулардан тазартып, фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзу кезiнде пестицидтердiң адамдардың денсаулығына, ауыл шаруашылық өнiмiне, зиянын болдырмау. Сондай-ақ, жалпы фитосанитариялық ахуалды қауіпсіз қалып­қа келтіру. Осы мақсат жолында мамандар бар білімін, тәжірибесін, күш-қуатын сарп етіп, еңбек етіп келеді.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button