Жаңалықтар

Жас кәсіпкерлерге грант табыстады

«Болар баланың бетін қақпа, белін бу» дейді ғой қазақ. Иә, қазіргі жастардың жанарынан жалынды, бойларынан болашаққа деген ағынды анық байқауға болады. Әсіресе, кейінгі жылдары жас кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Оларға үкімет тарапынан қолдау да жоқ емес. Аудан әкімінің гранты, облыс әкімінің гранты және жеңілдетілген несие негізінде түрлі бағдарламалар бар. Не десек те, ел экономикасының еселене түсуіне жас буынның да тигізіп жүрген үлесі салмақты. Осы игілікті іс аясында облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК бір топ жас кәсіпкерлерге грант табыстады.

Былтыр Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек грант санын ұлғайтамыз деген еді. Сол отырыста сөйлеген сөзін де келтіре кетсек… «Жастарға гранттар бөлу арқылы қолдау көрсету бар жағынан тиімді деп есептейміз. Сондықтан, форумдар мен конференцияларға кететін артық шығындарды қысқартуға және оның орнына гранттар санын арттыруға шешім қабылданды. Келесі жылдан бастап, облыс әкімі грантының жалпы сомасы 100 млн. теңгені құрайды». Иә, әкім сөзінде тұрды. Биыл жастар бизнесін қолдауға 100 миллион теңге бөлінді. Комиссия мүшелері 306 бизнестің ішінен 100 жас кәсіпкердің жұмысын саралап, іріктеп алды. Бизнес жоспарлар қоғамдық тамақтану орны, білім беру және медициналық қызметтер, туризм саласын, жиһаз, құрылыс материалдары мен ірі қара мал өсіруді қамтиды. Сондайақ, грант иегерлері бұқаралық спортты дамытуды, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасауды көздейді. Қарағандылық Наурызбек Муслимов әкім грантына емшара кабинетін ашуды жоспарлап отыр. Медицина университетінің студенті «қалада көптеген клиникалар барына қарамастан, халық дәрігердің қызметіне жүгіну үшін бірнеше сағат кезек күтуге мәжбүр» дейді. Осыны ескерген жас маман ісін ілгерілету үшін әкім грантын үлкен көмек, мүмкіндік санайды. Ал, қарқаралылық Саламат Абдоллаев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған имитрон тренажерін жасауды қолға алыпты. Саламат алғашқысын әзірлепті. Өзінің есебінше айына 4 имитрон жасаймын дейді. Дәнекерлеушінің көмегімен. Грант қаражатына металл, серіппе және дәнекерлеу аппаратын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұқаралық спортты дамытуды көздеген Бұқар жырау ауданы, Көкпекті ауылының жас кәсіпкері Қасымхан Айтбеков 50-ден астам ауыл баласын жаттықтырады. Оның шәкірттері каратеден облыстық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп үлгеріпті. Қасымхан енді Көкпектіден бөлек, Ботақара кентінен зал ашқысы келеді. «Талантты балалар ауылда. Шыңдау керек, спортқа баулу керек. Әкім гранты осы мақсатыма үлкен серпін болғалы тұр. Облыс басшылығына үлкен алғысымды жеткіземін», – дейді Қасымхан.

– Мен сіздермен Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында кездескеніме қуаныштымын. Грант – бұл бірінші қадам. Болашақта сіздер түрлі мемлекеттік бағдарламаларды кәсіпкер ретінде пайдалануға мүмкіндіктеріңіз бар. Сіздер өз істеріңізді дамытуларыңыз керек, біз әркез қолдауға дайынбыз, – деді шараны түйіндеген Жеңіс Махмұдұлы.

Биыл 100 жас кәсіпкердің әрқайсысы 1 миллион теңгеден иеленді. Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне грант иелерінің жобаларын барынша қолдауды тапсырды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button