Жаңалықтар

Жас инспекторлардың жеңіс жолы

Өскемен қаласында өткен Ғазиз Байтасов атындағы XX Республикалық «Жас жол инспекторлары» отрядтарының слеті мәресіне жетті. Байқауда еліміздің барлық өңірінен келген үздік командалар бақ сынады. Осы бәсекеде Қарағанды облысының намысын қорғаған №95 мектеп-гимназиясының командасы жоғары нәтиже көрсетіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Слетке Қазақстанның 20 өңірінен жас жол инспекторлары қатысып, Қырғызстаннан келген бір команда да жарыс көркін қыздырды. Слеттің басты мақсаты – балалардың жол қозғалысы ережелерін білуін тексеріп қана қоймай, қауіпсіз қозғалысты насихаттау, алғашқы көмек көрсету дағдыларын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру болды.

Жас инспекторлар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Олар жол қозғалысы ережелерін білу жарысында білімін көрсетті, жасанды жол қиылысында қозғалысты реттеді, велосипедпен кедергілерден өтті. Сондай-ақ, «Жас санитар» байқауында жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуді шынайы жағдайда орындады.

№95 мектеп-гимназиясының Жол қозғалысы ережелері клубының жетекшісі Светлана Швачкинаның айтуынша, команда оқу жылы бойы жүйелі дайындық жүргізген.

– Балалар тыңғылықты дайындалды, сондықтан, жарыс алдында тек материалды қайталадық. Ең күрделі кезең – «Жас эрудит» конкурсы болды. Онда, тіпті, интернеттен табылмайтын сұрақтар қойылды. Мысалы, «Үндістер шаршы шақырым сияқты өлшем бірлігі пайда болғанға дейін қашықтықты қалай өлшеген?» деген сұрақ. Олар оны тауықтың дауысымен, оқтың ұшуымен немесе табиғи белгілер арқылы есептеген, – дейді жетекші.

Көрермендер үшін ең әсерлі кезеңдердің бірі – жас санитарлар байқауы болды. Дәл осы кезеңде қатысушылардың жинақылығы, батылдығы және нақты іс-қимылдары бағаланды.

Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша Қарағанды командасы екінші орынға ие болды. Бұдан бөлек, жеке және командалық есепте түрлі номинациялардан жүлделі орындарға қол жеткізді. Команда жетекшісі Светлана Швачкина да марапатсыз қалмады – білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында өткен «Ашық үзіліс» номинациясында үшінші орынға ие болды.

– Әрине, біз бірінші болуды мақсат еттік. Дегенмен, жарыс – жарыс. Кейде бәрі жоспарлағандай болмайды. Алайда, балалар өзін лайықты көрсетті, нәтижеге біз ризамыз, – деді жетекші.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button