Жас инженерлер Петербургқа барады
Облыс орталығындағы №101 мектеп-лицейде өткен облыстық «Болашақ инженерлер» байқауында дарынды оқушылар марапатталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» бөлімі аясында ұйымдастырылған байқаудың сырттай кезеңіне облыстың 103 мектебінен 100- ден астам оқушылар жұмыс ұсынған.
Байқаудың қорытынды кезеңіне қаланың 8 мектебінен 14 команда қатысты. Жас буынның ғылыми-техникалық шығармашылығын жетілдіру және ынталандыруға бағытталған сайыс автоматталған жобалау жүйесін меңгеру машығын арттырады. Оқушылар үлгіні 3D принтерімен компьютер арқылы сызып, кез келген техникалық жабдықты мүлтіксіз жасап шығарды. «Моделдеу» аталымы бойынша оқушыларға күрделілігіне қарай үш түрлі тапсырма ұсынылды, ал «Автомодельдеу» аталымында қатысушылар өздері жасаған автокөлік үлгісімен таныстырды. Оқушылардың төрт жұмысы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде «Модельдеу» аталымында №101 мектеп-лицейінің оқушысы Кирилл Кабуш және Осакаров ауданындағы №12 мектептің оқушысы Денис Пилецкий, ал, «Автомодельдеу» аталымы бойынша №101 мектеп-лицейінің оқушысы Никита Астахов, Қарағандыдағы №83 мектептің оқушылары Тимур Жүнісов пен Евгения Шульгина үздік деп танылды.
Есбол ӘРІНОВ, облыстық оқуәдістемелік орталығы директорының орынбасары:
– Бұған дейінгі сайыстарда №101 мектеп-лицейінің оқушылары үздік нәтиже көрсетіп, Санкт-Петербург қаласында өткен байқауда жеңімпаз атанып келген болатын. Жалпы облыс оқушыларының 3Д модельдеу сайыстарына құлшынысы – жоғары. Бүгінгі таңда оқушылар үшін қала мектептеріне модельдеуді үйрету үшін көлік жолы құрылғысы сатылып алынуда. Ол арқылы көліктерді 3Д принтерлерде жасап шығарады. Бүгінгі сайыста оқушылар автоматтандырылған техниканы пультпен басқаруда ерекше жобалар көрсетті. Жеңімпаз оқушылар болашағын модельдеу, машина жасау салаларымен байланыстырады.
№101 мектеп-лицейдің директоры Рахат Қазтаев инженерлік-техникалық мамандықтарға бейімдейтін байқау 2016 жылдан бастап 7-9 сынып оқушылары арасында өткізіліп келе жатқанын айтады. Лицей оқушылары бұған дейін Санкт-Петербург және Томск қалаларында өткен байқауда І орын жеңімпазы, сондай-ақ Дубайда өткен халықаралық конкурстардың жүлдегері атанған.
Алдағы уақытта «Модельдеу» аталымы бойынша байқаудың үздік жұмыстары Австрияда және СанктПетербург қаласында өтетін халықаралық үшөлшемді модельдеу байқауына жіберіледі.
Аяулым СОВЕТ.