Жас кәсіпкерлерге грант берілді
Осакаровка кентінде «Жастар – елдің Болашағы» атты аудан жастарының форумы өтті. Жастар жылы аясында ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Нұркен Қобжанов сөз сөйлеп, өскелең буын өкілдеріне ізгі тілегін жеткізді. Жас кәсіпкерлерге аудан әкімінің гранты табысталып, белсенді жастар марапатталды.
Биыл – жастар үшін ерекше жыл. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Мәңгілік Елдің жастары мемлекет үшін қызмет етер кез келді. Бұл – сіздерге жүктелген басты міндет. Оны орнықты жүзеге асыру үшін талмай ізденіп, аянбай еңбек ету керек. Біздің ауданымызда ел мақтанына айналған жастар көптеп саналады. Солардың арасынан жас спортшыларымыз Бейімбет Қанжанов, Александр Жигулин және Еламан Қуанбайды ерекше атап өткім келеді. Мемлекет жастардың табысты болып, жетістікке жетуіне мүдделі. Өйткені, жастардың жетістігі – елдің жетістігі, – деді Нұркен Сайфиддинұлы өзінің құттықтау сөзінде.
Әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін назарға алсаңыз, оларда экономиканы алға сүйреуші негізгі күш – шағын және орта бизнес өкілдері екенін көреміз. Ал, Қазақстан – кәсіпкерлер үшін ең қолайлы елдердің бірі. Елімізде шағын және орта бизнесті жандандыруға бағытталған бірқатар бағдарламалар бар. Жас кәсіпкерлерге берілетін аудан әкімінің грантын солардың қатарына жатқызуға болады. Осакаров ауданында кейінгі жылдары аталмыш грант дәстүрлі негізде табысталып келеді. Соған орай, осы уақыт аралығында 13 азамат нақты қолдауға ие болып, бүгінде өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр екен.
– Аудан жастарының биылғы форумын Жастар жылының құрметіне ұйымдастырдық. Осы арқылы оларды рухтандырып, шабыт сыйлағымыз келеді. Форум аясында жас кәсіпкерлердің аудан әкімінің грантын иеленуі – соның берік негізі. Ауқымды шара барысында, сонымен қатар, еңбегімен ерекше көзге түскен белсенді жастар да марапатталды. Бұл оларды ынталандырады, қоғамдық жұмыстарға қызығушылықтарын еселей түседі деген сенімдеміз – дейді Осакаров аудандық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Хаджымұхамбет Әкімжанов.
Оның айтуынша, биыл грант көлемі ұлғайып, аудандық бюджеттен мақсатты негізде 3 миллион теңге бөлінген. Гранттан үміткер ретінде оннан астам жас кәсіпкер өтініш білдіріп, комиссия мүшелерінің таңдауы бес кәсіпкерге түскен екен. Олар – Қарағайлы ауылының тұрғыны Сергей Карташов, Осакаровка кентінің тұрғындары Сержан Аманбала мен Татьяна Попова, Молодежный кентінің тұрғыны Жадырагүл Бейсен және Трудовое ауылының тұрғыны Юлия Шах.
– Біздің ауыл үлкен жолдың бойында орналасқан. Күн сайын жүздеген көлік, мыңдаған жолаушы өтеді. Әйтсе де, ауылымызда жастар арасында сұранысқа ие жылдам тамақтандыру орны жоқ. Сондықтан, осы кемістіктің орнын толдыруды қолға алдым. Қазір лайықты ғимарат тауып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұтынушыларға ұсынылатын тағам түрлерінің мәзірін де әзірлеп қойдық. Аудан әкімінің гранты кәсібімді өркендетуге үлкен көмек болып отыр, ризашылығым шексіз, – дейді 500 мың теңге көлеміндегі грант иегері атанған Сержан Аманбала.
Жастар жылы аясында ұйымдастырылған салтанатты шара жергілікті өнерпаздар ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасып, мерекелік отшашумен түйінделді.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.
ОСАКАРОВ ауданы.