Жаңалықтар

Жас кәсіпкер – грантқа үміткер

Жас кәсіпкер болсаң, мемлекеттен көмек бар. Қапы қалма! Жылдағыдай биыл да Қарағанды облысы әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранттарына 100 миллион теңге бөлінді. Бір грант – миллион теңге. Байқауға қатысуға өтінімдер қыркүйек айында қабылданады.

«Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жас кәсіпкерлерге гранттар беру» жобасын облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп жүргізеді. Жобалық басқарудың мақсаты – Қарағанды облысында жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау.

Жас кәсіпкер немесе өз кәсібін ашамын дегендер бір айда құжаттар жинап, мамандардан кеңес алуына болады. Әрі қарай барлық бизнес-идеяларды арнайы комиссия қарастырады.

– Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Біз гранттарды бөлу тетігіне түзетулер енгізгіміз келеді. Гранттарды тек жаңа стартаптарға ғана емес, қолданыстағы бизнес[1]ті қолдауға да бөлуді жоспарлап отырмыз. Статистика көрсеткендей, барлық жас кәсіпкерлер ісін сәтті жүргізе бермейді. Сондықтан, қазірдің өзінде жұмыс істейтіндерге қандай да бір жетістіктерге қол жеткізуге көмектесу маңызды. Сондай-ақ, 7-8 басым бағытты анықтағымыз келеді. Олардың ішінде IT, қалдықтарды кәдеге жарату, мал шаруашылығы, қызметтер және басқа да салалар кіреді, – дейді облыстық жастар сая[1]саты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.

Грант алу шарттарының бірі жұмыс орындарын құру. Яғни, жұмыссыздардың арасынан немесе NEET тізімінен жастарды жұмысқа орналастыру. Грант алушы бұл міндетті қаражат бөлінген сәттен бастап бір жыл ішінде орындауы қажет. Бұдан басқа, грант жобаның бизнес-жоспарында көрсетілген мақсаттарға ғана пайдаланылуы тиіс.

Өткен жылы 800-ден астам өтініш келіп түсті. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша 100 қарағандылық грант алған.

– Кейде саны бар, сапасы жоқ жобалар кездеседі. Көптеген жобалар қаржылық жағынан да, экономикалық жағынан да пысықталмаған болады. Жобаны іске асыруға миллион теңге бөлінетінін түсіну керек. Бұл ақша өршіл жоспарларға жетпейді. Одан да назарды аз бюджетті жобаларға аударған жөн. Мысалы, бұл қоғамдық тамақтандыру, қосымша білім беру саласындағы қызметтер. Соңғы сала басымдыққа ие, өйткені биыл жан басына қаржыландыру енгізілді. Бұл дегеніміз баланың белгілі бір бөлімде оқуы үшін ақының бір бөлігін мемлекет төлейтін жоба. Сонымен, ісін жаңа бастаушы кәсіпкерге қосымша қолдау көрсетіледі, – дейді басқарма басшысы.

Егер, бұл сізді қызықтырған болса, жедел түрде Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесіндегі облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасынан немесе 8-701-122-24-63 телефоны арқылы ақпарат ала аласыз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button